«Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалы кезекті жиынын Талдыбұлақтағы Х. Әбдіғұлов атындағы №34 мектеп-гимназиясында өткізді. «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле» деген ауқымды тақырыпта қамтыған іс-шараның басты мақсатының бірі – бала тәрбиесі мен отбасындағы ата-ананың орнын дәріптеп, осы бағытта аяғынан ақсап жатқан келелі мәселелерді көтеріп, олқылықтардың орнын толтыру. Белсенді ата-ана Зәмзәгүл Әубәкірованың ұйымдастыруымен жиналған қауымның бұл шарадан көкейге түйгені көп. Ата-аналардың психологиялық-педагогикалық білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында семинар-тренингтер, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі сияқты т.б. тақырыптарды алға тартқан филиал директоры Ұлан Алмазұлы, психолог Қуаныш Қуатқызы, лектор Әнуар Байқоныс, бірлестік қолдаушысы Сәнел Кәдірбек, журналист Меруерт Мәулетқызы секілді спикерлер сөз алып, отбасы құндылықтарының маңызды тұстарына тоқталды.
Ақпарат ағыны толассыз қарқын алған қым-қуыт шақтағы адам психологиясының тым күрделенген тұстары талқыға салынып, олардың шешу жолдары айтылған жиында ата-ана тарапынан қойылған сұрақ та аз болмады. Олардың дені фаббингке шалдыққан, яғни компьютер, гаджет, смартфон секілді электронды құрылғыларға тәуелді болған балаларға қатысты. Бұл тек балалар арасында ғана емес, ересек адамдар арасында да кең жайылған қоғамдық дерт екенін ескерсек, мәселенің мемлекеттік қана емес, әлемдік деңгейде көтеріліп, дабыл қағылып жатқанына да жете мән беру керек. Интернетті игерген еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін әлеуметтік желілерге тәуелді болып, тіпті өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналғаны ақиқат. Салдарынан түрлі қиын жағдайларға тап болып, арты жасөспірімдер арасындағы суицидтік жағдайлардың тым жиілеп кетуіне соқтырып отырған мына уақытта мәселені дер кезінде көтеріп, қоғамдық ортаға ой салып отырған бірлестіктің айтары анық, бағыты айқын. Құрылғанына жылдан асқан бірлестікке 62 837 ата-ана мүше болса, осы уақытқа дейін 70 050 аудитроияны қамтыған 12 020 іс-шара өткізіп үлгерген. Ел аумағындағы барлық облыстарда өз филиалдарын ашып, тіпті балаларды тәрбиелеуде смартфонсыз лагерь жұмысын жолға қойып, ата-аналарға үлкен қолдау білдіріп отырған бірлестік «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты республикалық және аймақтық деңгейде12 форум ұйымдастырған. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, тәрбиеге қатысты мәселе осынша маңызды болмаса, сонша жиынның өтпейтіні де түсінікті. Балалар жылына орай бірлестік бастамасымен республика бойынша өткен «FAMILY STEAM CHALLENGE – 2022» отбасылық сайысын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «STEAM LAB» компаниясымен бірлесіп ұйымдастыруы, Жамбыл облысында отбасы бірлігін арттыру мақсатында 400-ге жуық отбасының басын қосып, 800-ге жуық баланы қамтыған «Салауатты ата-ана мәдениеті» атты отбасылық марафонның өтуі осының айғағы десек қателеспейміз. Осы орайда бірлестік құрылтайшысы Нұркен Жарылқапұлы: «Әділдік, туралық, талапшылдық, жандану және әдепті өркениет сынды бес қасиетті бет түзер құбыласы ретінде ұстанған бірлестіктің басты миссиясы – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың психологиялық-педагогикалық білімдері мен дағдыларын арттырып, жан-жақты қолдау көрсету. «Баланың бас ұстазы – ата-ана» екені әуел бастан мәлім дүние болса да, оларға тәрбие берумен емес, тіршілігін түгендеумен айналысып кеткен ата-ана жауапкершілігін сезінуі керек», – деп есептейді. Бойына қазақы қалыпты бәрінен биік қойып, ұлттық рухты басты құндылық деп білетін азаматтың мемлекетке қол жайып қапрап отырмай, өз қаражатына осындай ауқымды істі қолға алған бірлестік ашудағы мақсаты – ұлттық мұрамыз бен қазақ халқының құндылықтарын ұрпақ игілігіне айналдыру болса керек. Рас, ата-ана мен бала арасындағы байланыс ешқашан үзілмеуі тиіс десек те, отбасына көңіл бөлмек тігілі, шөлмек көрсе шөліркеп, есірткіге есі кеткен ата-ана да аз емес. Ал олардың азабын арқалап отырған бейкүнә балалардың саны да күннен күнге артуда. Жұмысты сылтау етіп, бала тәрбиесін ұмыт қалдыратындар қаншама? Баласы балабақша мен мектепке баратын кейбір ата-аналардың сол балаға қатысты барлық жауапкершілікті тәрбиеші мен мұғалімге аударып тастайтынына да куәміз. Ал бос уақытында балаға қарамақ түгілі, телефонға телміргеннен қолы босамайтындарды да көріп жүрміз. Мұның артында тәрбиесіз өскен бала мен жазылмас дертке шалдыққан қоғам қасіреті тұрғаны айтпаса да түсінікті. Бұл ретте талбесіктегі тәрбие мен отбасылық құндылықтың орны бөлек екені нақтылауды қажет етпейтін басты қағида десек артық айтқандық емес. Бірлестік спикерлерінің сөзіне сүйенсек, Алматы қалалық Білім басқармасымен бірлесе жұмыс істеп отырған бірлестік пен басқарма арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылып, аталған құжат негізінде бірлестіктің идеялары мен бастамаларын ілгерілетуге, отбасы институтын дамытуға, саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруға, өскелең ұрпақты тәрбиелеу және білім беру саласында адами капиталды дамытуға ықпал етуге бағытталған тәлімді-тағылымды жобалар өз ретімен жүзеге асып келеді. Жылға жуық мерзімде 150-ден астам іс-шара өткізген Алматы филиалы қазақ отбасының үлгісін заман ағымына сай бейімдеп, өңірлердегі ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруда бала тәрбиесіне үлкен қолдау көрсетіп келеді. Басты миссиясы Алаш арыстарының мұраларымен үйлескен бірлестік олардың айтулы еңбектерін жарыққа шығаруды да қолға алған. 1909 жылы жарық көрген Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабы араға жүз жыл салып қайта жарық көруіне мұрындық болған бірлестік Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» және «Тәрбие жетекшісі» кітаптарын бастырып, оқырман қауыммен қайта қауышуына себепкер болды.
«PSYCHOLOGY» атты әлемдік үздік зерттеулер кітабы мен «Ізгілік педагогикасы» кітабын аударып, аталған 7 кітапты 10 000 данамен жарыққа шығарды. «Өшкен жанды, өлген тірілді» деген осы емес пе, ағайын!
«Ата-аналардың ыстық ықыласы бірлестік жұмысының алға басып, жандануына өз септігін тигізіп келеді. Бала тәрбиесіне қатысты күнделікті іс-шаралар арқылы халыққа, қоғамға қажет екенімізді сезіне білдік. Бір жыл бойы ата-анамен етене жұмыс жасай отырып, отбасындағы зорлық-зомбылық, балалар арасындағы суицид, буллинг қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі екеніне көзіміз жетті. Алдағы 2023 жылы осы мәселелерді шешу жолында күш салатын боламыз», – деген Қуаныш Қуатқызы: қоғамның бұзылуы мен түзелуінде ең негізгі рөл атқаратындар – ата-аналар. Бүгінгі қоғамдағы жағдай – кешегі ата-ананың жемісі. Сондай-ақ бүгінгі ата-ананың тәрбиедегі еңбегі – ертеңгі жаңа қоғамның көрінісі. Атам қазақтың «Не ексең, соны орасың» деген сөзінің сыры осында жатыр. Сондықтан «ата-ана» деген ұғымның қадірін арттырып, олардың саналы, салиқалы болуы жолында талай игі істерді ата-аналармен бірлесе атқаратын боламыз», – деп атап өтті. Маңызды мәселелердің мәйегін тарқатқан жиында ата-аналар тарапынан айтылған ой-пікірлерден олардың бала тәрбиесіндегі олқы тұстар мен кемшіліктерге деген алаңдаушылықтары анық байқалды. Өзара пікір алмасып, мамандармен ой бөліскен ортаның мұң-мұқтажы да тыңдалды. Көкейіндегі көп мәселенің тарқауына арқау болған бірлестікке ата-аналардың айтар алғысы шексіз. Алдағы уақытта бірлесе отырып бала тәрбиесі мен отбасы құндылықтарына қатысты талай түйткілдің түйінін шешетініне бек сенеміз. Жақсы дүниені тап басып танып, ата-аналар назарына ұсынып, осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырған мектеп ұжымына да дән риза болдық.
Жанбота Сұлтанмұратқызы