Болмысы бөлек НАЗ

Болмысы бөлек НАЗ

Жүрегі таза, жан-дүниесі сұлу адам өмірді басқаша қабылдайды ма деймін. Ішкі әлемі сезім мен сеніммен тұратын ондай жандардың ұғымындағы өмір – өздері сияқты мейірімді, көркем және сүйіспеншілікке толы. Наздың да өмірді қабылдауы осылай. Бүгінде бар-жоғы 8-сыныпта оқитын балғын қыздың болмысы инновациядан тысқары, цифрлық серпілістен ада.

Жалпы жастар жайлы сөз қозғағанда оларды өткеннің үлгісімен пішіп-жонуға әсте дайын тұрамыз. Олар біздің болашағымыз, сеніміміз деп аламыз да бірақ олардың әрекеттерін көп құптай бермейміз.

Ол заңдылық та.

Құндылық құнсызданып бара жатқан мына заманның жастары бұрынғыдан әлдеқайда бөлек, әлдеқайда зерек. Түрленген техникаға тап келіп, ақпараттық майданнан бірақ шыққан Z ұрпақ үшін бұл заман оңай тиіп жатқан жоқ. Бірақ, ата салтынан аттап кетпей, бесіктен алған тәрбиесін әлдилей білген, жұдырықтай жүрегіне ұлтына, салт-дәстүріне, әдебиеті мен мәдениетіне деген сүйіспеншілікті түйе білген жастар бар. Солардың бірі – Наз Ақжолтай. Ауданымызға қарасты Нұра ауылындағы №12 мектептің 8 «А» сынып оқушысы Наз алақандай ауылда жүріп Алатаудай биікті бағындырып жүрген талантты бойжеткен.
Жуырда Алматы облысында «Өз ғасырым өзімнің иінімде…» атты Төлеген Айбергенов оқулары өтті. Сол жарыста Наз топ жарып, республикалық байқауға жолдама алды.
Қазақ поэзиясында өзіндік стиль қалыптастырып, аз ғана ғұмырында артына өшпес мұра қалдырған ақынның бірі – Төлеген Айбергеновтің өлеңін оқуда алдына жан салмаған жүлдегер болашағын шығармашылықпен ұштастырады.


— «Өнер алды – қызыл тіл». Бұл жәй айтыла салған сөз емес. Мұны сөз қадірін, сөз өнерінің қасиетін ұғынатын кез-келген адам жақсы біледі. Иә, қазақ үшін қара өлеңнен асқан құдірет жоқ. Ұлтымыз ұлы өнер деп бағалайтын поэзияны бала кезімнен жақсы көремін. Сондай-ақ көркем әдебиетке де құмармын. Классиктердің шығармаларын оқығанды ұнатамын. Соның ішінде қазақтың шұрайлы, қаймағы бұзылмаған тілін қаз-қалпында көркем қолданған Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкей, сондай-ақ, Төлен Әбдік, Дулан Исабеков секілді жазушыларды биік қоямын. Әлем әдебиетінен де аздап ақтарып қарап шығатыным бар. Поэзияда, әрине, алдымен Абай атамызға жүгінемін. Ақиық ақын Мұқағалидың өлеңдерін жаттағанды ұнатамын. Қазіргі заманғы жас ақындардың ішіндегі жақсы ақындарды да оқып тұрамын, — дейді Наз өнерге ғашық жүрекпен.

Оқушылар арасында ақын шығармаларын насихаттау, поэзияға деген құштарлығын арттыру, жас талапкер ақындарға әлеуметтік-рухани қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған байқауға қатысқан замандастарынан оқ бойы оза шапқан Наздың бұл алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін де аудандық, облыстық байқауларда қара үзіп жүрген қарлығаштың баптауы әрі анасы, әрі ұстазы Гүлбаршын Кеңесбаева келгені анық.

— Жастар қай салада болсын жылдамдық, цифрлық серпілістер мен дәстүрлі білімді ұштастыра отырып, инновациялық жетістіктерді іс жүзіне асыруға дайын болғандықтан соңғы кездері технократ жастарды оқыту, тәрбиелеу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бірақ «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың һас жауы» деген сөз бекер айталмаған. Осындай игілікті, рухани іс-шараларға қатыстыру арқылы жас өскіннің бойына отансүйгіштік, ұлттық құндылықтарды сіңіре аламыз. Мұндай жас ел дамуына серпіліс әкеледі деген сенім зор, — дейді жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Кеңесбаева.


Қазақ шайыры Мағжан Жұмабаев: «Көздерiнде от ойнар, Сөздерiнде жалын бар, Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемiн!» деген. Ақынның жоғарыдағы жыр шумағын сәл тәпсірлесек, ол кез келгенге емес «көзінде, сөзінде, өзінде оты бар» жастарға сенем деп тұр. Яғни Абай атамыздың «Ішінде кімнің оты бар, қар жауса да сөнер ме?» дегені сияқты адамның жан дүниесіндегі рух бостандығы оның көзінен көрініп тұрады. Отты рух ұрпақтан ұрпақ жалғасып кете беретін аса қасиетті құбылыс. Қандай да бір елдің рухани еркіндігі – отты рухы (тәуелсіздігі) жастарымен өлшенеді. Наз сияқты жігерлі де ойлы жас осы отты рухты шыңдайды, жетілдіреді.

М.Мәулет