Қардың көбесі сөгіліп, қазақстандықтардың жыл сайынғы маусымдық уайымы басталды. Төтенше жағдай министрлігінің алдын ала таратқан болжамы бойынша су басу аймағында қалу қаупі төніп тұрған елді мекендер саны да айтарлықтай көп. Талғар ауданына қарасты жазықта орналасқан Жалғамыс ауылы – тасқын су басар арқыраған өзені жоқ болса да, «күн жаумай су болып отырған» көптеген ауылдардың бірі.
Өйткені ойлы-шұңқырлы ауыл көшелері жасалмаған. Ең болмаса тас та төселмеген. Күз бен көктем маусымдары басталып, нөсерлетіп жаңбыр төкті дегенше, кішігірім «Венецияға» айналып шыға келеді. Ауылдық округ әкімі халықпен өткізетін есептік кездесуінде де, ауыл тұрғындарының талабы бойынша өтетін мәжбүрлі жиналыста да «Менің қолымда не тұр? Облысқа, берісі ауданға арыз жазыңдар, сұраңдар, талап етіңдер» дегеннен әріге бармайды. Оның «қол жинап, арыз жазсаңдар, автобус та бөлдіртем, жолға қаражат та алдыртам, тағысын тағы…» деген құрғақ уәделерінен халық шаршап бітті. Қазірше тоңнан жерге сіңбей, жинала жайылып ауыл көшелерін басқан су ауыл халқының, балалардың табанынан сыз болып өтіп тұр. Ол сыздың салдары да салмақты. Ал ертең күн жылына келе көктемгі батпақ қосылғанда, күнде кір жуумен кететін шығындарды тізбелеп көрелік. Әрі ол кездегі батпақ та жылы болмайтыны бесенеден белгілі. Оған күн сайынғы су шығыны, кір жуғыш ұнтақ пен сабынды қосыңыз. Тозған жүйке туралы жақ ашпай-ақ қоялық. Бұлардың барлығы аз десеңіз, мектепке батпақ басып, лай кешіп келген балаларға ұстаздар да жұмсартып айтсақ, ренжиді: «Мынадай балшық киіммен неге келесің?» деп. Ауыл көшелеріне әзірге алдымен ірі балласт, қиыршық тасты, тас-құм төсеп орнықтырып, содан соң асфальттау керек. Әбден ашынған халық «тегі айнадай қылып асфальт төсемесе де, жүріп тұрғанымызда толарсақтан саз кешпестей етіп, тас-құмдарын жайып, таптап берсе екен» дейді. «Айғайлай-айғайлай қасқырдан да ұят болды» дегендей, амалы таусылған тұрғындар соның өзіне разы болар едік дейді. Жақында ғана, яғни ақпанның 16-сы күні Жалғамыс ауылын құрамына кіретін Қайнар ауылдық округының әкімі Нұрболат Манапбаев Жалғамыс тұрғындарымен кездесу өткізді. Жүздесу барысында ауыл халқының өзекті сауалдары талқыланды. Атап айтқанда ауыл көшелерін жарықтандыру, тас төсеу, асфальттау, газдандыруға қатысты, автобус бөлгізу, жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беру сияқты мәселелерге қатысты жайттарға жауап қайтарды. Осы мәселелер бойынша айтар болсақ, ауыл халқы пандемия бастала сала тоқтаған қалаға қатынайтын автобус пен маршрутты қайта қалпына келтіру туралы арыз жазып, қол жинап, облыстық әкімшілікке өткізді. Өткен аптада, ақпан айының 10-ы күні. Әзірше жауап күтіп отырмыз. Газдандыру жөнінен газ ауылға келді, халықтың алды қосылып, қызығын көріп те бастады. Көшелерді жарықтандыру үшін бағаналар орнату жұмыстары жердің тоңы жібігенше күтетінін айтты. Дәл қазіргі таңда халық үшін күйіп тұрған мәселе – бірнеше көшені бірақ жайлап, көлшік-көлшік болып жатқан ауылдың ішкі көшелеріне тас төгу. Әрине халықтың алдымен көретіні және жиі кездесетіні ауылдық округ әкімі болғандықтан, бар ренішін соған арнайтыны сөзсіз. Бұл мәселенің берісі аудан, әрісі облыс әкімдігінің бұйрық-пәрменімен шешімін табары да анық. Осы мақала жазылып жатқанда, Алматы облыстық прокуратурасынан: «Ағымдағы жылға Жалғамыс ауылындағы жолдарды жөндеуді сұраған арыздар қабылданды. Қазіргі таңда қаражаттың бөлінуі күтіліп отыр. Жөндеу жұмыстары ақшаның бөлінуіне қарай жүзеге асырылатын болады», – деген жауап келді. Күту үшін жаралған халықпыз ғой. Күтеміз.
Бейбіт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ