Өткен аптада Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Нұрбол Досымбаев ауыл тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында ауыл әкімі өткен жылды қортындылап, осы жылы атқарылатын жұмыстың жоспарымен таныстырды. Жиналысқа мұң-мұқтажын арқалай келген азаматтар көптен бері шешімін таба алмай жүрген мәселелерін айтуға асықты.
Ауыл тұрғыны Құрбанжан Халметов жаңа құрылыстың Сейфуллин көшесіндегі газ құбырларының құлағалы тұрғанын айтып, апатты жағдай орын алса, кім жауап беретінін сұрады. «Жаңа құрылыстағы Әбдіғұлов ықшам ауданы ауыл орталығынан тым алыс, жол жасалмаған. Балалардың сабаққа келіп-кетуі өте қиын. Көлігі барлар балаларын апарып-әкелсе, жоқтары такси қызметіне жүгінеді. Бір отбасында 3-4 баласы сабаққа баратын ата-аналардың қалтасы мұндай шығынды көтермейді. Жолда қаңғыбас иттер қаптап жүргендіктен балалар түгілі, ересек адамдар жалғыз-жарым жүргеннен қорқады. Сондықтан осы ықшам ауданға автобус жүрсе деген тілегіміз бар», – деген өтініш білдірді. Он жылдан бері осы ауылды мекендеген Мақтагүл Қуанышбаева Байтұрсын көшесіндегі электр бағанасының шіріп, құлауға шақ тұрғанын айтып, жаңбырлы маусым басталса үлкен өрттің тууына себеп болуы мүмкін екенін жеткізді. Ауыл тұрғындарының назына құлақ түрген әкім Н. Досымбаев мамандарды жіберіп, шұғыл түрде жөндеу жұмысын қолға алатынын айтты. Әкімнің айтуынша, ауылға қажетті автобусқа сұраныс берілген. Алайда автопарктердің көбі жекешеленіп кеткендіктен, бұл талаптың қашан орындалары әзірге белгісіз. Сонымен қатар осы жылы ауылдық округ бойынша сегіз көшені жасауға қаржы бөлінген. Осыған дейін жылына ары кетсе 3-5 көшені жамауға ғана мүмкіндік болса, ендігі жерде жаңа құрылыстың көшелеріне де біртіндеп кезек келетінін атап өтті. Ал Талғар ауданы ит аулау бригадасының бөлім басшысы Альдийбек Болысбеков: «Қаңғыбас иттердің көбі – тұрғындардың байлаусыз жіберген өз иттері. Мұндай жағдайда жергілікті полиция қызметкерлерін шақырып, иттің иесін тауып айыппұл арқалатса, адамдардың жауапкершілігі артар еді. Талғар бойынша ит аулайтын жалғыз бригада жұмыс істейді. Тағы бір бригадаға сұраныс бергенімізбен, оған ешқандай жауап жоқ. Бұл жұмыс қауіпті болғандықтан көп адам келгісі келмейді. Биылғы жаңа заңда иттерді атуға, дәрі арқылы улауға рұқсат жоқ. Тек қуалап жүріп қолға түсіруіміз керек. Ұсталған иттерді көбею мүмкіндігінен айырған соң, қайтадан апарып тастауымыз керек. Алайда сол иттердің адамды қаппайтынына кепілдік жоқ», – деп өз кәсібінің ел біле бермейтін қиындықтарымен бөлісті. Дәулеткерей көшесінің тұрғыны Раушан Қасымова осы көшемен қиылысқан Бұқар жырау көшесінің қоқысқа көміліп жатқанына наразы. «Өткен жылы күзде ойлы-шұңқыры көп жолдарды тегістеп, қиыршық тас төсеп беруге келіскенсіз. Алайда уәдеңізде тұрмадыңыз. Істей алмасаңыз орныңызды босатыңыз!» – деп те ашуланды. Ауылдасының сөзіне келіспеген Мақтагүл Қуанышбекова: «Жас әкімді жан-жақтан жасытып, етегінен тартқанша жәрдемші болайық. Ауыл бәрімізге ортақ. Осыған дейін демалыс күндерінде ел аралап, халықтың халін сұраған әкім көрген емеспін. Нұрбол мырза келгелі ауылымыз көркейіп келеді. «Асыл тастан, ақыл жастан» деген бар. Жұмыс істеуге мүмкіндік берейік», – деп жиналған жұртты ауыл әкімін қолдауға шақырды. Ауылдағы арықтың жүйесіздігін алға тартқан Досжан Алгазиев пен Айдос Жуманов үйлерінің іргесінен өтетін арыққа тыйым салынғанына қарамастан су жіберетін шаруақожалық иелеріне өкпелі. Қатты аяздың салдарынан арықтың ішіне мұз қатып, арнасына сыймаған су Жерұйық көшесіндегі үйлердің ауласынан өтіп, жолды жауып қалған. Салдарынан жолаушылар мен жеңіл көліктің қозғалысына айтарлықтай қиындатты. Қызыл су басқан көше тұрғындарының түйткілді мәселесін жеткізген азаматтар бұл бассыздыққа тосқауыл қоюын сұрады. Ескертуін елемеген шаруақожалық иелеріне енді заң бойынша шектеу қоятынын айтқан ауыл әкімі Н. Досымбаев: «Айтылған мәселелердің көбі жаңа құрылыста. Ауыл жылдан жылға кеңейіп барады. Осыған сәйкес жолдың, судың, газдың мәселесі алға шықты. Халық талап-тілектері бірден орындалса деп ойлайды. Барлық шаруаның шешімі тек менің қолымда болса, ешкімді ренжітпес едім. Алайда әр істің атқарылар өз кезеңі болады. Оған уақыт пен қаражат керек», – дегенді алға тарты. Жиынға келген көпшілік алдағы уақытта түйткілді мәселенің шешімі табылып, жалғасын табады деген сеніммен тарқасты.
Зорагүл Әбдіқадір