18 секундта аяқталған Автонесие

18 секундта  аяқталған Автонесие

Елімізде 6 ақпаннан бастап жылдық өсімі 4 пайызбен болатын жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта жалғасын тапты. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның бастамасымен өтінімдерді қабылдайтын www.autonesie.kz платформасы іске қосылды. Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша өтінім берген азаматтар 60 күн ішінде несие мен автокөлік алу жұмыстарын аяқтауға тиіс. Бұл туралы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева мәлімдеді.

«Өнеркәсіпті дамыту қорының» дерегінше, autonesie.kz сайтына бірінші минутта 125 000 адам кірген. Бірақ 18 секундта кезек толып кеткен. Қазақстан азаматтары сайтқа тура сағат 10:00-де кірсе де тіркеліп үлгерместен сайттың жабылып қалғанын сол сәтте-ақ  әлеуметтік желіде жазып жатты. Ресми деректерге сүйенсек, ең көп ізделген көліктер қатарында Hyundai Kia, Motors Chevrolet, Jac Motors, Chevrolet Cobalt, Kia Sportage, Hyundai Elantra, Hyundai Accent, Kia cerato секілді автомобильдер тұр. Автонесиеге қызыққандардың басым бөлігі Түркістан, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарынан болған. Google trends деректерінше таңғы сағат 8:32-ден бастап ниет білдірушілер қатары көбейе түскен. Ал сағат 10:00-10:08 арасында Google сайтынан «автонесие», «автокредит» деп іздеушілер шарықтау шегіне жетті.  «Сайтқа бір миллионнан астам пайдаланушы кірді. Оның ішінде 125 мыңнан астам азамат өтінім беруге тырысты. Бағдарлама іске асырылғаннан бастап осы уақытқа дейін жиналған қаражат – 7,6 млрд теңге. Алдын ала 761 адам тіркеледі деп жоспарланды. Осы лимитке жеткен уақытта өтінімді қабылдау автоматты түрде тоқтатылды. Келесі лимит алдағы айларда қолжетімді болады. Бүгін азаматтар әртүрлі себеппен үлгермей қалса, келесі айларда тіркеле алады. Сондай-ақ несие мен автокөлік алу жұмыстарын 60 күн ішінде аяқтауға тиіс», – деді Жанар Ибрашева. Оның айтуынша, өтініш беруші платформаға тіркелгеннен кейін автосалонға және банкке барады. Өнеркәсіпті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров өтінім беру бар жоғы 18 секундқа жалғасқанын айтып: «Платформа мен сайт жұмысында кемшілік болды. Олар  бойынша жұмыс жүргізіледі. Осыған дейін де мұның пилоттық нұсқада іске қосылғаны хабарланды. Кемшіліктерді жойғаннан кейін бұл бағдарлама ай сайын жұмыс істейді деп жоспарланған. Бізде антибот орнатылған. Бот ЭЦҚ кілт арқылы деректерді растай алмайды», – деп өтінімді бот беруі мүмкін екенін жоққа шығарды.  Жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шарттары бұрынғыдай қала береді. Яғни 1 көліктің құны 15 млн теңгеден аспайды, қаржыландыру сомасы 10 млн теңгеден артық емес. Қаржыландыру мерзімі 7 жылдан кем емес, кредит беру валютасы – теңге.  Бастапқы жарна 0 пайыздан бастап, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 4 пайыз. Бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі түпкілікті қарыз алушының көлікті сақтандыру және рәсімдеу (оның ішінде кепілге қою) бойынша шығындарын ескере отырып, жылдық 7,5 пайыздан аспауға тиіс. Бағдарламаға «Сарыарка­Авто­Пром» ЖШС және «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС автоөндірушілері қатысты. Көліктерді Forte Bank, Eurasian Bank, Halyk Bank және «Банк Центр­Кредит» сияқты екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімдеуге болады.  Аталған мәселе бойынша пікір білдірген белгілі журналист, автосарап­шы Диас Нұрақын: «4 пайызбен жеңілдетілген автонесие өткен жылдың мамыр айында басталған. Оған өнеркәсіпті дамыту қоры 100 млрд теңге бөлген. Осы суммаға шамамен 12 мың азамат көлік сатып алды. Оның ішінде менде бармын. Бірақ бұл оңай болған жоқ. Себебі алғашында қаражат жоқ болды. Кейін ақша бөлінгенімен автосалондарда көлік болмады. Қазір сол жағдай қайталанып жатыр. Тіпті көлікті қолма-қол ақшаға алам десеңіз де автосалондарда жаңа көліктер жоқ. Осының кесірінен көп адам сабылып қалды. Қаражат таусылып, 5-6 ай бойы бұл бағдарлама ашылған жоқ. Несие алған азаматтар қарызын төлейді. Осыдан түскен ақшаға қайтадан несиелендіру жұмыстарын жүргіземіз деген. Міне, бүгіннен бастап автонесие алу электронды кезекке ауыстырылды. Өйткені револерлік жүйемен 7 млрд 600 млн теңге ғана ақша жиналған. Алайда бүгін азаматтар осы электронды кезекке тұрудың өзінен мәселе туындағанын айтып жатыр. Өйткені барлығы сағат 10:00-де www.autonesie.kz порталына кіріп, өтінім бермекші болған. Бірақ сайт жұмыс істемей «тіркеу қабылданбады», «қате» деген сияқты кедергілер болып, ешкім тіркеле алмаған», дегенді алға тарты. Таныстарының ешқайсысы тіркеле алмағанын айтқан сарапшы: «Таң атқалы жүз шақты адам хабарласты, бірде-бірі тіркелмеген. Демек бұл электронды кезектің өзінің әділ әрі ашық болмағанын көрсетеді. Осы платформаны жасаған кредиттік бюро мамандары бар болғаны 18 секундтың ішінде 761 адамнан өтінім қабылданғанын хабарлап отыр. Бұл – жалған ақпарат. 18 секундтың ішінде тіркеліп үлгеру мүмкін емес. Себебі өзім де тіркеліп көрдім. Ол жерде ЖСН нөмірді теру керек, электронды кілт арқылы қол қою керек оның барлығы белгілі уақыт алады. Сондықтан бұл бағдарлама әлі де шикі деп ойлаймын. Қарапайым халықтың наразылығын туындатып отырғаны да осы», – деп бағдарламаның кемшілігін де атап өтті.  Айта кететін жайт, платформада тіркелгеннен кейін таңдалған автокөлік өндірушісін өзгерту мүмкін болмайды. Сондай-ақ сайтта тіркелмей несие алу мүмкін емес. Өтініштерді тек Қазақстан аумағында тұратындар ғана бере алады. Аталған автонесие әлеуметтік желі қолданушылар арасында да қызу пікір туғызды. Журналист Халима Тәжіқұл: «Автонесиеге өтініші қабылданған тірі пенде бар ма? Мың қырық чатта отырам, бірде-бірі өтініш бере алмаған», – десе, Бауыржан Қарағазыұлы: «Қарапайым халықты мазақтауды қою керек қой! Бүгін 4 пайыздық автонесиеге өтініш қабылданады деген сәттен-ақ өтініш беру аяқталыпты», – деп ашынды.  Еске сала кетейік, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы 2022 жылдың мамырында іске қосылған. Кейін банктер бағдарламаны бірнеше рет тоқтатты. Оның себебін бөлінген қаражатты толық игерілгенімен түсіндірген.

Кәусар Әбдікерім