Тағдыр талқысын көп көрген қазақтың ел мен жерін тастап, тарыдай шашырап кеткені қаншама?!.. Егемендік алып, еңсемізді тіктегелі ата-бабасының ізі қалған даланы аңсаған қанша қара көз өз топырағына келіп тамыр жайды. Солардың бірі атамекенге ҚХР-нан келіп теңізге тамған тамшыдай өз елінде еңбек етіп жүрген Талғар қалалық Тұрар Рысқұлов атындағы №9 мектептің мұғалімі Қастер Әкизаұлымен сүбелі сұқбат құрдық.
– Әңгімемізді бастамас бұрын өзіңіз туралы айтып берсеңіз?
– ҚХР Іле қазақ автономиялы облысы Текес ауданында туғанмын. 2008-2013 жылдар арасында Құлжа қаласындағы Іле педагогика университетінен физика мамандығын оқыдым. Диплом қолыма тигеннен кейін бірден Қазақстанға атбасын бұруды жөн санадым. 2014-2016 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-інде мамандығым бойынша магистратура оқып, білімімді шыңдадым. Бүгінгі таңда Талғар қалалық Тұрар Рысқұлов атындағы №9 мектебінде физика пәнінің мұғалімімін.
– Бала күніңізден ұстаз болуды армандадыңыз ба?
– «Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, менің ұстаздық жолына түсуіме әкемнің ықпалы зор болды. Ол кісі – өмірінің 30 жылын осы салаға сарп еткен адам. Ол 20 жылға таяу уақыт өзіміз тұратын Қызылсаз ауылындағы бастауыш мектептің директоры болды. Тіпті ағам, жеңем, әпкем – бәрі – мүғалім. Ауылдастарымыз отбасымызды ұстаздар жанұясы деп атап кеткен. «Алма ағашынан алысқа түспейді» деген осы болса керек.
– Бала күніңізді еске алғанда есіңізге алдымен не түседі?
– Біз бала кезімізден өте арманшыл болып өстік. Біріміз мұғалім болғымыз келсе, тағы біреуіміз дәрігер болғымыз келетін, ұшқыш боламын деушілер де аз емес еді. Ойнайтын ойынымыздың өзі осы армандарымызды арқау ететін. Ең сүйікті ойынымыз – полиция болып ойнау еді. Ойын барысында жаман амдарды құрықтап, өзіңді қаһарман, батыр сезіну арқылы адалдықты, шыншылдықты, біреудің ала жібін аттамауды бойыма сіңірген сияқтымын. Есейе келе ат құмар адамға айналдым. Ауылдағы той-томалақта бәйгеге шабатынмын. Өзіме тете ағам екеуіміз жүйрік аттың бабын табумен әбігер болатынбыз. Баптаған жүйрігіміз бәйгеден келіп, төбеміз көкке жеткен кезіміз де болған. Ауыл тұрмысының машақаты аз емес, қызығы мен қиындығы да қатар жүреді. Жаз жайлауда бұзау бағатын едік. Сауын сиырдың бұзауы енесін еміп қоймауын анам қатаң тапсыратын. Себебі сүт –біздің құрт-майымыз, қосымша кіріс көзіміз. Өзіме жүктелген міндетті орындау үшін күні бойы сол сүйкімді жануарларды көзден таса қылмайтынмын. Анамның кешкі сауын уақытын аяқтап, бұзаулардың бұйдасын түріп, еркіне жіберген кезде ғана менің бір күндік жұмысым аяқталатын. Ертесі тағы сол тірлігіме кірісетінмін… «Отанды сүю отбасынан басталды» дегенді данышпан бабаларымыз қалай тауып айтқан?! Менің отбасым, Отаным алдындағы үлкен жауапкершілігім сол кезден басталған деп білемін. Қазір қаншама ер азаматтарды көріп жүрміз, бауыр еті баласын, сүйіп алған жарын тастап, қара басының қамын күйіттеп кетіп жатады. Мұны сол бала кезіндегі орны толмаған олқы тәрбиенің, жауапкерсіздіктің, намыссыздықтың салдарынан деп ойлаймын. Өзім сабақ беріп жүрген кей балаларға қарап қайран қаламын. Олардың бойындағы самарқаулық, бейқамдық, құлықсыздық қатты ойландырады. Олардың қызығушылығын ояту өте қиын. «Ұстаз болғыларың келе ме?» деген сұрағыма көбінесе «қойыңызшы, ағай!» – деген жауап аламын. Бұл – ақылды адамды алаңдататын жағдай.
– Қазір бала сабақ ұқпаса, ұстаз кінәлі, мұғалім балаға қаттырақ сөз айтса ата-аналар да айқайлап шығады. Әлеуметтік желіде оқушының мұғалімге дауыс көтерген бейне жазбалары да толып тұр. Жалпы бүгінгі қоғамның ұстазға деген құрметіне қандай баға бересіз?
– Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса, төр ұстаздікі» деген еді, осыған қарап қазақ даласында ұстаздың қаншалық құрметті болғанын аңғаруға болады. Осы орайда бір әңгіме айта кетейін. Бастауыш 5 сынып оқып жүргенде Бақытжан деген жас ағай бізге сынып жетекшісі болды. Ол тәжірибесіз болғанмен, оның бойындағы жастық жалын, өз мамандығына деген адалдық, еш мұқалмаған батылдық сыныбымыздағы озат оқушылардың қатарын көбейтті. Мен мектеп директорының баласы болғандығымнан шығар, өзімді тым еркін сезініп, мұғалімдерден де көп имене бермейтінмін. Бір күні сыныптағы бір баланы ұрып, аузы-мұрнын қанаттым. Қысқасы, әлімжеттік жасадым. Мұны көрген Бақытжан ағайым мені жеке шақырып алды да, қолымдағы майысқақ көк шыбығыммен өзімді аямай салып-салып жіберді. Үйге барған соң қабағымдағы кірбіңді көрген анама жағдайымды жайып салдым, әкем де естіді. Іштей әкем мені ұрып жіберген ағайымның жазасын беретініне сенімді болдым. Алайда әкем: «Өзіңе сол керек!» – деді. Содан бастап өз орнымды білдім, әкеме арқалануды қойдым. Әлі күнге дейін өзімді тәртіпке келтірген сол ағайыма рақмет айтамын.
– Өз шәкіртеріңіздің арасында да осындай ерекше оқиғалар болып тұратын шығар?
– Иә… Ол кезде 7 сыныпқа физика пәнінен сабақ беретінмін. Атын айтпай-ақ қояйын, бір оқушым болды. Сабақ үлгерімі жақысы болмағанмен, үйренсем деген құлшынысы бар еді. Менің үйретіп, дем беруім мен белсенділігінің арқасында оның сабақ үлгерімі жақсара бастады. Физика сабағын құлшына оқитын болды. Бір күні сабақ уақытында оған қалай түсіндірсем де, бір есептің шешілу жолын үйрете алмай қойдым. Сосын: «Әй, ми жоқ-ай!» – деп қолымдағы қаламның артымен жай ғана басына түртіп қалдым. Ол кезде менде ешқандай ашу, реніш болған емес. Екі апта өткеннен кейін директор шақырады. Барсам өзін таныстырған оқушымның анасы: «Сіз неге баламның басынан қаламмен нұқисыз? Ол өзіне қол жұмсаса не істер едіңіз?» – деп кінәлап келіп тұр екен. Оған баласын ұрсып емес, жай ғана еркелете сөйлегенімді, оның физика сабағына деген құштарлығын оятқанымды, оқу үлгерімін ілгерлету үшін қаншалықты жанымды салып жүргенімді айтып түсіндіре алмадым. Пендеміз ғой, содан кейін есейіп қалған оқушымнан да, оның ата-анасынан да көңілім қалды. Осыдан кейін адамға «құрсыншы, жақсы ниетіңді түсінбегендер үшін жанымды қинап қайтейін» деген ой келеді екен.
– Ұстаз беделінің бүгінде маңызы қалмады деген қоғамдық көзқарас қалыптасты. Осыны бұзу мақсатында «Педагог мәртебесін көтеру туралы» заң да қабылданды. Осы мәселеде сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Қазіргі қоғамда мұғалім бет-беделінің аласарғаны соншалық, өзінің шәкіртіне қаттырақ сөйлеуге қорқады. Ата-аналардың өзі түймедейді түйедей қылып, оларды жағасынан алып, сотқа сүйреген жағдайлар көбейіп кетті. Мектеп директорының алдында да үнемі сынға қалып жататындар – мұғалімдер. Олар мына қиын-қыстау заманда жеп отырған нанынан айырылып қалмау үшін көп жағдайда үнсіз қалуға мәжбүр болады. Міне, бұл – біздің қоғамның шындығы. Бұрын ұстазымыздың алдында артық сөз айтып, артық әрекетке бармайтынбыз. Әке-шешеміз де «сүйегі менікі, еті сенікі» деп оқытушымызға тапсыратын. Ал қазіргі балалар тым еркінсіп кеткен. Еркіндік жақсы, бірақ сол еркіндіктің соңы тәртіпсіздікке ұласып жатады. Мұғалімнен именбеген бала сабақ оқысын ба? «Ұстазыңды әкеңдей сыйла» деген ақылды ұмыттық. Соңғы жылдары ұстаз мәртебесін көрету туралы заң қабылданып, жалақысын өсіріп жатқанымен, ол жеткіліксіз. Біз қоғамда сол еңбекқор жандардың кім-көрінгеннің алдында алсарып тұрмайтындай, қалағаны келіп көзінен шұқып, тауып отырған нәпақасынан айыра алмайтындай биік беделін қалыптасырмайынша, ештеңе өзгермейді. Өзі менсінбеген адамнан тәлім алған баладан бірдеңе шығады дегенге мен әсте сенбеймін. Ал енді қоғам ойлансын, мұндай жағдайда зардап шегетін кім?
– Мектептегі оқытушылардың басым бөлігі – әйел адамдар. Сондықтан үйде де, мектепте де әйел тәрбиесінде болған жасөспірімдердің, әсіресе ұл балалардың нағыз ер азаматқа тән мінез-құлқының қалыптасуында кедергі көп секілді көрінеді. Бұл туралы не дейсіз?
– Рас, қазір қоғамда ер азаматтардың ұсақталып, әйел адамдардың отбасында, қоғамда атқаратын рөлінің басым болып бара жатқаны туралы көп айтылады. «Адам адамнан тәлім алады, ағаш ағаштан мәуе алады» дегенге сенсек, сөзіңіздің жаны бар. Алайда қазір ұстаз мәртебесін арттырып, жалақысын өсіргеннен кейін жас ер мұғалімдердің саны артып келе жатыр. Болашақта бұл олқылықтың орны толады деп сенемін.
– Бүгінде қымбатшылық қысып, айлығымыз шайлығымызға жетпей жатады. Сол себепті алып отырған айлығыңыз төккен теріңізге татиды деп ойлайсыз ба?
– Алатын айлығымыз өскенімен, зат бағасы жылдан-жылға қымбаттап барады. Осы жылдың қыркүйегінен бастап сағат санымыз азайып, табысымыз кеміді. Сананы тұрмыс билеген заман ғой, сондықтан «Тарта жесе, тай қалады, қоя жесе, қой қалады», енді үнемшіл болуымызға тура келеді.
– «Парасат» оқу орталығын ашып, шәкірт тәрбиелеп отырғаныңызды білеміз. Осы ретте жетістікке жеткен шәкірттеріңіз туралы да айта кетсеңіз.
– 2017 жылы Талғар қалалық №7 мектепте жұмыс істеп жүргенде ата-аналар жиналысында балалардың математика үлгерімінің төмендеу екенін ескерттім. Кейін ата-аналар ұсыныс жасап, балаларға математикадан қосымша сабақ беруімді өтінді. Осылай өз алдыма курс ашып, қосымша табыс таба бастадым. Кейін көлемін ұлғайтып, физика-математика пәні бойынша қосымша сабақ беретін «Парасат» оқу орталығын аштым. Осында білімін толықтырған шәкірттерім мектепте жоғары балл жинаса, Назарбаев зияткерлік мектебіне түскендері де аз емес. Негізінен ҰБТ-ға дайындаймын. Көп шәкіртім мемлекеттік грантпен оқуға түсті. Жоғары оқу орнын аяқтап, жақсы жерде жұмыс істеп жүргендері де көп. Кездесе қалса «ағай» деп құрақұша амандасып тұрғанда іштей марқайып қаламын. Ата жұртыма келгендегі басты мақсатым өз еліме қызмет ету болатын. Сол арманымның жолында адаспай келе жатқаныма сенімдімін.
– «Парасат» деген есімді өзіңіз ашқан оқу орталығына ғана емес, ұлыңызға да қойыпсыз. Осыған қарап ғылым-білімге құштар жан екеніңіз байқалады. Өз балаңыздың кім болғанын қалар едіңіз?
– Парасат деген атты балама өзім қойдым. Ата-ананың бала алдындағы басты міндетінің бірі – дұрыс есім беру. Ұлым атына заты сай, ел тізгігін ұстайтын азамат болсын деген ниетпен осы атты таңдадым. Қазақстанға келгендегі тағы бір қалауым – келер ұрпағымның өз ұлтының құндылығымен сусындап өскенін көру. Балам алдымен адам болса екен деп тілеймін. Адам деген сөздің астарында көп қасиет бар. Содан кейін ғалым бола ма, әкім бола ма, ақын бола ма, ол уақыт еншісіндегі дүние деп ойлаймын…
– Сізді ақын ретінде де танимыз. «Арғы бетте анам бар, бергі бетте балам бар…» деген әсерлі өлең жолдарыңызды оқығанмын. Соңғы жылдары Қытайдағы саяси жағдайдың ушығуына байланысты екі ел арасындағаы қарым-қатынас саябырлады. Ал жаһанды жаулан пандемияның салдарынан шекара мүлдем жабылып, барыс-келіс тоқтады. Әке-шешеңізбен хабарласып тұратын шығарсыз? Ол жақтағы ел-жұрттың жағдайы қалай?
– Әуелі бұл өнерді табиғаттың маған берген ең тамаша сыйы деп білемін. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өскен тау баласының ауылына деген сағынышы өлең болып өмірге келеді. Жаз болғанда Тәңір тауының баурайын жағалай қонатын көшпенді елдің соңғы көшін көрген баламын. Жарты жүрегі қалған, уайымсыз балалығым өткен сол мекенге деген сағынышым шабытыма қанат бітіреді. Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген…» деген өлең жолдары өткеннің ғана емес, бүгіннің де шынайы бейнесі сияқты. Жетісумен жалғасып жатқан Іле қазақ автонмиялы облысы қазақтың жері екені тарихтан белгілі. Амал не, бүгінде жат елдің қарамағында қанша даламыздың жатқаны жанға батады. Әлеуметтік желі арқылы бауыр-туыстарыммен сөйлесіп тұрамын. Мына індеттің беті қайтып, шекара ашылса қазақ еліне көшіп келушілер аз болмайды деп ойлаймын. Себебі қазіргі қытайдың солақай саясаты халықты соған мәжбүр етіп отыр…
– Қытайда жоғары оқу орнын бітіріпсіз, демек жақсы жалақыға жұмыс істеуге мүмкіндігіңіз болды. Осының бәрін тастап, Қазақстанға ат басын бұруыңызға не себеп болды?
– Әр адам шыққан тегіне, түп-төркініне тартады ғой. Ол жақтағы әр қазақ Қазақстанды көңіліне медет қылады. Алыста жүрсе де келіп көруді, ауасын жұтып, топырағын басуды арман етеді. Осылай қарай кететін кезімде сүт кенжесін қия алмаған анашым екі етегі жасқа толып жылап қалған. Жанымнан артық жақсы көреттін адаммен қоштасу маған да оңай болмады. Сол кезде:
«Жанарыңа неге, апа, жас алдың?
Самайыңа сансыз бояу жасар мұң.
Ұлың ойнап бара жатыр қарашы,
Құлағында арман дейтін асаудың!» – деп оны жұбаттым.
– «Апа» деген өлең жолдарыңыз арқылы анаңызға деген шексіз құрмет пен сағынышты байқадым…
– Анамі жұмағым. Ол түріктің қызы. Бірақ қазақ болып кетті. Бала кезінде жадында сақталып қалған бірнеше сөзі ғана болмаса, өз ұлтының тілін, дәстүрін мүлде білмейді. Естуімше нағашы атам Жолбарыс Өзбекстанның Қарабатыр ауданының өте бақуатты адамы болыпты. «Қызыр шалған Жолбарыс» деген де аты бар. Байлардың дүние-мүлкін тәркілеу басталғанда шығысқа бет түзеген. Қытайға қоныстанғаннан кейін де дәулеті тасыған түріктер жергілікті биліктің қыспағына ұшыраған көрінеді. Нағашы әжем алтындарын сақтап қалу үшін анама сырма кәжекей тігіп, оның әр тігісінің арасына саусақтай жіңішке алтындарын жасырыпты. Тексерушілер келгенде апам ауыр кәжекейін киіп алып, үйдің төбесінде отырады екен. Айта берсек, мұнда үлкен тарих жатыр…
– Қытай тілін жетік білесіз, десе де осында келген соң орыс тілін білмегеніңіз үшін опық жеген кезіңіз болды ма?
– Әрине, орыс тілін білмегенім үшін күлкі еткендер де көп. Бірақ өздерінің ана тілін білмегені үшін арланған адамды көрген жоқпын. Құдайға шүкір қытай, ағылшын тілін өте жақсы білемін. Ал ана тілін білмегендерді толыққанды адам дап санамаймын.
– Сіз үшін өмірде не қымбат?
– Бастысы, еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! Ұрпағымыз өз елінде өгейдің күйін кешпесе екендеген тілектемін. Ер жігітке отбасы мен отанынан қымбат не бар?
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Зорагүл ӘБДІҚАДІР
1 Пікір
Бақмұрат 07.01.2023 at 18:24
Керемет бауырым,тек алға!