Халық саны 19 700 000-ға жуықтады

Халық саны 19 700 000-ға жуықтады

Ұлттық статистика бюросы 2022 жылға арналған Қазақстан халқы санының өсімі туралы мәліметтерді жариялады. Ресми мәліметке көз жүгіртсек, 2022 жылдың басында Қазақстанда 19 миллион 503 мың 159 адам тұрған. Ал 2023 жылдың 1 қаңтарында халық саны 19 миллион 765 мың 4 адамға жеткен. Бір жылдағы халық санының жалпы өсімі 261 мың 845 адамды құраған.

Бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласы бір жыл ішінде шамамен 60 мың тұрғынға көбейген. Екінші орында тұрған Астана қала­сында халықтың өсім көрсеткіші – 58 мың 724 адамды құраса, одан кейінгі орынды иеленген Түркістан облысындағы өсім 30 мың 553 тұрғын деп көрсетілген. «Оның ішінде қалалықтар –          12 208,200 адам, ауылдықтар – 7 556,700 адам. Табиғи өсім есебінен халық саны 268 791, көшіп-қонғандар саны – 6 946. 2022 жыл басымен салыстырғанда халық саны 261 845 адамға өскен», – делінген хабарламада. Талғар аудандық орталық аурухана басшылығының мәліметіне сүйенсек, тек осы жерде 2022 жылы 3 740 шақалақ дүние есігін ашқан. Аудан бойынша айына 300-ден артық нәресте өмірге келетінін ескерсек, бұл – күніне 10 құлыншақ дүние есігін ашады деген сөз. Бұған Алматы қаласының ауруханаларына тіркеліп, сол жерде дүниеге келетіндерді қосатын болсақ аудан халқының да саны күн санап қарқынды түрде өсіп жатқанын байқауға болады. Мұның сыртында миграция ағынының өте күшті екенін ескерсек, аудан бойынша үш ауысыммен оқитын мектептер санының арту ықтималдығы да жоғарылай түсері айтпаса да түсінікті жайт. 2022 жылғы қаңтарда көрсетілген  ресми мәліметте Талғар ауданын мекендеген халық саны 215,3 мың адам деп көрсетілген. Оның 48 429-ы Талғар қаласында тұрады. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, барлық тұрғынның 28276-сы қарашаңырақ иесі қазақтар болса, орыс ұлтының саны 14 955-ті құрайды. Ұйғыр ұлтының өкілдері 2 209, өзге ұлттардың саны 4 960 деп көрсетілген. Қазіргі уақытта қала бойынша 6 ғана Ұлы Отан соғысының және тылда еңбек еткен 2 200 ардагері осында тұрады. Ал ауған соғысы ардагерлерінің саны 81. Қала тұрғындарының 7750-ін зейнеткерлер құраса, 12080-і 14 жасқа дейінгі балалар.  Демография зерттеушісі Мақсат Имандосов еліміздегі бала туу көрсеткішінің рекордтық шегі 1987 жылы болғанын, ол кезде Қазақстанда 417 мың бала туғанын айтады. Ашық ақпарат көздерінде өткен жылдың басында халықтың жалпы санағындағы әйелдер саны 51,44%-ды құраған. 2 жыл бұрын бұл көрсеткіш 51,48%, бес жыл бұрын – 51,62%, он жыл бұрын – 51,77% деп көрсетілген. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, елімізде ұлдарға қарағанда қыз балалар санының айтарлықтай аз екеніне көз жеткізуге болады. Мәселен, статистикалық есепте 2021 жылы 216,2 мың қыз бала дүниеге келген, ұлдардың саны 230,3 мың деп көрсетілген. Көріп отырғамыздай халық санында әйел затының үлесі жылдан-жылға тұрақты түрде азайып келе жатқаны айтылады. Ендеше ескірген кеңестік стереотиптің «статистика мәліметтері бойынша 10 қызға 9 жігіттен келеді» деген езуге күлкі үйіретін жалған мәліметінің Қазақстанға еш қатысы жоқ екенін көруге болады.

Жанбота Сұлтанмұратқызы