Ақпан айының ортасында Тұздыбастау ауылдық мәдениет үйінде қаламгер, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін салушы, драматург, Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ детектив жанрының атасы» атты әдеби конференция өтті.
Шараға жазушының көзін көріп, дәмдес болған танымал тұлғалар жиналды. «Құлансаз» ансамблі қонақтарды күмбірлеген күймен қарсы алды. К. Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығынан дерек беретін көрме ұйымдастырылды. Онда қаламгердің «Солдат соғысқа кетті», «Соңғы соққы», «Замандастар сыры», «Түнде атылған оқ» сынды кітаптары мен кемелтанушы ғалымдардың туындылары қойылды. Сонымен қатар ардагер жазушының бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған нақыл сөздері көрмеге көрік қосты. Жазушының соғыс жылдары түскен суреттері, құжаттары, ерлігі мен еңбегінің куәсі болған төсбелгілері тарихтың терең қатпарынан сыр шертті. 1944 жылы екінші дүниежүзілік соғыста майдандас достарымен түскен суреттің артындағы жазба арқылы жазушының латын тілін жақсы білгенін аңғардық. Сондай-ақ көрмедегі картада Ұлы Отан соғысында солдат К. Тоқаев болған елдер мен басып өткен жолдары айшықталып көрсетілген. Әдеби конференция К. Тоқаев туралы деректі фильммен басталды. Онда бала кезінен тағдырдың тауқыметін тартқан тұлғаның туған ауылы мен ата-анасы және жалғыз сүйеніші болған ағасынан қалай көз жазып қалғаны туралы айтылды. Қару асынған солдаттың қан майдандағы ерлігі мен екінші топтағы мүгедек болып оралған жаралы жауынгердің соғыстан кейінгі ауыр тұрмысы да көрніс тапты. 1945 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, қарапайым тілшіден бас редакторлыққа көтерілген тұлғаның білімге деген ізденісі мен табандылығы жұртшылықты тәнті етті. Тұңғыш жарық көрген «Жұлдызды жорық», «Соңғы соққы» атты кітаптарының жазылуына себеп болған тарихи шындық та сөз болды. Аудан әкімі Таңат Айдарбеков жиналған қауымды мерейлі сәтімен құттықтап: ««Ер – елдің қорғаны, намыс – ердің қорғаны» – дейді дана халқымыз. Кемел Тоқаев – елі үшін еңбек еткен ерен тұлға. Ол шығармаларына тұтас бір ұлттың тағдырын арқау етті. Ұлтының басына төнген қасірет елін сүйген кез келген азаматты ойландыратыны анық. Өзі өмір сүрген аласапыран заманның ақиқатын том-том кітап етіп қалдырды. Отан үшін адал перзент, отбасы үшін аяулы жар, үлгілі әке бола білген үлкен жүректі, жайсаң жанның өмір жолы баршаға үлгі-өнеге. Артында үрім-бұтағы, өлмес шығармалары барда оның аты өшпейді», – деді. Әкім «Кемел ағаның аманаты» атты кітап жазып, қоғамның рухани әлеуетін арттыру жолында қосқан үлесі үшін Бақтығали Айжігітовке алғысын білдіріп, дәстүрімізге сай шапан жауып құрмет көрсетті. Игі істің басы-қасында жүрген Республикалық Ұлттық кітапхананың директоры Бақытжамал Оспанова қазақтың біртуар ұлының мерейтойы Ыстамбұл, Ташкент сынды қалаларда жалғасатынын жеткізді. Сондай-ақ Ұлттық кітапханада К. Тоқаев туралы 2000-нан астам дерекқорының бар екенін еске салды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесіне арнап жазған «Әке туралы толғаныс» атты кітабын Талғар аудандық орталық кітапханаға сыйға тартты. Майдангер жазушының замандасы Қалижан Бекқожиннің жары Зиада Бекқожина үзеңгілес қаламгерлердің өткен өмірі туралы үзік сыр шертіп: «Кемел аға жаны жайсаң, мәрт адам еді. Шығармаларына тек шындықты арқау етті, еш қайсысын ойынан құрастырған емес. «Таңбалы алтын» романы 100 000 данамен басылып, бір-екі айдың ішінде-ақ біреуі де қалмай сатылып кетті. «Көмескі із», «Түнде атылған оқ» үш рет, «Қастандық» төрт рет, «Арнаулы тапсырма » үш рет қайталанып басылды. Кітаптары дүкен сөрелерінде шаң басып тұрмайтын, үнемі оқырман қолында жүретін. Ол – заманының заңғар жазушысы. Дастарқан басында шай құйып отырып ұзақ әңгімелерін жалықпай тыңдайтынмын», – деп өткен күндерді толғана еске алды. Қазақтың ғұлама ғалымы Әлікей Марғұланның қызы Данелия Әлікейқызы да бақытты балалық шағын еске ала отырып, кемел тұлғалардың көркем бейнесін суреттеді. Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін, кейінгі ұрпаққа аманаттаған ой иірімдері мен танымал тұлғалардың К.Тоқаев туралы жазған пікірлерінен тұратын «Кемел ағаның аманаты» атты кітаптің авторы Бақтығали Айжігітов шараның мән-маңызына тоқталып былай деді: «Кемел ағаның көзін көріп, әңгімесін тыңдап, роман, повестерін оқып өстім. Бала кезімде үйімізге жиі бас сұғатын. Әкем екеуі арқа-жарқа әңгімелесіп, ой бөлісетін. Қарғадай ғана бала болсам да әңімелерін тыңдаудан жалықпайтынмын. Кемел аға туралы алғашқы шығармамды мектеп қабырғасында жүргенде жазғанмын. Алайда оның шығармаларымен өмірін терең зерттеп, зерделеп қағазға түсіре бастағаныма 15 жылдың жүзі болды. Майдангер жазушының роман повестері елді, жерді сүю, Отанды қорғау, парақор, надандықпен күрес тақырыбында жазылған. Оның «парақорлар мен жемқорлар – қылмыскерлер, оларды қатаң жазалау керек!» деген сөзі бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осы шараны өткізудегі басты мақсатымыз – жастарымызға қаламгердің шығармаларын, ұлтжандылығын насихаттау арқылы елі мен жері үшін қызмет ететін адал перзент тәрбиелеу керек деген ойымен бөлісті. Сонымен қатар автор К.Тоқаевтың шығармаларын әлі де терең зерттеу керек екенін айтып, алдағы уақытта қаламгердің жарыққа шықпаған туындыларын, жазушы туралы тың деректерді қамтитын тағы бір кітап жазу ойында бар екенін жеткізді. Сондай-ақ жазушының ұлы Қасым-Жомарт Тоқаев басшылық етіп отырған қазақ елінің болашағы нұрлы екеніне сенім білдірді. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы Кемел Тоқаевты «Детектив жанрының атасы» десе, халық қаһарманы Қасым Қайсенов «Көркем сөздің шебері» деп атаған. Ұлыларымыз биік баға берген жазушыны болашақ ұрпақ та ұлықтары анық. Ал оның әдебиетімізге тыңнан салған түрені детектив жанрын дамытып, болашаққа жеткізу бүгінгінің міндеті.
Зорагүл Әбдіқадір