Былтырғы жылдың басты оқиғасы дегенде ел есіне алдымен қаңтар қасіретінің түсетіні анық. 2 қаңтарда газ мәселесіне қатысты Жаңаөзен қаласында басталған шерудің арты үлкен қалалардағы митингілерге ұласты. Сұйылтылған газ бағасының кенеттен шарықтауына қарсы болған көпшілік оны төмендетуді талап етіп, билікке өз талаптарын қойып, наразылық белгісі ретінде автокөлік жолдарын жауып тастады.
Бұл оқиға тәуелсіз ел болып еңсе тіктеген 30 жылдың ішіндегі ең ауыр және қарулы қақтығыстарға ұласқан қасіретке толы оқиғаға айналды. Ал 3 қаңтарда Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау,Қарағанды, Астана, Шымкент, Көкшетау, Орал және т.б. қалалардың көшелеріне халық бас көтеріп, елдің әлеуметтік мәселелерін алға тартып, экономикалық талаптармен қоса, саяси өзгерістерді талап етті. Ал 4 қаңтардаҚазақстанның түкпір-түкпірінде наразылық акциялары өтіп жатты. Жылдам өршіп бара жатқан ереуілшілер жиынының арты жаппай тәртіпсіздікке ұласып, тарихи маңызы бар мемлекеттік ғимараттар отқа оранып, дүкендер тоналып, түрлі арандатушылықтар орын алғандықтан, қалыптасқан жағдайға байланысты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл түрде Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Нәтижесінде Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтарда сағат түнгі 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың 00:00-сіне дейін төтенше жағдай енгізілсе, артынша республика бойынша төтенше жағдай режиміне көшірілді. Осы күні Қазақстан үкіметі Маңғыстау облысында сұйылтылған газ бағасының 1 литрі 50 теңгеге дейін төмендетілгенін мәлімдеп, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үндеу жариялап, заңсыздықты болдырмауды сұрады. Алматы қаласында шерушілер полиция көліктерін қиратып, өртеп, жүздеген адам қамауға алынды. 4 қаңтар күні түнде ел аймағында интернет байланысы мүлде өшірілді.5 қаңтар күні Үкімет тарапынан еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, сұйылтылған газ, жанар-жағармайдың бағасын мемлекеттік тұрғыда реттеу шарасы қолға алынды. Осыған қарамастан наразылық күшейіп, жаппай тәртіпсіздік белең алды. Салдарынан алып шаһар – Алматы орасан зор шығынға ұшырап, бүлікшілер қалалық әкімдіктің, Қазақстан Ұлттық арнасының ғимаратын өртеп, Президент резиденциясын басып алып, сауда орталықтары мен жеке дүкендерді, банк кеңселері мен банкоматтарды қиратып, жаппай тонады. Бейбіт басталған шерудің арты қарулы қақтығысқа ұласып, қаңтар оқиғасының кесірінен Алматының орталық алаңы адам көргісіз күйге түсіп, аласапыранға айналды. Қазіргі уақытта қаңтарда қиратылған тарихи ғимараттардың сырты қоршалып, оларды жаңадан салу мақсатында сүру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, күні бүгінге дейін ол жерге барған адамның кеудесін қасірет кернеп, иықты ауыр зіл басады.Сондай-ақ 5 қаңтарда өткен мемлекеттік жиында Қасым-Жомарт ТоқаевҚазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін мынадай бірқатар тапсырма берді:
— Мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу;
— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу;
— «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды әзірлеуге кірісу;
— Халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру;
— Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру;
— Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қосымша қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан халқына қайырымдылық көмек көрсету;
— Төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимі енгізілгенде зардап шеккен халыққа көмек көрсету;
— Халықтың әлеуметтік осал топтарынан мұқтаж балалар мен балалар үшін спорттық инфрақұрылымның дамуына және оның қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесу;
— Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары, арнайы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау;
— Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру;
— Қор қызметінің өзге басым бағыттары бойынша қайырымдылық көмек көрсету.
Қордың басшысы болып Болат Жәмішев тағайындалды. Оны қаржыландыру үшін жеке тұлғалардан, халықаралық қайырымдылық ұйымдардан, монополистердің міндетті аударымдарынан, ірі бизнес тарапынан түскен қаражат пайдаланылатыны хабарланды. Осы мақсатта 16-27 қаңтар аралығында қордың шотына 52 миллиард теңгеден астам қаржы түскен. Олардың ішінде Kaspi Bank-тің негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе 10 миллиард теңге, «Халық» қайырымдылық қоры 2 миллиард теңге, «Степногорск тау-кен химия комбинаты» 350 миллион теңге, KAZ Minerals Aktogay 6,2 миллиард теңге,KAZ Minerals Bolzshakol 6,2 миллиард теңге, Kazakhmys Smelting 5 миллиард теңге, «Востокцветмет» 3,1 миллиард теңге, «Сәби» жеке қайырымдылық қоры 1 миллиард теңге, «Астана-Моторс» компаниясы 550 миллион теңге, BI-Development 300 миллион теңге, «Сарыарқаавтопром» 250 миллион теңге, NAK Development 100 миллион теңге аударғаны туралы мәлімет бар.Ашық дереккөздердің мәліметінше, шерушілер негізінен мемлекеттік маңызы бар нысандарға шабуыл жасап, Алматы, Талдықорған қалаларындағы әкімдік ғимараттары, Алматы әуежайы наразы халықтың қолына өткендіктен 6 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрағанын мәлімдеді. Сол күні ҰҚШҰ төрағасы Армения премьер-министрі Никол Пашинян
Қазақстанға әскер жіберетінін ресми түрде растады.Айта кетейік, ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің негізгі миссиясы Қазақстандағы стратегиялық нысандарды күзету деп жарияланды. 9 қаңтардан бастап Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстанжәне Тәжікстан әскерлері (2030 сарбаз, 250 техника) маңызды нысандарды күзету жұмысына кірісті. Байқоңыр ғарыш айлағы, Сарышаған полигоны, ғарышты бақылау станциялары мен басқа да маңызды әскери нысандарды ҰҚШҰ әскерлері бақылауға алғаны хабарланды.
Ресми мәлімет бойынша ҚазақстандағыҰҚШҰ әскерінің құрамында (2022 жылдың 10 қаңтары) болғандар тізімі төмендегідей:
Ресейдің 1480 сарбазы:
45-ші арнайы мақсаттағы дербес гвардиялық бригада;
98-ші гвардиялық әуе-десант дивизиясы;
31-ші десант-шабуылдаушы дербес гвардиялық бригада;
Тәжікстанан 200 сарбаз:
Қарулы күштердің бітімгерлік бөлімшесі;
Қырғызстанан 150 сарбаз:
25-ші арнайы мақсаттағы «Скорпион» бригадасы;
Беларусьтан 100 сарбаз:
103-ші гвардиялық әуе-десант дербес гвардиялық бригада;
Армениядан 100 сарбаз: Қарулы күштердің бітімгерлік бөлімшесі.
13 қаңтардан бастап бітімгерлік күштер күзетке алған нысандарын қазақстандық құқық қорғаушыларға тапсыра бастады, ҰҚШҰ әскерлерін елдеріне қайтаруға дайындық басталып кетті. 19 қаңтарда ҚР Қорғаныс
министрлігі ел аумағында шет мемлекеттердің әскерилері қалмағанын мәлімдеді.10 қаңтарда ҰҚК тәртіпсіздіктер кезінде ереуілшілердің қолына өткен барлық әкімшілік нысандардың қайтарылғанын, елдегі жағдайдың тұрақталғанын жеткізді. 11 қаңтарға дейін тәртіпсіздікке қатысып, қамауға алынған адамдардың саны 10 мыңға жуықтап, жаппай тонаушылық пен бұзақылықтың салдарынан жеке кәсіпкерлерге келген шығынның мөлшері 100 миллиард теңгеден асқан.
Қаңтар оқиғасы тілге тиек етілгенде сол кезде елімізге сырттан келген 20 000 террористің арандатушылық әрекетке барып, жағдайды ушықтырғанын айтқан Президент сол кезде былай деп пікір бірдірді: «20 мыңға келсек, бұл көрсеткішті құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары келтірген, бұл бүкіл елге қатысты. 13 қалада бір мезгілде қоғамдық тәртіпті бұзу мақсатында билікке қарсы бандиттік шабуылдар жасалғанын білесіздер. Қазір 5,5 мың қылмыстық іс қозғалды, 500 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл біз осы қайғылы істі өте мұқият зерттеп жатқанымызды көрсетеді. Жоғарыда айтқанымдай, елде қайғылы қаңтар қайталанбайтынына сенімдіміз. Ал оның кепілі – бүгінгі референдум. Тиісті сабақ алдық. Өкінішке қарай бүлікшілердің қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды. Қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Біз мұндай жағдай енді қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз. Қазақта «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген сөз бар. Біздің парызымыз – қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содыр мен лаңкесті жазаға тарту. Халқымыз осы оқиғадан сабақ ала білуі керек. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуге тиіспіз». Сонымен қатар ел президенті Қ.Тоқаев төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болғанын айтты. Бұл туралы: «Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді. Сатқындардың опасыздығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да өз бауырларымыз. Олар елмен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлелдеді», – деді Президент. Сонымен қатар президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйылтылған газ бағасының өсуіне байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, оның ішінде Энергетика министрлігі, «Қазмұнайгаз» бен «Қазақгаз» кәсіпорындары кінәлі екенін атап айтты. Қаңтарда ҰҚК Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша «Мемлекетке опасыздық жасау» бабы бойынша соталды тергеу-тексеру амалдары басталып, Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылып, артынша «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен қамауға алынды. Кейінірек оған «билікті басып алу» бабы бойынша да қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болып, онымен бірге ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасарлары А. Садықұлов пен Д. Ерғожин да ұсталғаны мәлім болды. Ал ҰҚК-нің жаңа басшысы болып Ермек Сағымбаев тағайындалды. 15 қаңтарда энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаевтың қызметінен босатылып, қамауға алынғаны белгілі болды және электрондық сауда алаңдарының басшылары мен Маңғыстау облысындағы сұйылтылған газдың бағасын негізсіз көтеруге қатысы бар тұлғалар да ұсталды деген ақпарат тарады. Ал 19 қаңтарда қызметінен босатылған бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың 20 ақпанда уақытша ұстау изоляторына қамалғаны айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Командирлік қабілетін көрсете алмады» деп сынға алған М.Бектановқа ҚР Қылмыстық кодексінің 452-бабы бойынша («Биліктің әрекетсіздігі») айып тағылғаны мәлім.Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті 13 қаңтарда Астана, Шымкент қалаларының, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан,Қарағанды, Қызылорда, Қостанай,Маңғыстау, Павлодар, СолтүстікҚазақстан және Түркістан облыстарының аумақтарында терроризмге қарсы операцияның аяқталғаны және террористік қауіптіліктің шекті «қызыл» деңгейінің жойылғаны туралы жариялады.Тәуелсіз қазақ елінің тарихында халықтың қасіретіне айналған қаңтар трагедиясы ресми түрде мемлекеттік төңкеріс деп бағаланып, 10 қаңтар Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.ҚР Бас прокуратурасы мен Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, (2021 жылдың 15 қаңтары), елде орын алған тәртіпсіздіктер кезінде:- 225 адам қаза тапқан, оның ішінде 19 полиция қызметкері мен әскери бар. Олардың 175-і медициналық ұйымдарға жеткізілгеннен кейін қайтыс болған;
— 265 адам ауруханаға жатқызылған, оның 67-і ауыр халде;Сол кездегі ІІМ Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділовтың ақпараты бойынша, 2022 жылдың 25 қаңтарында 4553 адам жарақаттанған, оның 3393-і құқық қорғау органдарының қызметкері;- Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Атырау және Семей қалаларында жалпы саны 1466 түрлі маңызды ғимарат пен құрылысқа шабуыл ұйымдастырылған. Оның ішінде 71 мемлекеттік мекеме, 12 әкімдік ғимарат және 27 полиция нысаны бар;
— 1395 бизнес нысанында тонаушылық орын алған;- 700-ден астам автокөлік қиратылған немесе бүлінген, оның көп бөлігі мемлекеттік органдарға тиесілі қызметтік көліктер болса, 116-сы бейбіт тұрғындарға тиесілі.
— Қаңтар оқиғасы бойынша 9257 әкімшілік іс қаралып, 4584 адамға сот тарапынан ескерту жасалған;
— Прокурорлардың ұсынысы бойынша 1149 адам қамаудан босатылып, 577 айыппұл ескертуге ауыстырылған;
— 393 әкімшілік іс құрамының болмауына байланысты қысқартылған;- Сот шешімімен 3314 адам әкімшілік қамауға алынып, оның 63-і қамауда отыр;- Тергеу-жедел топтардың өндірісінде 2044 қылмыстық іс қаралса, осының негізінде 898 күдікті қамауға алынды. Олардың 802-сі соттың рұқсатымен қамалған, 50-і үйқамаққа алынған, 21-і кепілге, 12-сі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылып, 13-і әлі күнге дейін қаралып жатыр.
Ал Алматы Полиция департаменті таратқан ақпаратқа көз жүгірсек, тәртіпсіздіктер кезінде қала бойынша құқық қорғау органдарының 11 қызметкері және 149 тұрғын қаза тауып, 249 адам қамауға алынса, 405 қылмыстық іс қозғалған. Ресми дерекке сәйкес, оқиға барысында Алматыдағы мәйітханаларға 7 рет шабуыл жасалып, олардан 41 мәйіт ұрланып кеткен.Сондай-ақ Алматыда бір мезетте 7 қару-жарақ дүкені тоналып, жалпы саны 1347 қару ұрланған болса, оның ішінде 501 ойық, 807 тегіс ұңғылы, 39 газтравматикалық қару бар. Кейінгі ақпарат бойынша ұрланған қарудың саны 1564-ке жеткен. 25 қаңтарға дейін терроризмге қарсы операцияның барысында ұрланған қару-жарақтың 515 данасы қайтарылып (75 автомат, 133 тапанша, 2 пулемет, 47 винтовка, 103 тегіс ұңғылы қару, 100-ден астам граната және 9 мың патрон), қару ұрлаған 98 адам және оларды заңсыз сақтаған 61 адам ұсталып, қамауға алынғаны белгілі болды. Тоналған сауда нысандарының жалпы саны 1600-ден асады. 356 автокөлік бүлінген немесе жойылған, оның ішінде 163-і полицияға тиесілі автокөлік. Алматы қаласына келтірілген шығынның көлемі 112 миллиард теңгеге жеткен. Орта және шағын бизнес өкілдері 42 миллиард теңгеге, ірі бизнес 25 миллиард теңгеге шығындалған.Билік өкілдері ресми түрде қаңтар оқиғалары кезінде 225 адам қаза тапты деген ақпарат таратқанымен, олардың нақты есімдері әлі жарияланған жоқ. Қазақстандық белсенділер мемлекеттен бұл тізімді жариялауды талап етіп, петиция аясында қол да жинады. Сонымен қатар qantar2022.org сайты ашылып, онда қаңтар оқиғалары кезінде зардап шеккен, ұсталған, жараланған және қаза тапқан адамдар туралы ақпарат жиналды. Қаңтардың соңында Азаттық радиосы жариялаған тізімде қаза тапқан 184 адамның аты-жөні жазылған. Бұл ақпаратты Бақытжан Төреғожина басқаратын «Ар. Рух. Хақ» қоры мен азаматтық белсенділері жариялады.
11 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа үкімет мүшелерін тағайындап, шеруге шыққан халықтың талабы орындалып, барлық өңірде сұйылтылған газ бағасы 50 теңгеге дейін арзандады. 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды. Бұл бойынша 1500-ға жуық адамға рақымшылық жасалғаны белгілі.
Қазақ қазақ болғалы жаугершілік заманды да, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталып кеткен аштықты да, азаматтық соғысты да, кешегі қылышынан қан тамған кеңес дәуірінде жастардың қанын судай ағызған Желтоқсан оқиғасын да бастан өткерді. Бейбіт күнде тәуелсіз елде орын алған қаңтар трагедиясы да халықтың қасіретін қалыңдатып, қанша адамның тағдырын талқандап, жарға жығып кетті десеңші?… Мұның барлығы жазылмайтын жара ғана емес, ешқашан ұмытылмайтын қасірет екені айтпаса да түсінікті. Елдің ендігі бар арманы ел іргесі берік, жеріміз тыныш, төрт көзіміз түгел болып, қайғының қара бұлты қазақ аспанын енді торламаса екен деген ізгі тілек үстінде. Сондықтан қайғыдан қан жұтып шайлыққан жүректерде қазақ елінің шаңырағы шайқалмаса, халықтың қанаты қайырылмаса, қаңтар оқиғасы қайталанбаса, ел еңсесі түспесе деген асқақ арман бар! Ендеше өр рухты, от кеуделі елдің ұлан байтақ жерінде жақсы күндердің жаршысы болайық, ағайын!!! Бізде бұдан өзге арман да, тілек те жоқ…
Жанбота Сұлтанмұратқызы