Жылына 200-ге жуық жер сілкінісі тіркеледі

Жылына 200-ге жуық жер сілкінісі тіркеледі

Ақпарат көздерінде бауырлас түрік елінде болған зілзаладан зардап шеккендердің нақты саны әлі белгісіз болғанымен, қаза тапқандардың саны 40 000-нан асқаны айтылуда. Ел азаматтары бас болып қолдан келген көмегін де жасап жатыр. Бірақ орны толмас өкініштің салдары ауыр, зардабы орасан. Сондықтан арда ағайынның қыр арқасына батқан қасіретіне ортақ екенімізді жеткізіп, қайғысына көңіл айтамыз. «Апат айтып келмейді» десек те, өкінішке қарай шырт ұйқыда жатқан елді қайғыға салған бұл зілзаланың жанға салған жарасы да жуықта жазылмасы анық.

Жойқын жер сілкінісі Алматыда алғаш рет 1887 жылы 9 маусымда тіркелді. Ол кезде қала Верный деп аталған. Таңғы 5-тер шамасында, қалада магнитудасы 7,3 балл болатын жер дүмпулері сезілген. Эпицентрдегі максималды күші – 9,10 балды құраған. Кіндік тереңдігі 20 шақырым. Шаһарда шамамен 30 мыңға жуық адам тұрған. Зілзала салдарынан 332 адам көз жұмды. Кейбір деректерде «Верный» апаты  деп аталған бұл жер сілкінісінде көз жұмғандардың басым көпшілігі –балалар.

лдегі мамандар пікіріне көз жүгіртсек, Түркияда бұған дейін де бірнеше рет жойқын жер сілкінісі болған.  Соңғы жер сілкінісінің магнитудасы 7,8 -10 балды құраған. Эпицентрі 100 мыңнан астам адам тұратын Эрзинджан қаласына жақын орналасқан. 1992 жылы 13 наурыздағы жер сілкінісі де 7-8 балл шамасында болған. 1999 жылы 17 наурызда болған Измит жер сілкінісінің күші шамамен 7,6 балды көрсеткен. Ол кезде де зілзала зардаптары мен адам шығыны аз болмаған.  Мамандар пікірінше, мұндай апатты дүниежүзінде алдын ала болжау өте қиын. Қазір әлем ғалымдары афтер сілкіністер үздіксіз жалғасып жатқан Түркияда жер сілкінісі қайталануы мүмкін бе деген мәселені талқылауда. Дүбірге толы дүниеде әлем елдерін әбігерге салған дүлей дүмпулер аз болған жоқ. Алайда Түркия мен Сириядағы зілзала зардабын көзімен көріп отырған алматылықтардың Алматы аумағындағы сейсмикалық ахуалға айрықша алаңдаушылық танытып отырғаны белгілі. Өйткені алып қала сейсмикалық тұрғыда тұрақсыз аймақ болып есептеледі. Миллиондар мекен ететін мегаполистің сейсмикалық ахуалы туралы сала маманының пікіріне зер салыңыз. Бұл ретте ҚР ТЖМ сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков: «Еліміздің өнеркәсіптік әлеуетінің 40%-ы оңтүстік-шығыс аймақтарда орналасқан. Сондықтан бұл аймақтар сейсмикалық белсенді, сәйкесінше қауіпті болып саналады. Негізінде Шығыс Қазақстан облысынан бастап, Қызылорда облысына дейінгі аумақтарда  жерасты дүмпулері 7-9 балға дейін жетуі мүмкін сейсмикалық қауіпті жерлер бар. Бұл жағынан алғанда Орталық Азияда, әсіресе Алматы облысы өте қауіпті аймаққа жатады. Мәселен, 1887 жылғы «Верный» жер сілкінісі және 1911 жылғы «Кемин» жер сілкінісін айтуға болады. Қазіргі таңда сейсмологтар сейсмогендік аймақтардың сейсмикалық әлеуетін анықтау мақсатында жалпы сейсмикалық аймақтарға бөлу карталарын әзірлеуде. Соңғы бес жылда Қазақстан аумағында 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелді. Осыған байланысты 66 сейсмикалық оқиға тіркелді. Нақты мәлімет бойынша, тек 2018 – 20, 2019 – 11, 2020 – 15, 2021 – 11, 2022 – 9 мәрте жер асты қозғалыстары тіркелген. 2022 жылдың 28 желтоқсанында Алматыда сезілген соңғы жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан 190 шақырым жерде Қырғызстан мен Қытайдың шекаралас жерінде орналасқан», – деген маңызды мәліметті жеткізді.


Маман пікіріне сүйенсек, сейсмология институты Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды жасап, уәкілетті органдарға тапсырған. 200-ден астам болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылған қорытынды бойынша 2023 жылы Алматы полигоны аумағында 7 балдық күшті жер сілкінісі күтілмейді. Тек Алматы аумағы емес, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетінің 40%-ы сейсмикалық қауіпті нүктеде орналасқан. Елімізде Шығыс Қазақстан облысынан бастап, Қызылорда облысына дейінгі аумақта жерасты дүмпулері жеті-тоғыз балға дейін жетуі мүмкін қауіпті жерлер аз емес. Ал ҚазАқпарат агенттігінің ақпары бойынша Алматыда жылына 200-ге жуық жер сілкінісі тіркеледі. Алматы қаласы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Бұл туралы хабарлаған өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлім еткен қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Әлібеков: «Жыл сайын қалада 200-ге дейін әлсіз, сезілмейтін жер сілкінісі болады. Бұл ретте күші 2-4 балға дейінгі жер сілкінісі Алматы үшін фондық режим саналады», – деді. Сенатта өткен парламенттік тыңдауда ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр: «Алматыдағы сейсмикалық жағдайға тоқталайын. Бүгінде Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты (КазҚСҒЗИ) жұмыс істейді. Ол тарихи түрде сейсмикалық аймақтағы ғимараттарды жобалау мәселесіне жауапты. Олардың сараптамасы бойынша және бізде құрылыс нормаларына сәйкес нысандар салынған. Менің ойымша, қазір алаңдауға негіз жоқ. Тиісті жауапты тұлғалар бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатыр. Олар өз жұмысына жауап береді әрі тиісті құжаттарға қол қояды», – дегенді алға тартты.
Ал аталған мәселе бойынша зерттеу жасаған журналист Арман Октябрьдің ақпарынша, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қаладағы ғимараттарды сейсмологиялық күшейту жұмыстары жүріп жатқанын, жаз айларында Алматыда сейсмикалық аудит жүргізудің жаңа кезеңі басталатынын жеткізген. «Алматыда 2020-2021 жылдары жаңа тектоникалық жарықтар пайда болды. Жаңа бас жоспарда барлық қажетті талап, соның ішінде қауіпті жерлер ескерілген. Абай даңғылының жоғарғы жағы 10 балдан жоғары, Абай даңғылының төменгі жағы 9 балл шамасында болуы ықтимал» деген ақпартты атап өткен.

1910 жылы 22 желтоқсанда Алматы тарихында екінші рет жойқын жер сілкінісі болды. Магнитудасы – 8,2 -9 балдық жер сілкінісі кезінде 44 адам қаза тапқан. «Кемин» апаты деп танылған бұл жер сілкінісінде қираған ғимараттарда есеп болмады. Себебі жер тербелісінен соң көшелер қақ айырылып, тереңдігі адам бойымен бірдей жырықтар пайда болған.Осы зілзала салдарынан 776 үй қирады деген мәлімет бар. Ал үйінді астында қалған 200-ге жуық адам жарақат алған болса, оның 18-і ауыр. Көмекке мұқтаж адамдардың жалпы саны 3 500-4 000 адамды құраған.

«Алматыда салынғанына жарты ғасырдан асқан, тіпті 70-80 жылға таяған тұрғын үйлер мен ғимараттар аз емес. Дүлей дүмпу түгілі, қит етсе қисайып қалатын сапасы төмен құрылыстарды көзімізбен көріп жүрміз», – деген журналист, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Бегман Құлбаевтың пікірін келтіріп, қаладағы құрылыстарға жүйелі мониторинг жүргізіліп жатпағанын алға тартады. Онда Б. Құлбаев: «Біздің ұйым соңғы екі жылда 11 мыңға тарта нысанның сейсмикалық жағдайын тексерді. Дербес нормативтік құжаттардың талаптары қатаң сақталуға тиіс. Өкініштісі, 11 мыңнан астам үйдің 35%-ы сейсмика талабына сай емес, яғни қайта жөндеу жұмыстары қажет. Дегенмен бұл жерде қаладағы барлық нысан қамтылмаған. Осы істі кешеуілдетпей жалғастыру керек. Ал «хрущевка» саналатын үйлер толық бұзылуға тиіс», – деген. Аталған АҚ-ның басқарушы директоры Ералы Шоқпаровтың пікірінше, кеңес заманында салынған панель үйлер зілзалаға төзімді. Ал үй жоспарын өз бетінше өзгерту әрі қайта күшейту жұмыстарына мән бермеу – тұрғындардың өздеріне-өзі жасаған қиянаты. Бұған кәсіпкерлердің үнемшілдігі мен құрылыс материалдарының сапасыздығын қосыңыз. Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы президентінің орынбасары Виктория Тен 2006 жылдан кейін жаңа талаптарға сай салынған үйлер негізінен табиғи апаттарға төзімді екенін айтады. Дегенмен 2017 жылы бекітілген сейсмикалық аймақтардағы құрылыс ережесіне сүйеніп, оған дейін тұрғызылған ғимараттардың беріктігін тексерген жөн. Бұл ретте маман құрылыстың орналасу орны, топырақ құрамы, іргетастың жағдайы негізге алынатын алға тартады. Құрылысшылар тілге тиек еткен тағы бір дүние – темірбетон қаңқалы, жоспары өзгеріссіз қалған үйлердің төзімі берік. Ал ағаш үйлер мен кірпіштен салынған кейбір ғимараттардың жағдайы тексерістен кейін белгілі болады. Апта бұрын Алматының Әуезов ауданы тұрғындарымен өткен кездесуде: «Егер қалада жаңа тұрғын үй салатын болсаңыздар, орталыққа тиіспеңіздер, өйткені бұл – біздің тарихымыз», – деп ұсыныс айтқан азаматқа Ерболат Досаевтың: «Орталықты қазіргі қалпында сақтаймыз десек, адамдар 1940, 1960 жылы салынған коммуникациялармен өмір сүретінін есте ұстауымыз керек. Біз тарихи келбетті барынша сақтауға тырысамыз, бірақ модернизация сөзсіз жүзеге асады, өйткені тұрғындар басқалар сияқты өркениеттің барлық игілігін қолданғысы келеді. Өкінішке қарай, панельді үйлерді жаңарту мүмкін емес, өз кезінде АДК, Алматы үй құрылысы комбинаты салған, бұл үйлер – тарих, бірақ оларды бұзу керек. Өйткені 25 жылдан астам уақыт бойы біз өскен шағын аудандардағы панельді үйлер ұзаққа төтеп бере алмайды», – деп жауап бергенін де жеткізген журналист А.Октябрь: «Әлбетте, халықтың амандығы қаланың тарихи келбетін сақтаудан маңызды. Дей тұрғанмен бұл тұста айрықша мән беретін мәселе аз емес. Құмырсқаның илеуіндей қабаттастыра салынған құрылыстар ашық алаңқайларды тарылтып, қауіпсіздік мәселесін қиындататынын ұмытпауға тиіспіз», – деп көптің көкейіндегі тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйін жасады.
Сейсмологтардың сөзінше, Алматы маңында тектоникалық жарықтары бар 27 нүкте анықталған. Оларға кем дегенде 500 метр жақын аумаққа құрылыс жұмыстарын жүргізуге мүлде болмайды.

ҚР ТЖМ сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков: Соңғы бес жылда Қазақстан аумағында 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелді. Нақты статистикамен айтар болсам, 2018 жылы – 8500,  2019 жылы – 7800,  2020 жылы – 9500, 2021 жылы – 6700, 2022 жылы – 6900 түрлі деңгейдегі жер асты дүмпулері орын алған. Бұл геологиялық аймақтың сейсмикалық фоны, немесе сейсмикалық өмірі деп айтуға болады. Яғни бұл жиі кездесетін нәзік треморлар.


Залалы мен зардабы көп бірнеше зілзаланы бастан кешірген Алматы аумағында аспанмен таласқан алып ғимараттарды салуға болмайтынын сала мамандары қанша айтса да оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Бұл ретте қоғам белсендісі Асхат Асылбековтің мына пікірін келтіре кетейік: «Кеңес заманында 25 қабатты «Алматы» қонақүйі сынақ ретінде салынып, оның өзі арнайы қондырғылармен, берік құрсаулармен бекітіліп бой көтерді. Негізінен Алматыда тоғыз қабаттан биік үйлер салуға болмайды. Өкінішке қарай қазіргі таңда бұл қағида ескерілмей отыр. Шаһардың ең қымбат ауданына баланатын әл-Фараби даңғылының жоғары бөлігі құрылыс жүргізуге аса қауіпті жолақта орналасқан. Бізге де Жапония секілді табиғат апатына бейімделген мемлекеттердегідей арнаулы стандарттар қажет-ақ. Елімізде жер сілкінісін зерттеу 1920 жылдары қолға алынған. Тек 1976 жылы ғана ғылыми-зерттеу институты құрылды. Мамандар озық елдердің әдістерін өз жеріміздің ерекшеліктеріне бейімдеп қолданып келеді».
Ауданымыздың сесмикалық ахуалына келсек, Талғар ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Еркебұлан Серікұлы: «Талғар ауданына қарасты жалпы 47 елді мекен 10 ауылдық округке біріктірілген және бір қала бар. Бұл аумақтар алда болуы мүмкін ықтимал жер сілкіну жағдайының қарқындылығы шкала бойынша 2 балдан жоғары ауданға жатқызылады. Талғар ауданында эвакуациялық комиссия жұмыс істейді. Төтенше жағдай бола қалса халықты эвакуациялау, яғни қауіпсіз жерге шығару осы комиссияның шешімімен анықталады. Ол жер сілкіністерін есепке алып, дабылды ескертулерді жіберетін Қазгидромет орталығымен бірлесе қызмет атқарады. Барлық болжамды ресми ақпарат сол тараптан келеді. Төтенше жағдайлар бөлімінің басты міндеті – болжамды жағдайлардан халықты хабардар етіп, түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу. Сондықтан мектептер мен жоғары оқу орындарды, маңызды стратегиялық және әкімшілік құрылыс нысандарында арнайы тактикалық оқу-жаттығу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Апатты жағдайлар болған кезде халықты ауданның кәсіпкерлер бөлімі материалдық қажеттіліктермен қамтамасыз етіп, азық-түлік, киім-кешек және гигиеналық керек-жарақты жеткізуі үшін 5 келісімшарт жасалған. Ауданымызда радиоактивті, химия-биологиялық қауіп тудыратын нысандар жоқ. Біз негізінен қандай да болмасын апатты жағдайларда үйлер мен ғимараттардағы табиғи техногендік өртті сөндіру жұмыстарымен айналысамыз», – дегенді алға тартты. Біздің мақсат елді қорқыту емес, тек «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген қазақы тәмсілді еске салып, «Сақтансаң, сақтаймын» деген қағиданы есте сақтайық дегенге саяды. Сондықтан «Керек тастың ауырлығы жоқ» деп, қолдан келген, естіп-білген бірер ақпарды өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдік.

 Жанбота Сұлтанмұратқызы