Ақпан айының басында ұлт руханиятының бастауы болған қазақ баспасөзінің қара нары, отаршылдықтан мезі болған қазақ халқы үшін азаттықтың алғашқы құбыласына айналған «Қазақ» газетіне 110 жыл толды. Осыған байланысты Республика көлемінде түрлі іс-шаралар өтіп, мерейлі мереке ретінде аталып өтуде. Айтулы мерекеге БАҚ-дары барынша атсалысып, Алаш ардақтыларының елге сіңірген ерен еңбектерінің бір парасы ретінде бағалап, зор құрмет көрсетіп келеді.
Қазақ журналистикасының тарихы мен демократиялық өркениетке ұмтылған халықтың азаттық күресінің шежіресі де осы күннен бастау алады десек қателеспейтініміз анық. «Осыдан тура 10 жыл бұрын «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының отырысында белгілі алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы: «Қазақстандағы баспасөз күнін «Қазақ» газетінің бірінші саны шыққан 2-ші ақпанға ауыстырайық» деген керемет ұсыныс айтып еді. Қазақ елінің тәуелсіздігінің артында – Алаш қайраткерлері, «Қазақ» газеті тұр. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері «Қазақ» газеті арқылы ұлтымыздың санасын отарсыздандыру, ұлттық мемлекет құру, азат ел болу деген ұлы мұрат жолында бірікті. Бұдан асқан ұлттық бірлік, ынтымақтың үлгісі жоқ. Арада 110 жыл өтсе де, ұлттық баспасөз осы жолмен жүріп келеді. Осыған орай 2 ақпанды – Ұлттық баспасөз күні деп белгілесек ел тұтастығы мен тарихи әділеттілік тұрғысынан дұрыс шешім болар еді. Менің ұсынысымды Ұлттық құрылтай мүшелері, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, журналистер мен қаламгерлер қауымы, кәсіби қоғамдық бірлестіктер қолдайды деп үміттенемін», – деген Elorda Agparat агенттігінің шеф редакторы Төлен Тілеубай, журналист Қуаныш Серікханов секілді азаматтардың орынды ұсынысын өз кезегімізде біз де қолдайтынымызды айта кеткен ләзім. Көкейге қонар ұтымды ұсыныс құзырлы орындардағы қолынан іс келетін атқамінерлердің құлағына шалынып жатса, жақсы жаңалықтың естілер уақытынан да үміттіміз. XX ғасыр басында тұтас ұлттың ұйтқысына айналып, барша қазақтың ықыласына бөленген ата газеттің шекпенінен шыққан бүгінгі БАҚ-тың беталысы тіптен өзгеше. Сондықтан осы күнге дейінгі және кейінгі сан түрлі газет-журналдардың темірқазығы болып қала беретін «Қазақ» газетіне қандай құрмет көрсетілсе де артық болмайтыны ақиқат. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасына арнайы жазба қалдырған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «2 ақпан – ұлт журналистикасы мен руханияты үшін атаулы күн. Себебі осыдан 110 жыл бұрын ХХ ғасыр басындағы үміт пен үрейдің арасындағы арпалыс күресте ұлттың жоғын жоқтап, қажетін түгендеген «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Газет ұлттық ренесанстың бастауында тұрып, халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін мүлде бөлек арнаға бұрды. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының есімдерімен ұштасып жатқан басылым – талай тарихтың куәсі, халықтың рухани қазынасы. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген әйгілі сөзі «Қазақ» газетінің алғашқы санында жарық көрген мақалада айтылған. Бұл сөз сол уақыттан бері қазақ баспасөзінің басты ұранына айналды. «Қазақ» газеті жарық көрген күннен бастап ұлттың тағдыршешті де өткір мәселелерін қаузады.
«Қазақтың тарихы», «Дін таласы», «Жер іздеген қазақтар!», «Қазақтан солдат ала ма?», «Земство не нәрсе?», «Ұры тию» секілді ұлттың жан-жүрегін сыздатқан өзекті тақырыптарды жұртпен бірге талқыға салды», – дей келе, мынадай нақты мәліметтерді атап көрсеткен: «Тарихқа қарап отырсақ, «Қазақтың» жалпы 266 нөмері жарық көріпті. Алғашқы 40 нөмірін Мұстафа Оразаев бастырса, 41 нөмірінен бастап «Азамат серіктігі» арқылы басылды. 1913 жылы 44, 1914 жылы 48, 1915 жылы 71, 1916 жылы 48, 1917 жылы 46, 1918 жылы 9 нөмірі жарыққа шықты. Соңғы №266 саны – 1918 жылы 26 қыркүйекте оқырман назарына ұсынылды». Сондай-ақ бүгінгі БАҚ-қа сенім артқан сала министрі: «Тәуелсіз елдің бүгінгі баспасөзі де «Қазақ» газетінің азаткерлік ізімен ел қажетіне жұмыс істеп жатыр. «Қазақ газеттері» деген ардақты атты арқалаған жаңа құрылым да ата басылымның дәуірлік жүгін арқалап, болашақ үшін қызмет қылар деп сенеміз. «Қазақ» газетінің 110 жылдығы лайықты атап өтіледі. Шығатын ғылыми сараптамалар, архивтен алынатын тың материалдар мен түрлі телевизиялық түсірілімдер ұлт баспасөзі темірқазығының атын асқақтатары сөзсіз», – деп ұлт руханиятының тарихы тереңде екенін тілге тиек етті. Ашық дереккөздердегі ақпарат- тарға сүйенсек, қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым ретінде таралған «Қазақ» газеті 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған. Рәміздік-бейнесі ретінде қазақтың киіз үйін алған бас газеттің негізгі мақсаты — басылымның қазақтікі екенін танытып қана қоймай, ұлттың ұлы мұратын айқындаған ауқымды ұғымды қалыптастырды. 1913 жылы 2 ақпанда алғашқы нөмірі жарық көріп, 1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шығып отырған. Алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы келтірген деректе таралымы жағынан 3000-нан асқан басылымның кейбір сандары 8000-ға жеткен көрінеді. Хұсайын Кәрімовтың баспаханасында басылып отырған. Газеттің шығуына мүдделі болған және қаржылай көмектескендердің басында Мұстафа Оразайұлы тұр. Ашылған уақытынан бастап жабылып қалғанға дейін барлығы 265 нөмірі жарық көрген. «Қазақ» газетін шығаруды мақсұт еткендердің қатарында Алаш арыстарын қосқанда қырыққа жуық қазақ зиялыларының аты аталады. Олардың қатарында газеттің ұйымдастырушысы әрі редакторы — Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қараш, Райымжан Мәрсеков, Жұмағали Тілеулин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мағжан Жұмабаев, Хайретдин Болғанбаев, Халел Ғаббасов, Жақып Ақпаев, Жанша Сейдалин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Мәметов, Сәбит Дөнентайұлы, Халел Досмұхамедұлы секілді т. б. қазақтың қаламы қарымды, ойы орамды айтулы азаматтары болды.
1907 жылғы санаққа қарасақ, Россияда сол жылы екі мың бір жүз жетпіс үш есімді газет һәм журнал шыққан екен. Оның бір мың үш жүз тоқсан алтысы орыс тілінде, сегіз жүз алпыс жетісі басқа тілде басылыпты. Сол сегіз жүз алпыс жетінің ішінде біздің татар қарындастарымыздың отыз шамалы газет-журналы болды. Бізде біреуі болмады…
Ахмет Байтұрсынұлы
Күллі қазақ мекен еткен барлық аймаққа жеткен бас басылымды тіпті Ресей, Қытай қазақтары да алдыртып оқығаны туралы деректер бар. Ол туралы зерттеушілер еңбектерінде мынадай нақты мәлімет те көрсетілген: «Қазақ» газетасын 10 облысқа қараған киіз туырлықты қазақ байдың баласынан 1913 жылдың ішінде алдырып тұрғандардың есебі мынау: Торғай облысы – 694, Семей – 612, Ақмола – 584, Сырдария – 327, Орал – 301, Жетісу – 157, Ішкі оралдық – 136, Ферғана – 30, Самарқан – 8, Закаспий – 5. Өзге жерлерден: Оренбург шаһары – 37, Уфа – 14, Қазан – 13, Қытай қазағы – 10, Петербург, Түркия – 5, Мәскеу – 3, Томск – 3, һәм басқа шаһарлар –57. Бәрі – 3007. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің алғашқы санында басылымды жарыққа шығарудың мынадай маңызды төрт міндетін атап өтеді: «Әуелі газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды… Екінші газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мəнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшінші газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші. Төртінші газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады». Осы орайда белгілі алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Сақ «Қазақ» газетінде сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың барлығының үлесі бар екенін тілге тиек етіп, газетті қаржыландыру мақсатында құрылған «Азамат» серіктігі нарықтық экономикаға бейімделуден туған озық ұйым болғанын айтады. Сондай-ақ «Газетті патша үкіметі шығаруға рұқсат бергенімен, кейін жұмысын тоқтату үшін барынша күш салып, қолдан келген қиянатын жасады. Менің қолымда бар деректер бойынша газет 6 рет сотталған, әр түрлі айыппұлдар төлеген. Оның сомасы 50 рубльден бастап 3500 рублге дейін жеткен. Ол кездегі рублдің құны өте жоғары еді. Себебі Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет шығарғанда бар жиған қаражатым 750 рубль еді», – деп жазады. Сонда 750 рублмен газет шығарып отырса, 3,5 мың рубль айыппұл салу деген газетті тоқтатумен бірдей шара еді. Не газет 3,5 мың рубль айып төлесін, не газеттің бас редакторы 2 ай абақтыда отырсын» деген шешім шығарады. «Газеттің жұмысы тоқтап, 6 млн қазақ көз-құлақсыз қалғанша, мен өзім ғана зиян шегейін» деген ойға бекіген А. Байтұрсынұлы екінші жолды таңдайды. М. Дулатұлы оның бұл шешімін газет бетінде жариялайды. Оны оқыған жұрт бір аптаның ішінде 3,5 мың рубль айыппұлды жинап беріп, Ахаңды босатып алады» деген нақты дерек келтіреді. «Бұл серіктікке байлар ғана мүше болған жоқ. Ол жайында алаш азаматтары ашып жазған. «Пұлы барлар пұл жәрдеммен көмек береді деп, қаламы барлар қаламмен көмек береді деп газет ашып едік. Бірақ пұлы барлар сараң болып, көмек бермеді. Олар көмек бермеді екен деп біз газет шығармай қоймаймыз. Сол себеппен «Азамат» серіктігін құрып отырмыз. Бұл серіктікке әркім өз үлесін қосады, сол үлесіне қарап кейін пайдасын көреді» деп жазды. Әркім өзі жарна төлеп кіреді, сол жарнаның мөлшеріне сай дивидентін алады. Сонда «Азамат» серіктігіне қазақтың оқығандары, зиялылары, бас көтерер азаматтары мүше болады. Кімнің қанша жарнамен кіргені, ол жарнаның қайда жұмсалғаны, бәрінің есебі беріліп отырған», – деген Қайрат Сақ: «Газет өзін-өзі қаржыландырып қана қоймай, табыс тауып, оның ауқымды бір бөлігін студенттердің шәкіртақысына, жолақысына бөліп отырған. 1918 жылы Орынбордағы ағайынды Құсайыновтардың баспаханасын «Азамат» серіктестігін сатып алады. Сөйтіп қазақтардың жеке меншігіндегі алғашқы баспахана газеттің меншігіне өткен. 1918 жылы Орынборды большевиктер басып алып, газет жабылғаннан кейін баспахана тәркіленген.
Сол тәркіленген баспаханадан «Ұшқын» газеті шығады. «Ұшқынның» редакциялық алқасының құрамында А. Байтұрсынұлы да болады. Осы жайттарды ескеріп, «Ұшқынды» «Қазақ» газетінің ізбасары деуге болады. Сол «Ұшқын» қазір «Егемен Қазақстан» деген атаумен шығатынын білесіздер», – деген маңызды мәліметтерді алға тартады. Бүкіл баспасөзіміздің бастауы болған «Қазақ» газеті жарық көргенге дейін «Айқап» журналы, «Серке» газеті, «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Киргизская степная газета», «Қазақстан» газеті секілді басылымдар жұмыс ауқымының тарлығынан емес, үкіметтің қысымымен және қаржы тапшылығына байланысты бірде ашылып, бірде жабылып отырды. «Қазақ тілінде газеттер басып шығару қажеттігі» туралы талаптар 1905 жылғы «Қарқаралы петициясында» да айтылды. Нәтижесінде Орал облысы Әскери Губернаторы ІІМ Баспасөз ісі жөніндегі бас басқарманың «Бас Басқарманың 1905 жылдың 9 желтоқсанындағы №14508 өкімхатты (циркулярный) қаулысына сәйкес… Торғай облысы Қызылшеңгіл болысы 8-і ауыл қазағы Мұстафа Ахметұлы Оразаевқа, Торғай уезі Түсіп болысы 5-і ауыл қазағы А. Байтұрсыновтың толық жауапкершілігімен және редакторлығымен Орынборда апталық «Қазақ» газетін қырғыз (қазақ) тілінде шығаруға рұқсат берілгенін хабардар етемін» деген бұйрығы губернатор генерал-лейтенант Сухомлиновтың қаулысымен бекітілген. Газет Орынборда Каримов пен Хусайыновтар баспаханасында басылды. 1913 жылдың 2 ақпанында «Қазақ» газетінің алғашқы санында жарық көрген мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы қазақ даласына халықаралық һәм бүкілресейлік және ел ішіндегі жаңалықтардан уақтылы хабар тарататын басылымның ауадай қажет екенін жариялады. Сондықтан алғашқы сандарынан бастап-ақ ел өмірінде орын алған көкейкесті және өткір мәселелерді – жер, дін, тіл, діл, әскерге бала беру туралы мәселелерді қозғады. Ал ақпан айындағы сандарының бірінде жарық көрген Ахмет Жанталиннің «Дума маңайында неге кісіміз жоқ?» деген мақаласында «Ресейдегі Думада қазақ болмағасын, ондай жоғары мемлекеттік билікте қазақтың мүддесі де айтылмайды» деген өзекті мәселені көтереді. Газеттің №80 санында жарық көрген «Закон жобасының баяндамасы» атты мақаласы үшін газет редакторы А. Байтұрсыновқа 1500 рубль көлемінде айыппұл салу немесе үш айға абақтыға жабу туралы үкімет бұйрығы шығып, «газет қазақ халқын үкіметке қарсы үндеп отыр…» деген айып тағылады. Осыған байланысты «Жаңа заң жобасына түсініктеме тілхат» жазған А. Байтұрсынов мақаланың түпнұсқасы мен орысша аудармадағы қателіктерді көрсетіп, айыппұл салу туралы бұйрықтың күшін жоюды сұрайды. Бірақ қаулы өзгеріссіз қалғандықтан, Алаш ардақтысы айыппұл төлемес үшін абақтыға отыруға келіседі. Алайда денсаулығы нашар болғандықтан 1 500 сом айыппұл төленіп, абақтыдан шығарылады. Бұл туралы «Газетімізге штраф» атты мақалада айтылады. 1914 жылдың қаңтарынан бастап «Қазақ» газеті Орынбор губернаторы қатаң бақылауымен аптасына екі рет шыға бастайды. Газетті бақылау Торғай облыстық басқармасының татар тілінен аудармашысы Тунганчинге тапсырылады. Алаш зиялылары Патша үкіметінің қылышынан қан тамған аумалы-төкпелі заманда осы газет арқылы елге ақыл-кеңес айтып, қоғамды дұрыс жолға бастауға тырысты. Сол кезде қазақ халқы Алаш партиясының құрылғанын, ел ішінде және бүкіл Ресейде болып жатқан елеулі саяси оқиғалардан хабардар болып, барлығын «Қазақ» газетінен оқып отырды. 1916 жыл 30 шілдеде «Қазақ» газетінің редакциясы мен Міржақып Дулатұлының пәтерінде тінту жүргізіліп, көптеген хаттар мен телеграммалар тәркіленген. Оған «Ахмет, Әлихан мен Міржақыптар қазақ соғысқа кісі бермесін деп хат жазған» деген өсек негіз болған көрінеді. Кейін дәл осы мәселе туралы «Қазақ жұртына» атты тақырыппен сол үш алыптың мақаласы шығып, онда елді өсек пен жел сөзге емес, «Қазақ» газетінде басылған нақты мақалаға, шындыққа сенуге шақырады. Сонымен 1913-1918 жылдары аралығында талай нәубетті бастан өткерген «Қазақ» газеті 26 рет жабылып, А. Байтұрсынұлы бірнеше рет тұтқындалды. 1918 жылдың 16 қыркүйегінде «Қазақ» газетінің ең соңғы саны жарыққа шықты. Билік басына большевиктер келген соң газет біржолата жабылды. Қуғын-сүргін басталып, ұлт мүддесін ойлаған қазақ зиялыларының көбі атылып, аман қалғаны сотталып кетті. Сондықтан бүгінгі ұрпақ аманатқа қиянат қылмай, саф алтындай қазынаның қадіріне жетсе дейміз.
Жанбота Сұлтанмұратқызы
1 Пікір
Аманжол 17.02.2023 at 12:33
3500 рубль айыппұл салынады немесе 2 айға қамалады. Сосын 1500 рубль айыппұл салынады немесе 3 айға қамалады» деген сөйлемдер бар екен. Екі рет осындай ірі айыппұл салынған ба? Әлде, екеуі саннан қате кеткен бір нәрсе ме?