Аудан әкімі Таңат Айдарбеков межелі уақытта М. Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің акт залында тұрғындармен мерзімді кездесуін өткізді. Жиында қала әкімі Бақыт Күрішбековтің есеп беру баяндамасы тыңдалып, тұрғындар тарапынан қордаланған мәселелер төңірегінде сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Қарапайым халықты ең көп мазалайтын маңызды сұрақтардың бастысы – базалық мобилизацияланған кешендер салу, сумен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру және жолдарды жөндеу т.б. Бұл тек Талғар қаласына ғана емес, ауданға қарасты барлық ауылдың күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе екенін ескерсек, алдағы уақытта да үнемі назарда болатынын айта кеткен жөн. Аталған мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға толық жауап беруге тырысқан Т. Айдарбеков жауапты тұлғалар мен құзырлы орындарға нақты тапсырмалар жүктеді. Кейбір тұрғындардың жеке өтініші де жерде қалмай, ауылдық округтер мен Талғар қаласының әкіміне тұрғындар мәселесін таяу арада шешу тапсырылды. Жиында жаңа әкімнің жұмысына табыс тілеп, халықпен бірлесе жұмыс істеп, әрдайым елдің ортасында, халықтың қасында болуын сұраған қауымның айтары көп.
Маңызды мәселелер талқыланып, халық пен билік мәмілеге келген бұл жиында аудан халқының мұң-мұқтажын ортаға салған қала белсендісі Клара Хасанова мүмкіндігі шектеулі жандардың қала ішінде еркін жүріп-тұру мәселесін көтеріп: «Мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселесі әрдайым шетқақпай болып келеді. 2019 жылы мұндай жандардың өмірін жақсарту мақсатында үкімет тарапынан қаулы да қабылданған. Бірақ бұл адамдардың мәселесі әлі күнге дейін толық шешімін таппады. Тіпті әбден тозығы жеткен, ешқандай стандартқа сай келмейтін пандустарды ауыстыруға ешкімнің құлқы жоқ. Арбаға таңылғандарға аудан бойынша бар болғаны екі-ақ инватакси қызмет көрсетеді. Олардың өзіне кезектің көптігі сонша, кейбірі жетер жеріне жете алмай дал болады. Бұл – бір. Екінші, қала көшелерінің тазалығы уақтылы жасалмайды. Қала әкімі Бақыт Күрішбеков өз есебінде осы мақсатқа 23 миллион теңге қаражат бөлінгенін айтып қалды. Олар қайда кетіп жатыр? Тротуармен жүру мүмкін емес болғандықтан қариялар мен балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалы аналар бар, барлығы автожолдың шетімен жүруге мәжбүр. Үшінші, автожолдарда жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар жоқ немесе көзге көрінбейді. Неге сапалы материалдармен салынбайды? Төртінші, қала ішінде тәртіп жоқ. Автобустар кез келген жерге тоқтай салады…», – деп аудан және қала тұрғындарының жанайқайын жеткізді. Кездесу соңында тұрғындардың жеке мәселесі бойынша қойылған сұрақтарына жауап беріп, елмен еңкейіп сөйлескен ауданының әкімі Т. Айдарбеков барлық мәселенің бір күнде болмаса да біртіндеп шешілетінін атап өтті. Шенеуніктер тарапынан үнемі жалпы түрде айтылып, жалтарма жауапқа тап болатын тұрғындар алдағы күндерде аудан әкімінің ел ішінде болатынынан үмітті. Жиынға келе алмаған алыс-жақын ауылдардың тұрғындары әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасына да өз мәселелерін жазып жатты. Мәселен, Еламан ауылы тұрғындарының мұңын жеткізген aiganym_2509 деген желі қолданушысы: «Бүгін Еламаннан, Жалғамыстан, Сегізкөлден Байсеркеге дейін жұрт жұмысқа әрең барды. Еламаннан бастап құм төктіріңізші», – деген өтініш айтса, olga_gulieva20 деген қолданушы Айсулу шағынауданының Байқоңыр көшесінде не су, не интернет желісі жоқ екенін айтып шағымданды. Ал Іле ауданына қарасты екі ауылдың ортасында отырған Жаңалық ауылының тұрғындары газ құбыры қашан тартылатынын сұраса, nazgul_kakharmanova: «Бесағаштағы «Нұрия» тұрғын үй кешеніне келіңізші. Мәселе бастан асады…», – деп аудан әкімін кешен тұрғындарының жағдайын көзбен көруге шақырды.
Айта кетейік, осыған дейін Таңат Есенкелдіұлы Талғар ауданы әкімдігінің кіші залында ауылдық округ белсенділерін қабылдап, ауыл тұрғындарын толғандыратын келелі мәселелерді талқылаған. Әкімдіктің мәліметі бойынша олардың да ортаға салған мәселелері – су және су сапасы, газдандыру, ауылдық округтерде амбулаториялардың салынуы, автобус маршруттары т.б. Азаматтардың әр сұрағына жауап берген аудан әкімі әкімшіліктегі жауапты мамандарға көтерілген мәселелер бойынша тапсырмалар беріп, өз кезегінде аталған мәселелер мен олардың шешімдерін жеке бақылауына алатынын жеткізді. Рас, мұның бәрі бүгін пайда болып, ертең шешіле салатын мәселелер емес екені анық. Дегенмен ойын ортаға салған халықтың талап-тілектері де орынды және уақтылы шешімін тауып отырса деген тілектеміз. Редакциядан: Талғар ауданы әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін 2-17-72 нөмірі арқылы хабарласуға болады. Азаматтарды жеке қабылдау әр айдың бірінші және соңғы сәрсенбісінде жүргізіледі.
Жанбота Сұлтанмұратқызы