Қайнар ауылдық округіне қарасты Еркін ауылында орналасқан №26 жалпы білім беретін орта мектепте «Рухани адамгершілік» тәрбие айлығы аясында Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай «Ақмаңдайлымды әуелеткен Роза!» атты мерекелік іс-шара өтті.
Директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Үмбетқұлқызының бастамасымен өткен игі шараға мектеп ұжымы мен оқушылары жұмыла атсалысты. Бұл іс-шарада мектеп психологы Алия Мұратқызы қаһарман әншінің өнегеге толы өмірі мен өнерін бейнетаспа арқылы көрсетсе, оқу-ісі жөніндегі орынбасар Сәуле Утеулова ақмаңдай әншінің өмір жолын апа рөлін сомдау арқылы шебер суреттеп, көрермен көзайымына айналды. Ал немере рөлін ойнаған 7 «в» сынып оқушысы Айзере Қасымханның ерекше дарынын атап өтпеске болмайды. Салтанатты кештің тізгінін ұстаған тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар Сымбат Сауданбекова мен Марина Абиырқызы «Ақмаңдайлымды» нақышына келтіре орындап, әуелеген әсерлі әуенмен құлақ құрышын қандырды. Осы мектептің педагог-ұйымдастырушысы әрі музыка пәнінің мұғалімі Ләззат Ізбасарқызы өзінің шәкірті Алдияр Рауанұлымен бірге «Әдемі-ау» әнін шарықағанда күллі қазақ қосыла айтатын бұл әнді өзге қырынан танығандай болдық. Оқу ісі жөніндегі орынбасар Мәншүк Дәнешқызы сызылта салған «Іңкәрім-ай» әні жүректен жүрекке жетті десек артық айтқандық емес. Мектеп психологы Рыскүл Тоқтарбекқызы орындаған «Ах, Самара городок» әніне мың бұрала билеген 8 «в» сыныбының биші қыздары жиналған қауымның таңдайын қақтырды. 7 «а» сынып оқушысы Жұмабек Дінмұхамед Роза Тәжібайқызына арналған өз туындысын оқып, аңыз әншіге деген ерекше құрметін білдірді. Әлеуметтік-педагог Жансая Мағжанқызы тәрбиелік маңызы зор айтулы кешті «Асыл арман» әнімен аяқтап, халықты өнерімен тәнті етті. Кеш соңында Розадай асыл апамыздың көзін көріп, батасын алған ұлағатты ұстаз Гүлшат Ертайқызы Роза Бағлановамен қалай кездескенін тебірене еске алды. Кеш ұйымдастырушыларына алғысын айтып, мұндай шараларды жиі ұйымдаструдың маңыздылығына тоқталған ұстаз: «КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы, Тарлан сыйлығының иегері Роза Тәжібайқызы мәңгі жүрегімізде!», – деп есімі ел есінде қалған алып тұлғаның рухына тағзым етті.Тыңдарман қауымның ерекше ықыласына бөлеген мектеп ұжымына керемет кештің куәсі болған көрермендер де өз ризашылығын білдіріп, алғысын айтып жатты. Осындай ұстамы мықты ұстаздарынан ұлағат алған шәкірттердің де алар асуы биік боларына сенеміз!
Жанбота Сұлтанмұратқызы