Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Нұрдәулетұлы Ақдала ауылының тұрғындарымен кездесті. Аталған жиында ауыл әкімі өткен жылды қорытындылап, осы жылы атқарылатын жұмыстарды талқыға салды.
Кеңдала тұрғындарының түйткілді мәселелерге қатысты сауалдарына жауап беру үшін Алатау жарық компаниясының өкілдері мен жергілікті полиция қызметкерлері шақырылды. Әкімнің ел алдында есеп беруін көптен күткен тұрғындар мұң-мұқтажын, ауыл мәселесін жеткізуге тырысты. Солардың бірі Ақасық көшесінде тұратын Баян Дәуталиева ауыл халқын алаңдатқан ит мәселесін алға тартты. Қаптап жүрген иттерден зерезеп болған тұрғындардың жанайқайын жеткізген ол: «Есейіп қалған балаларымызды мектепке жалғыз жібере алмаймыз. Бар шаруамызды жиып қойып балаларымызды тасумен әлекпіз. Ауылда алаңсыз жүретін күн бар ма?», – деп налыды. Алайда аталған кездесуге бұл мәселеге жауап беретін мамандар келмеді. Өткен жылы Талғар ауданы ит аулау бригадасының мамандарымен бірге ауылды аралаған Алмас Өмірзақов ауласында 15-20 ит ұстап отырған адамдардың бар екенін, ол жерге ешкімді кіргізбеу үшін суық қару ала жүгіргеніне куә болғанын да баяндады. Қазығұрт көшесінде тұратын Нұргүл Сүлейменова өзі тұратын көшенің батпақ болып жататынын айтып, көктемде қар еріп, жаңбыр жауса аяқ алып жүру мұң болатын жолдың жайын былай жеткізді: «Сабаққа кеткен балалардың үсті-басы батпақ болып, үйге зорға жетеді. Аяқ киімдері үнемі жуылатындықтан көпке шыдамайды. Бір үйден 3-4 баласы оқитын көпбалалы отбасыларға қиын. Қайта-қайта киім ауыстыру түгілі, ішер асын әрең тауып отырғандар да бар». Бұл пікірдің орынды және «Судың да сұрауы бар» екенін айтқан Алмас Нұрдәулетұлы: «Маған сенім артып, басшы етіп сайлаған халқыма көп нәрсе істеп бергім келеді. Осындағы жолдың жайын бес саусақтай білемін. Өткен жылы облыс әкімінің қабылдауында болғанда бұл мәселені ашып айтып, шұғыл шешілуі тиіс мәселелер қатарына кіргіздік. Кеңдала ауылдық округіне қарасты 4 ауылда 112 көше болса, оның 27-сі Ақдала ауылында. Өкініштісі мұнда тек 3 көшеге ғана асфальт төселсе, 16 көшеге қиыршық тас төгілген. 8 көше баптақ күйінде жатыр. Қалған көшелерді тұрғындар өздері тегістеп, тас төсеп жасап алған. Осы жылы бөлінген қаржыға қарай орталық көшеден бастап біртіндеп жасаймыз. Биыл мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға осы жолдарды жасауға тырысамын. Алайда бөлінген қаржы жетпей жатса, демеуші арқылы бұл шаруаны шешуге уәде беремін. Өткен жылы Кеңдала ауылына жасалған балалар алаңқайын жылға жетпей тонап, тоздырды. Бұл – өз дүниесін өзі тонау деген сөз. Қаншама қаржы жұмсалған алаңқай керексіз болып қалды. Балаларымызға тиесілі дүниені қорғау – ауыл адамдарының ортақ борышы», – деп ауыл халқын береке-бірлікке шақырды. Берік Бекенұлы ауылға алғаш газ берілгенде көгілдір отынға қол жеткізуге болатын тиімді бағдарламадан қағыс қалған ауылдастарының мұңын арқалай келіпті. Барар жер, басар тауы қалмаған азамат қанша мекеменің есігін қаққанымен, шаруасы шешілмепті. Енді тек қомақты қаржы жұмсау арқылы үйіне газ кіргізуге болғанымен, мұндай қаржыны қалтасы көтермейтінін жеткізді. Ал ауыл әкімі өткен жылғы жылыту маусымына зорға үлгерген бұл жобаның кемшін тұстары көп болғанын айтты. Салдарынан көптеген тұрғындардың көгілдір отынға қол жеткізе алмағанын, сондай-ақ бір жолғы жеңілдік аяқталғанын, енді тек қомақты қаржы жұмсауға тура келетінін алға тартты. Ауыл тұрғыны Дария Сулайева 40 шақты отбасының түйткілді мәселелсін тілге тиек етіп: «Ауылда электр қуаты тым төмен. Тұрмыстық техникаларымыз күйіп кетті. Мұндағы үйлер қамыстан жасалған. Қурап тұрған қамыстарға от түссе бүкіл үй отқа оранады. Жанымызды әрең бағып отырғанда баспанасыз, далада қаламыз ба деп қорқамыз. Жаңа құрылыс электр жарығын бізден алып отыр. Оларға жеке генаратор керек. Сонда ғана бұл мәселе шешімін табады. Үш жыл бойы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығынан жауап ала алмай келемін. Ендігі үмітім сізде. Сонымен қатар тағы бір мәселе – 2021 жылы ауылға газ кіргізгенде екі-үш жыл бұрын ғана төселген асфальтті қопаруға тура келді. Көшелерді қалпына келтіруге тиісті мердігер мекеме Сырдария мен Қарқара көшесін сол күйі қалдырып кетті. Бұл мәселелер бойынша сол жылы қаржы бөлінген. Қаржы қайда? Жемқорлықтың зардабын неге қарапайым халық тартуы керек? Көшемізді көріңіз, автобус аялдамасы жоқ. Қоғамдық көлік жол шетіне тоқтаса, жолаушылар арықтың ішіне түсіп тұруға тура келеді. Ал қарсы бағыттағылар қоғамдық көлікке отыру үшін баптақты басып кері шегінеді. Біз ешкімнен артық дүние сұрап тұрған жоқпыз. Өз хақымызды талап етіп отырмыз. Осы күнге дейін бірі ақша жинап жолын жамаса, екіншісі бала-шағасының аузынан жырып су тартады. Тіпті жауапсыздардың кесірінен беріліп тұрған игіліктен құр алақан қаламыз. Жаңа Қазақстан деп жалаң ұранмен айқайламай, сөзден іске көшетін уақыт жетті», – деді ашынып. Кеңдала ауылдық округіне екінші рет әкім болып сайланған Алмас Нұрдәулетұлы өз ауылындағы барлық мәселеден хабары бар екенін байқатты. Өткен жылы орнатылған трансформатрдың соңғы тексерісі аяқталған соң қолданысқа беріліп, ауыл мен жаңа құрылыстағы электр тоғының жетіспеу мәселесі түбегейлі шешімін табатынын алға тартты. Ал қоғамдық көлік аялдамаларына қатысты мәселелер алдағы уақытта шешіледі деп сендірді. Қай ауылға барсақ та тұрғындардың айтатыны – жол, газ, электр жарығының мәселесі. Көл-көсір байлығы мен ұлан-ғайыр даласы бар халықтың жайлы жолға, таза суға жарымай жүргені үшін кімді кінәлаймыз?…
Зорагүл Әбдіқадір