Осыған дейін Мәжіліс депутаттары Ерлан Сайыров, Айдос Сарым мен Жанарбек
Әшімжан бастаған бір топ депутат 2000 жылы 20 шілдеде Ата Заңға енгізілген «ҚР тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Заңның күшін жою жөнінде бастама көтергені белгілі. Бұл мәселе қоғам тарапынан да қызу қолдау тауып, ел қасіретіне айналған қаңтар оқиғасынан кейін ашық айтыла бастады.
Ел талабын ескерген Конституциялық сот 10 қаңтарда Ата Заңның 62-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру туралы №2 нормативтік қаулы шығарды. Онда: «2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда білдірілген, Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясында «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады», – деп жазылған. Парламент регламентінің 32-5-тармағына сәйкес «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша бірлескен комиссияның құрамына Берік Бекжанов, Серік Ерубаев, Ерлан Смайлов секілді депутаттар кірді. Бұл туралы Конституциялық соттың ресми сайтында хабарланды. Бұл хабарламада: «2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде өз билігін тікелей республикалық референдум арқылы жүзеге асыра отырып, тұңғыш президент – елбасының мәртебесі мен өкілеттігін, оларды Конституциялық заңмен регламенттеу мүмкіндігін, Конституциялық кеңеске өмір бойы мүшелігін, сондай-ақ оның арнаулы артықшылықтарын – мәртебесінің өзгермеуін, қатарынан екі реттен артық президент болып сайлану құқығын Конституциядан алып тастады», – делінген. Сондай-ақ Конституциялық сот қаулысы бірден күшіне енетінін және шағымдануға жатпайтынын, республика аумағында жалпыға бірдей міндетті екенін мәлімдеген. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Заңына сәйкес оған берілген бірқатар артықшылық ішінде: өмір бойы Қазақстан халқына, мемлекеттік органдарға жүгіну құқығына ие болу, үкімет отырыстарына қатысу, тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қарауына жататын мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігіне қатысты аса маңызды мәселелер бойынша Парламент алдында сөз сөйлеу құқына ие болған. Сонымен қатар Елбасын жария түрде қорлауға және оның абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға, фотобейнесін бүлдіруге тыйым салынып, жауапкершілікке тарту көзделген. Аталған заң бойынша ол президент ретінде өз өкілеттігін орындау кезеңінде және одан кейін жасаған әрекеттері үшін жауапқа тартылмайтын. Оны ұстауға, қамауға алуға және қамауда ұстауға, тінту жүргізуге, жауап алуға немесе жеке тексеруге тыйым салынған. Отбасы мүшелеріне және қызметтік үй-жайларына, қызметтік көлігіне, байланыс құралдарына, хат алмасуға, оларға тиесілі құжаттарға, сондай-ақ оның қорына тиесілі мүлікке қол сұғуға жол берілмейтіні ашық жазылған бұл заңда оларға тиесілі банк шоттарының құпия сақталуы да заңды түрде кепілдендіріліп келді. Сонымен қатар ол өмір бойғы күзет, қызметтік пәтер және мемлекеттік саяжай, жүргізушілері бар жеке автокөлік, ел бойынша тегін жол жүру және ресми тұлғалар мен делегациялар үшін залдарды пайдалану құқығы, тегін медициналық қызмет көрсету және санаторий-курорттық емдеу, президенттің лауазымдық жалақысының өсуін ескере отырып, оның айлық жалақысының 80% мөлшеріндегі ай сайынғы зейнетақы, президенттің жылдық жалақысына тең сомаға сәйкес республикалық бюджет есебінен міндетті мемлекеттік сақтандыру т.б. секілді көптеген артықшылықтарға ие болып, өмірлік қажеттіліктермен қамтамасыз етіліп келді. Тұңғыш президент пен отбасының әр мүшесіне қарттық бойынша ең төменгі зейнетақының 10 еселенген мөлшерінде ай сайын берілетін жәрдемақы да өмір бойына тағайындалған. Ендігі жерде Қазақстан Респбуликасының Конституциялық соты аталған заңның күшін жойып, жоғарыда көрсетілген барлық артықшылықтарды алып тастады.
Қаңтар айының 13-і күні өткен Парламент отырысына Сенаттан – 44, Мәжілістен 93 депутат қатысып, бірінші оқылымында елбасы мәртебесінің күшін жоюды бір ауыздан мақұлдап дауыс берді. Бұл экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ерекше мәртебесінен түгел қол үзді деген сөз емес. Аталған заңның күші жойылғандықтан ол алдағы уақытта мемлекеттік органдарға мемлекет құрылымы, ішкі және сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша ұсыныстар жасау, парламент пен үкімет алдында сөйлеу құқығынан айырылды. Бірақ «Президент туралы» Заңға сәйкес экс-президент Парламент палаталарының бірлескен отырысына, салтанатты шараларға қатыса алады. Сондай-ақ «Құрметті сенатор» атағы да енді ешкімге берілмейді. Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев: «Құрметті сенатор» атағы енді заңда жоқ. Бірден айтайын, Сенат регламентіне өзгерістер енгізілді. Осыған дейін бұл атақ тек бір адамға берілген. Қазір мұндай атақ ешкімге берілмейді. Өйткені қазір бұған заңды негіз жоқ. Бұл шешімді қабылдауымыздың себебі, тұңғыш президент туралы жарлық Конституциядан алынып тасталды. Бұл – халықтың шешімі», – деп мәлімдеді. Ал kaz.nur.kz сайтына сұқбат берген саясаттанушы Данияр Әшімбаев: «Сондай-ақ тұңғыш президент құқына қол сұғылмаушылық мәселесі де қарастырылған, бірақ бұл норма Конституцияда және «ҚР президенті туралы» Конституциялық заңда қазіргі және бұрынғы президенттерге қатысты болып қалады. Бұл президентті және бұрынғы президенттер мен олардың отбасын қамтамасыз ету, қызмет көрсету және қорғау туралы баптарға да қатысты. Конституция мен президент туралы заңға сәйкес, экс-президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайтынын есте ұстаған жөн. Оның жеке құқығына қол сұғу заңмен қудаланады. Экс-президент мемлекет басшысының өкілеттігін орындауға байланысты іс-әрекеттері үшін, мемлекетке опасыздық жасау жағдайларын қоспағанда, заң бойынша жауапты болмайды», – деген пікір білдірді. Осыған байланысты
саясаттанушы заңда бірінші президентке және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі жекеменшік құқығындағы барлық мүлікке және тұңғыш президент қорына тиесілі өзге де мүлікке қол сұғылмаушылық қолданылады деген де ереже бар екенін атап өтті.
Жанбота Сұлтанмұратқызы