Үміткерлерге қойылатын талаптар:
Мәжіліс депутаттығына кандидат ҚР азаматы болуы;
соңғы 10 жылда ҚР аумағында тұруы;
кем дегенде 25 жаста болуы керек.
Мына азаматтар депутат бола алмайды:
сот іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған;
сотталғандығы өтелмеген немесе алып тасталмаған;
сыбайлас жемқорлық және құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот арқылы заңда белгіленген тәртіппен танылған адам.
Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Үміткерлерді ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпан 18.00-ге дейін жалғасты. Жеке үміткерлер мен партиялық тізімдерді тіркеу 18 ақпан күні сағат 18.00-де аяқталады.
2022 жылғы жалпыхалықтық референдумнан кейін мәжіліс сайлауын өткізу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілгені белгілі. Осыған байланысты 19 наурыз да өтетін мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауында ел азаматтары алғаш рет депутаттыққа өзін-өзі ұсынып отыр. Парламенттің төменгі палатасына 98 депутат сайланады. Оның ішінде 69 депутат партиялық тізімдер бойынша болса, 29 депутат бірмандаттық аумақтық округтер бойынша сайлана алады. Қазіргі уақытта Алматы қаласы мен Түркістан облысында үш сайлау округі жұмыс істеп тұрса, Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Жамбыл облыстарында екі, өзге өңірлерде бір-бірден сайлау округі құрылған. Саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді Орталық сайлау комиссиясы, ал бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша округтік сайлау комиссиялары тіркейді. Аумақтық сайлау округі бойынша бір
саяси партиядан бір ғана үміткер тіркеледі. Сайлау жарнасы ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшеріне тең. 2023 жылы оның сомасы – 1 миллион 50 мың теңге болып белгіленді.
Ресми деректерге өз жүгірсек, саяси партия сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын жинаса, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болса, жарна саяси партияға қайтарылады. Басқа жағдайда республикалық бюджет кірісінде қалады. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша тіркелген кандидат та сайлау жарнасын төлейді. Депутат болып сайланса не сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын жинаса, сондай-ақ қайтыс болса, жарна кандидатқа қайтарылады. Тіркеуге қажет құжаттарды ұсынбаса, тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін сайлау алдында үгіт жүргізсе, сот басқа кандидаттың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, оның іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтерді тарату, сайлаушыларды сатып алу фактілерін анықтаса, үміткер Конституция мен «Сайлау туралы» конституциялық заң талаптарына сай келмесе, сайлау алдындағы науқанда лауазымдық немесе қызметтік жағдайын пайдаланса Орталық және округтік сайлау комиссиялары оларды тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды. Алайда дауыс беруге екі күн қалғанда үміткерді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға жол берілмейді. Қазақстанның 18 жасқа толған әр азаматы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне қарамастан сайлауда бір рет қана дауыс беруге құқылы. Азамат дауыс беру үшін сайлаушылар тізімінде болуға тиіс. Тіркелген жері бойынша сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар дауыс беру күніне 30 күн қалғанда, яғни 2023 жылғы 17 ақпанынан кешіктірмей тиісті әкімдікке өтініш беріп, тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскесінде тіркелуге құқылы. Бірақ бір елді мекен шегінде басқа учаскеде дауыс беруге болмайды. Биыл алғаш рет мәжіліс сайлауының бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген баған енгізілді. Мұндай мүмкіндікті ҚР азаматтары осыған дейін өткен президент сайлауында пайдаланды. Осы аптаның соңында кезектен тыс Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну аяқталады. 2023 жылғы 4 наурыздан бастап сайлаушылар тізіміндегі деректеріңізді тексере аласыз. Өзге мемлекеттегі Қазақстан азаматтары дауыс беру үшін өзі тұрған мемлекеттегі сайлау комиссиясының учаскесіне жүгіне алады. Шетелдегі сайлау учаскелерінің тізімі Орталық сайлау комиссиясының сайтында жарияланған. Депутаттар жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланып, сайлаушылардың 50%-нан астамының дауысына ие болуы керек. Сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын жинаған партиялар парламенттік мандатқа ие болады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, партиялық тізім арқылы Қазақстан халық партиясынан – 52, Ақ жол партиясынан – 54, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – 19, «Байтақ» жасылдар партиясынан» – 18, «Ауыл» партиясынан – 25, Respublica партиясынан – 25, AMANAT партиясынан – 90 үміткер ұсылған. Бұл кандидаттар Мәжілісте белгіленген 69 мандатты иелену үшін өзара күресетін болады. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасры
Константин Петров: «Саяси партияның партияға мүше болмаған тұлғаны тізімге қосуға құқығы жоқ екендігін еске салғым келеді. Партиялық тізімге қосылған тұлғалар саны саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттың белгіленген санынан 30 пайызға асып кетпеуі тиіс. Бұл ары кеткенде 90 адам, одан төмен де болады. Партиялар партиялық тізім саны қанша болатындығын дербес анықтады», – деп мәлімдеді. Мемлекеттік қызметшілер де Қазақстан Республикасының кез келген азаматы сияқты депутаттар сайлауына қатыса алатындықтан партиялық тізімге енуге мүмкіндігі бар және Қазақстан Конституциясының барлық талабына сай мажоритарлық жүйе арқылы да өз кандидатурасын ұсына алатынын да атап өтті. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана қаласында – 334, аудандарда – 2 130, қалаларда 617 адам мәслихат депутаты болып сайланады. Мандаттардың жалпы саны – 3 081. Кандидаттарды бірмандаттық аумақтық сайлау окургтері бойынша ұсыну қорытындыларына сәйкес, орташа бәсекелестік бір орынға 4,3 кандидатты құрайды.
Барлық деңгейдегі мәслихаттар бойынша 119 партиялық тізім түзілді. Аталған тізімде барлығы 1 471 кандидат бар. Мажоритарлық округтер бойынша мәслихаттарға – 11 844 кандидат. Жалпы Мәжіліс пен мәслихаттар бойынша 14 207 кандидат ұсынылды. Осы орайда «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ, «Қазақпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігі мен «Jibek Joly/Silk Way» телевизиялық арнасы интернет және эфир алаңын ұсыну шарттары да жалпыға жария етілді. 2023 жылғы 20 қаңтарда халықаралық байқау институты ашылып, Орталық сайлау комиссиясы 1 шет мемлекеттен, 2 халықаралық ұйымнан 25 байқаушыны ресми тіркеуден өткізген. Саяси науқанға жауапты комиссияға 9 ақпан күні Сыртқы істер министрлігі тарапынан 2 шет мемлекеттік, халықаралық 1 ұйымнан 37 байқаушыны тіркеуден өткізу туралы ұсыныс түскен. Олардың арасында Қытай Халық Республикасынан 2 және Нидерланды Корольдігінен 3, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды байқау жөніндегі миссиясынан 32 байқаушы бар. Барлығы аккредиттелді. Алдағы Парламент сайлауын байқауға 332, оның ішінде 32 ұзақмерзімді және 300 қысқа мерзімді халықаралық байқаушы келеді деп жоспарлануда. Олар еліміздің бүкіл аймағындағы сайлау учаскелерінде бюллетендерді ашу, дауыс беру, дауыстарды санау және қорытынды шығару процесін қадағалайды.
Жанбота Сұлтанмұратқызы