«ДАЯНАНЫҢ» ДАЙЫН ӨНІМДЕРІ

«ДАЯНАНЫҢ» ДАЙЫН ӨНІМДЕРІ

Мемлекеттік грант «Қайтарымсыз миллион» бағдарламасы аясында өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың бірі – Айман Ғалымқызы. Мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланған талғарлық кәсіпкер өз ісін бастап, жұмыссыздар санын азайтуға үлес қосып жүр. Бүгінде «Даяна» жартылай фабрикаттар брендімен аудан тұрғындарын тұшпара, мәнті сынды түрлі тағамдармен қамтамасыз етіп отырған кәсіп иесімен әңгімелесудің сәті түсті.

Айман орталық базардың жанынан жартылай фабрикаттарды сататын кішігірім асхана ашып алған. Бұл асхана, әсіресе, әйелдер қауымына қатты ұнаған. Себебі кейде жұмыстан кешігіп, үйге асыққанда, болмаса аяқасты қонақтар сау етіп келгенде осындай жартылай дайын тұшпара, мәнтілер едәуір көмек. Асхананың бір бөлігінде наубайхана орналасқан. Ол жерде алуан түрлі иісі аңқыған тәтті бәліш, нан қосылған шұжық, самса секілді өнімдер пісіреді. Кіріп барғанымызда алдымыздан шыққан екі наубайшы бізді жылы қарсы алды. Өздерінің жұмыс барысын көрсетіп, нанды қалай илейтіндерін, қолдан тұшпараны қандай әдіспен түйетіндерін көрсетті. Ашық-жарқын келіншек екен. әңгіме барысында өзінің осы кәсіпке қалай келгенін де баяндап берді. Небәрі 28 жастағы кәсіпкер екі жасында ата-анасымен Қызылордадан Талғар қаласына көшіп келген. Талғардағы Гуманитарлық-экономикалық колледжін бастауыш сынып мұғалімі мамандығымен бітіріп, 5 жыл бойы балабақшада тәрбиеші болып істеген. Жалақысына көңілі толмаған ол балаларының болашағын ойлап, жеке бизнес бастауға тәуекел етеді. Тәрбиеші болып жұмыс істегенде небәрі 50 мың теңге айлық алыпты. Жолдасы участкелік полицей болып істейді. Екеуі бір қыз, екі ұл бала тәрбиелеп отыр.

Айманның әпкелері, достары, тіпті таныстары мемлекеттік грант арқылы өз кәсіптерін аша бастаған. Ол 2020 жылы «Неге бақ сынамасқа?» деп «Атамекен» ҚР Ұлттық палатасынан мемлекеттік грант алуға қатысады. Алайда үшінші баласын босанған әйел грант ала алмай қалады. Кәсібін бастағысы келген келіншекке осы жылдың шілде айында Ұлттық палата тарапы «Өз бизнес жоспарыңызды қорғаңыз» деп ұсыныс тастайды. Бұл ұсынысты қуана қабылдаған ол бизнес жоспарын сәтті қорғап, қайтарымсыз 1 225 000 теңгені ұтып алған.

Айман алғашқы уақытта жартылай фабрикаттарды үйінде дайындаған. Сол кездің өзінде тұрақты тұтынушылары болғанын айтады. Кәсібін толыққанды ашу үшін оған тоңазытқыш, пеш, қамыр ды илейтін,жаятын машина керек болыпты. Қайтарымсыз миллионды алғаннан кейін келіншек уақытты ұттырмай, небәрі бір айдың ішінде керек-жарағын алып, жұмысын бастап кетеді. Айманның ісі алға басып, қол астына екі адам алады. Бастапқыда екі жұмысшысына 70 мың теңгеден жалақы төлеген. Ал қазір екі жұмысшысына 100 мыңнан артық айлық төлеп отыр. Айманның қол астындағы жұмысшыларына түсетін де айтарлықтай ауыртпашылық жоқ көрінеді. Себебі қамыр илейтін, қамыр жаятын, ет, пияз турайтын құрал-жабдықтары түгел. Жұмысшылары күніне 40-50 келі тұшпара, мәнті, вареники түйіп шығарады. Сонымен қатар Айманның 5-6 дүкенмен келісімі бар екен. Яғни, дүкен иелері әр күн сайын тапсырыс беріп, өнімдерін сатып алып отырады. Содан ары дайын өнім тұтынушыға жол тартады. «Бұл жерде мен жалғыз емеспін. Әпкем де 2020 жылы қайтармсыз грантқа ие болған. Ол кісі түрлі торттар, медовик, чизкейк, вупипай секілді тәттілерді жасап шығарады. Ал сіңілім әлі студент болғандықтан грантқа қатысқан жоқ. Бірақ ол да бізге көмектесіп жүреді», – дейді кәсіпкер.

Адам, ең бірінші, өзінің жасап жатқан жұмысынан ләззат алуы керек дейтін кәсіпкердің Талғар қаласы бойынша 3 сауда нүктесі бар. «Мен осы кәсіпті бастамай тұрып, бірінші шеберлік классқа қатысқанмын. Мысалы, басқа жартылай фабрикаттардың қамырлары суға қайнатқанда езіліп, ісініп кетеді. Ал біздің жартылай фабрикаттардың қамыры сол қалпында піседі. Бізде бәрі таза өнім, таза сиыр етінен жасалынады. Болашақта 5 миллиондық грантты алғым келеді. Жоспарлар құрып жатырмын. Миллионды білесіз ғой, бизнес үшін бірінші іргетасты қалауға болмаса, кәсіпті әрі қарай дамытуға көп қаражат керек. Қазақстанда не көп, жұмыссыз адамдар көп. Екі адам емес, бәлкім, 7-8 жұмысшы алатын шығармын. Оның өзі біздің Қазақстан үшін үлкен үлес. Осы гранттың байқауы қыркүйек айында өтеді екен. Соған қатысамын деп ойлап отырмын», – деген Айман Ғалымқызы әрі қарай «Даяна тәттілерінің» тарихын да айтып берді. «2020 жылы мен екінші баламды босанып, үйде отырғанмын. Сол кезде «Zhas Project» деп аталатын жастарға арналған грантқа қатыстым. Сіңілім және бір танысым – төрт адам болып қатыстық. Компьютер жеңімпазды өзі таңдағанда біздің жобамыз ұтып кетті. Сол кезде жобамыздың аты «Даяна тәттілері» деп аталатын. Жобамыз керемет жұмыс істеп кетеді деп ойлаған жоқпыз. Сонымен жұмысты жұмыла бастап кеттік. Негізі төрт адам болатынбыз, екі адам істемей, жолдан қалып қалды. Сіңілім екеуміз осы жұмысты ары қарай алып кеттік. Сөйтіп жобамыздың жолы болып, жұмыс істеп жүргенде үшінші баламды босануға демалысқа шықтым. Сіңілім жұмысты жарты жолда қалдырмай жалғастырып әкетті. Мен үйде отырып, « Атамекен» грантына қатыстым. «Даяна» жартылай фабрикаты деген жобамды ұттым. Қандай грант ұтсақ та, аяқсыз қалдырған жоқпыз. Ашқаныма бар-жоғы төрт ай ғана болса да, тұрақты клиенттеріміз бар. Келушілеріміз дәмін көріп, ұнатып жатады. Егер 5 келіден жоғары алатын болса, жеткізіп беру тегін.

Несібемізді теріп жеу үшін әрбірімізге әртүрлі қасиет берілген ғой. Әрқайсысымыз өз бойымыздағы қасиетті дамытып, сол бойынша талмай жұмыс істегенде ғана белгілі бір деңгейде жетістікке жететініміз анық. Ата-бабамыз бұл тұрғыда «Қиындықтың бәрін еңбек қана жеңбек» деп бір ауыз сөзбен түйіндеді емес пе?! Осы тұста мен замандастарымды мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Бастау Бизнес» сынды курстарды оқып, өз кәдемізге жаратуға шақырамын. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, тәуекел етіп, іске кірісер болса, әрбір жанның қолынан биікті бағындыру келетініне сенімдімін!» – деп түйіндеді сөзін еңбекқор кәсіпкер.

Мінекей, талғарлық кәсіпкер үкіметтің грантын пайдаланып, өз кәсібін ашып, нанын тауып отыр. Елімізде кәсіпкерлерді қолдау бойынша мемлекеттік деңгейде көптеген бағдарламалар іске асырылып жатыр. Кәсіп бастап, нәсібімді табам деген адамға кедергі жоқ. Сондықтан қолда бар мүмкіндікті құр жібермей, кәсібін дөңгелетіп, ел кәдесіне жаратып тырған Айман секілді кәсіпкерлерді үлгі етпекпіз.

Кәусар ӘБДІКЕРІМ