Қаңтардың 22-сі күні Талғар ауданы Тұздыбастау ауылы әл-Фараби атындағы №31 орта мектепте волейболдан қазақ айтысының майталманы, от ауызды, орақ тілді ақиық ақын Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған «Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға…» атты аудандық турнир ұйымдастырылды.
Аталған іс-шарада аудандық мәслихат депутаты Шаагзам Купидинов, Тұздыбастау ауылдық округі «Аманат» бастауыш партия ұйымының хатшысы Бектеміс Мұсаханов және №31 орта мектеп директоры Анаргүл Мандыбаева жылы-жылы жүрек жарды лебіздерін білдіреп, аяулы ақынды еске алды. Жарыс басталмас бұрын қазақ айтысының ақтаңгері жайлы орамды ойлар мен оғлан ақынның жүрек қылын шертер өлеңдері оқылды. Алматыдағы Республика сарайында өткен Халықаралық айтыста, сол кездегі, 9-сынып оқушысы Оразалы Досбосынов қырғыздың ақыны Туғанбаймен болған айтысында:
«Ау, шалдары шежіренің шын көзіндей,
Кемпірлері ар-ұят ілгегіндей.
Ерін сыйлар келіндер пірлеріндей,
Ерлері елін сүйген Күлтегіндей.
Ассалаумағалейкүм, Алты Алашым,
Қыздары қырдың қызыл гүлдеріндей.
Қынама бел, қылықты, қылдай нәзік,
Шыбықтың шылқылдаған су кезіндей.
Жіліктің бастарындай жігіттері,
Бәйге бермес түліктің тың кезіндей,
Алматы шаһарының сұлулығы,
Кәдімгі Қыз Жібектің қыз кезіндей.
Ақ басты Алатауға кім таңғалмас,
Аспанның астындағы діңгегіндей.
Ал енді ел алдында ақ сөйлеген,
Кешегі ұлы Дала билеріндей!..
– деп маржандай жыр жолдары әлі ел есінде… Бұл Оразалы ақынның 12 жыл бұрын, Әбілқайыр Сыздықовпен болған жекпе-жек айтыста айтқан маржандай сөздері еді. Сонымен қатар Талғар қаласының бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Сүйіндік Қазболатұлы ақынның құрметіне өткізіліп жатқан аудандық турнирді алғысөзбен ашып, спортшыларға сәттілік, төрешілерге әділдік тіледі. Айтулы жарысқа ауданға қарасты барлық мектептерден 16 команда қатысты. Команда мүшелерінің 160-қа жуығы ардагер ұстаздар мен дене шынықтыру пәні мұғалімдері. «Үздік шабуылшы» номинациясын №2 мектептің мұғалімі Анарбек Ернур иеленсе, «Үздік ойыншы» номинациясы бойынша №36 мектеп мұғалімі Дәулет Юсупов жеңімпаз атанды. «Үздік байланыстырушы» номинациясымен №19 мектеп ұстазы Аида Сағатбек марапатталды. «Үздік үйлестіруші» номинациясын №24 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрым Базарбаев жеңіп алды. Аталған сайыста №31 мектеп ұстаздары 16 команданың ішінен озып шығып, І орынды иеленді. Ал №24 мектептің командасы ІІ орынға тұрақтаса, ІІІ орын №2 мектеп ұжымына тиесілі болды. ІV орын №36 мектеп командасына бұйырды. Жарыстың өзге де жеңімпаздары арнайы алғыс хат және медальдармен марапатталды. Тартысты жарыс соңы ақиық ақын О.Досбосыновқа арналған үлкен аспен аяқталды.
Кәусар Әбдікерім