Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.
*******
XX ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті.
Ахмет Байтұрсынұлы
Сөзіміздің басын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұлағатты сөзімен бастауымыздың өзіндік себебі бар. Қазақта ақылы бар адам жоқтай, сырттан келіп алып қазақтың нанына семірген соң, төрімізде тайраңдап, қайқайып отырып ақыл айтатын ақылман көп. Мұның тағы айғағы ретінде Ресейдің Қазақстандағы өкілетті елшісі Алексей Бородавкиннің 02 желтоқсанда «Россия 24» арнасы арқылы жасаған мына бір мәлімдемесі екенін айтсақ та жеткілікті.
Ол елімізде орыс тіліне қарсы саясат жүргізілмейтінін тілге тиек етіп: «Мемлекеттегі саясатты айтар болсақ, мұнда әр қазақстандық екі аяғымен нық тұруы керек деп есептейді. Оның бірі – қазақ тілі, екіншісі – орыс тілі. Мемлекеттік тіл қазақ тілі болса, Конституциямен белгіленген, екінші ресми тіл – орыс тілі. Мұны ешкім өзгертпейді. Осындай саясатты қазақстандықтар одан әрі нығайтады. Әрине Қазақстан халқы екі тілде де сөйлеуі керек дегенді білдіреді. Дегенмен қазақ тілі халықтың негізгі тілі болып қала береді. Осылайша қос аяғымен нық қадам жасайды», – деп мәлімдеген ол қазақ қоғамында орыс тілінің маңызы артып отырғанын айтып: «Мәселен, Қ. Тоқаевтың инаугурацияда сөйлеген сөзінің жартысы орыс тілінде болды. Әрі бұл біріншірет емес. Ол үнемі сөз сөйлегенде орыс тілін қосады. Тағы бір дәлелі халықтың өзі орыс тілін дамытқысы келеді. Тоқаев ТМД аумағында орыс тілін ілгерлету жөнінде ұйым құру туралы бастама көтерді. Ал биыл Астанада өткен саммитте ұйымның концепциясы белгіленді», – деп атап өтті. Ал sputnik.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанда орысфобия мен экстремизмнің дамып келе жатқанын айтып: «Қазақстандағы ұлтшылдық пен радикалдық тенденциялардың барған сайын айқын байқалып жатқанын өкінішпен айта аламын және алаңдаймын. Интернет желісі радикалды ұлтшылдар мүлдем қабылданбайтын талаптар, ұрандар және т.б. ұсынатын бейнероликтерге толы. Оның үстіне бұл ұрандар русофобтық», – деп тағы бір шетін мәселені көтерді. Сондай-ақ А. Бородавкин президент Тоқаевтың ұлықтау рәсімі кезінде қоғамдағы алауыздыққа және халық бірлігіне нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекеттердің жолын кесетінін жариялағанын да атап өтті. Ол бұдан былай ел басшылығы қазақ қоғамындағы ұлтшылдық пен радикалдық сезімді азайту шараларын қолға алады деп күтетінін жеткізген және «Россия сегодня» агенттігіне берген сұхбатында: «Қайталап айтамын, қазір президент берген күшті мандатпен экстремистік ұлтшылдық сөздердің барлық түрлерін ауыздықтауға бағытталған қатаң шараларды жүзеге асырады. Бізден көмек сұраса, көмектесемі», – деп салды. Бұл ретте Төтенше Елші қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ арқылы бітімгершілік контингентінің енгізілуі елдегі тәртіпті тез арада қалпына келтіруге көмектескенін еске салды. Ол Қазақстан халқының қай тілде сөйлеуі керектігін айтып, «кеңес» берді деп хабарлайды arbat.media. А. Бородавкиннің Қазақстан халқының қай тілде сөйлеуі керектігін алға тартқан пікірі қазақ қоғамының нарызылығын тудырып, қоғам тарапынан үлкен қарсылық тудырып, кеңінен талқыланды. Тіпті депутаттардың өзі өткір пікірлер айтып өре түрегелді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: «Конституциядағы 7-баптың 2-тармағын алып тастауды талап еткен депутаттық сауалымыз өте өзекті екенін Ресей елшісі де кеше «Россия сегодня» агенттігіне берген сұқбатында тіл туралы өрескел сөзімен дәлелдеп беріпті! Өзге елге не істеуді үйретіп, өзеуреп, «екі тілді білген екі аяғымен нық тұрып, алға қадам баса алады» деп пәлсапа соғып отырған елшіге өз сөзінен ұстап алып, ескертуіміз бар біздің де! Сонда тек Ресей тілін ғана білетін біздің елдегі орыс этностары 31 жылдан бері қашанғы бір аяғымен тұрады? Қашан алға басады? Өзге тілде ғана – яғни бір аяғымен ғана ұзақ тұрған адам құлайтынын ұмытпау керек, елші Бородавкин мырза», – деп мәселені төтесінен қойды. «Тәуелсіз Қазақ Елі азаматтарының қай тілде сөйлеуін нұсқап көрсететіндей билікті Ресей елшісіне кім беріп отыр? Тәуелсіз қазақ елінің қай тілде сөйлеуі керектігінде Ресей елшісінің не шаруасы бар? Сыртқы істер министрлігі сырт қала бере ме тағы, бұған қандай қайрат көрсетеді? Біздің Ресейдегі кешегі-бүгінгісі бар, елшілеріміздің қайсысы болса да, «Бір миллионға жуық қазақ тұратын Ресейде неге бір қазақ мектебі жоқ деп айта ала ма? Тек Иманғали Тасмағамбетовтың ғана елші кезінде Ресейде қазақ тілінде сөйлегенін білеміз. Бұл елші А.Бородавкин 2018 жылы да: «Ел басшылығы орыс тілінде сөйлейді, тек өз араларында ғана емес, Қазақстан халқына үндеу жасаған кезде де», деп, астамси жауап берген болатын «Россия 24» телеарнасына берген сұқбатында. Бір жағынан Ресей елшісі ащы шындықты, Қазақ билігінің Ресей тілінде сөйлейтінін ашық айтып отыр. Жалпы, Ресей елшісінің бұдан төрт жыл бұрынғы да, кешегі де сөзіне қарасаң, Тәуелсіздік алғанына 31 жыл толып отырған Қазақстан әлі Ресейдің губерниясы секілді…Сондықтан да биыл 27 сәуірде Кеңес одағы империясының 70 жылын айтпағанда, Тәуелсіздік алған 30 жылда, барлығы 100 жылда тұңғыш рет парламентте Конституциядағы тіл туралы 7 бапты өзгертіп, тек Қазақ тіліне ғана жекедара Мемлекеттік статус беруді және Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдауды, талап еткен «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жариялағанбыз. Осы депутаттық сауалда «Ақ жол» талайдан көтеріп келе жатқан Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды тағы да ұсынғанбыз. Бұл мәселе шешіліп жатқанын жақында Үкімет басшысы Ә. Смайыловтың өзі мәлімдеді. Ал Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесі әлі созылып келе жатыр. Мемлекеттік тіл туралы заңның Концепциясы жобасын биыл 31 тамызда Тіл комитеті қарайтын Ғылым және жоғары білім министрлігіне өткізгенбіз. Соған министрлік қорытынды жасауы керек еді, үш айдан бері әлі жауап берген жоқ. Осы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдап, Конституцияның тіл туралы бабын өзгертуді талап еткен депутаттық сауалымызды Мәжілістегі 41 депутат қолдағанын айта кетуге тиіспіз. Бұл депутаттық сауалымызды белгілі зиялылар бастаған қалың ел фейсбукта «Мен конституциядан 7 баптың 2 тармағын алып тастауды талап етемін!» деп халықтық челендж жасап қолдады. Еговтағы петицияда қолдаушылар саны жарты миллионнан – 500 мыңнан асып кетті! Халық арасында қоғамдық резонанс тудырды! 2020 жылы «Қазақ үні» ұлттық порталындағы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды, конституциядан 7 баптың 2 тармағын алып тастауды талап етіп, ҚР Президентіне жазылған Ашық хатқа бір жарым айда әлемге әйгілі Ұлт зиялылары бастаған 126 мың адам қол қойды. Бұл қолдау қазір 130 мыңға жетті. Артында миллиондар тұрған, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен Ашық хатты еститін мемлекетіміз Әділетті Қазақстанда әділетті қарайды деп білеміз. Бүгінгі күннің ең басты мәселесі – Мемлекеттік тіл мәселесі! Тіл тағдыры шешілмей, Ел тағдыры шешілмейді!», – деп кесіп айтты. Өз кезегімізде «Аяз әліңді, құмырысқа жолыңды біл» деген қазақ тәмсіліне сүйене отырып, депутат Қазабек Исаның пікірін құптап, қазақ халқы ана тілі туралы ақылға зәру емес екенін айтқымыз келеді. Осы мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның «Азаттық» тілшілеріне берген сұқбатына зер салсақ. «Өз еліндегі жағдайды түзеп алсын да. Менің түсінігімдегі жақсы тұрғыдағы ұлтшылдық Қазақстанда бар. Ол ұлтшылдық біреуден кек алатын, біреудің басына әңгіртаяқ ойнататын ұлтшылдық емес. Біздікі өзімізді-өзіміз қамшылайтын ұлтшылдық. Ал енді көрші елдегі жағдайды көріп отырмыз ғой. Бөтен бір елді жайлап алу керек, басқыншылық жасау керек, қыру керек, бомбалау керек деген ұлтшылдығы бар олардың. Елші мырза әуелі соған назар аударса жақсы болар еді», – деп «Біреудің басындағы шоқты көргенше, өз басындағы боқты көріп алсын» дегенге саятын пікір айтты. Ал Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлеймен болса: «Бізге бір де бір мемлекеттің өкілдері ешқандай ішкі саясатымызға араласуға, сонымен қатар біздің ішкі саясатымызға қатысты пікір білдіруге құқықтық негізі жоқ.Біз тәуелсіз мемлекет ретінде бүкіл халықаралық фактлерде рәсімделген, біздің құқықтық саяси жүйеміз реттелген. Соны сыйлауға шақырамын және бізге мұндай бейресми ақыл айтпауы қажет деп білемін», – деген пікір білдірді.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан: «Қазір Бүкіләлемдік қоғамдастықта Ресейге қатысты қатаң ұстанымдар, әр түрлі сыни мәселелер бар ғой. Біз де солардың ортасынан жол тауып, жеке депутат ретінде бұл біздің мемлекетік тілімізге, ұстанған ұлттық саясатымызға қол сұғушылық деп бағалаймын. Тиісті деңгейде көтерілуге тиісті мәселе деп ойлаймын. Мына жағдайда үлкен лауазымды қызметкеркердің – елші мырзаның айтуы шын мәнінде ойландырады. Сондықтан бұл елдің тұрақтылығына кері әсерін тигізетін, ел мен елдің арасына сына қағатын пікір деп есептеймін», – деген ойын ортаға салды. Ал Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских бұл мәселеге қатысты ойын былай жеткізді: «Біріншіден, менің ойымша, елшінің сөзі – ол біртұтас мемлекеттің өз ұсынысы шығар деп ойлаймын. Өйткені қалай десек те елші сол елдің атынан сөйлейді. Ал, екіншіден, менің өз пікірім, біздің елімізде ұлтшылдар көп деп айтуға болмайды. Біздің елде ұлтжанды азаматтар бар. Сондықтан ұлтжандылық пен ұлтшылдықты айыра білу керек. Бұл – елші мырзаның құлағына алтын сырға!» Міне, өздеріңіз көріп отырғандай елші бола тұра өзге елдің ішкі саясатына қол сұққан А.Бородавкинге қарсы айтылған ел депутаттары пікірінің бір парасы осындай. Бұл ретте құзыретін асыра пайдаланып, тәуелсіз ел туралы, оның ана тіліне қатысты артық пікір айтқан Ресей елшісінің екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа қайшы әрекетке барғанын да ашық айтуымыз керек. «Есіктен кіре төр менікі» деген елшінің ерсі қылығына қатысты Ресей тарапынан да мәселеге қатысты мәміле айтылып, ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей елшісі Бородавкинге ескерту жасағанын жеткізді. Бұл туралы хабарлаған СІМ өкілі Айбек Смадияров: «Ресейдің төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкиннің Қазақстан туралы сөздері үшін Сыртқы істер министрлігі елшімен сөйлесті. Тиісті ескертулер жасалды. Оның үстіне Мәжіліс төрағасы да Бородавкиннің сөздеріне жауап берді. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров та елшінің сөздеріне түсіндірме берді. Біз кешірімді қабылдадық. Мәселе шешілді деп есептеймін», – деді.
Жанбота Сұлтанмұратқызы