ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДЕН ҚАУІП СЕЙІЛМЕЙ ТҰР

ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДЕН ҚАУІП СЕЙІЛМЕЙ ТҰР

Ата-бабамыз итті жеті қазынаның біріне балайтын. Алайда бүгіндері олар қазына болмағы былай қалып, мал-жанға, адамдарға қауіп төндіретін мақұлыққа айналып келеді. «Ана жерде бір баланы ит талап тастапты», «Мына жақта қаңғыбас иттер адамды талап өлтіріп тастапты» деген хабарларды естіп те, көріп те жүрміз. Алайда еліміздегі қаңғыбас иттер мәселесі әлі де толықтай өз шешімін тапқан жоқ. Бұл мәселе әр жерде оқтын-оқтын көтеріліп отырады. Оның үстіне иесіз жан-жануарларды аулау, жою мәселесі қоғамымызда екіге жарылған. Бірі – жоюды қолдаса, екіншісі – жанашырлық танытып, оларға арнайы жайлар салып, сонда бағып-қағуды ұсынады. Қазірдің өзінде біршама аймақтарда ондай арнайы орындар да бар. Әйтсе де бұдан қаңғыбас иттердің мәселесі шешіліп, адамға, үй жануарларына деген қауіп сейілген жоқ.

Кеңдала ауылдық округіне қарасты Восточная көшесінің 5-үйінде тұратын Бақыткүл есімді келіншек асырап отырған тауықтарының бес-алтауын осындай қаңғыбас иттер тамақтап өлтіргенін айтады.

«Тауық ештеңе емес қой, таңертеңгілік жұмысқа бара жатқаныңда көшеде топтасқан иттер қаптап жүреді. Кешкілік жұмыстан қайтқан шақтарда да осы көрініс. Қорқа-қорқа үйге әрең жетеміз. Балаларымызды мектепке жалғыз жіберудің өзі қорқынышты», – дейді.

Бұл айтылған сөздің де жаны бар. Иттер, әсіресе, көктем, күз айларында ұйығады. Ұйыққан шақтарында топ-топ болып жүру әдеттері. Бір-бірімен таласып, кейде адамдарға шабуыл жасаудан да тайынбайды. Тұрғындардың қаңғыбас иттер әрекетіне көбірек шағымданатын шақтары да осы кезеңге тұспа-тұс келеді.

Осы орайда Талғар ауданына қарасты Алматы облысының ветеринария басқармасының ветеринариялық станциясына барып, мекеменің құрамындағы «Қаңғыбас иттерді аулау» бригадасының кеңсе қызметкері Кәмшат Құлқасоваға жолығып, олардың атқарып жатқан жұмыстарымен танысуды жөн көрген болатынбыз. ​Ветеринариялық станцияға тиесілі «Қаңғыбас иттерді аулау» бригадасында 4 адам қызмет атқаратын көрінеді. Бұл – Талғар ауданы бойын­ша жалғыз бригада. Оларға осы уақытқа дейін арнайы тіркемесі бар бір көлік бөлінген. Жуырда екінші көлік тағы беріліпті. Ауданға қарасты ауылдық округтерге шығу белгіленген жұмыс кестесі бойынша жүзеге асып отырады екен. Одан да бөлек шұғыл шақыртулар мен шағымдарға байланысты жұмыс кестелеріне өзгерістер де енетін кездері жиі кездесетін сыңайлы. Кәмшат Құлқасованың айтуына қарағанда, күніне 7-8, кейде 15-20-ға дейін қаңғыбас иттер ауланып, ветстанция жанындағы уақытша ұстау изоляторына қамалады. Үш күнге дейін ғана ұстау мүмкіндігі бар изоляторда әрбір итке арналған ұяшығы бар, оларға арнайы әзірленген тамақ беріліп отырады. Үш күн өткеннен кейін ғана оларға таблетка түріндегі арнайы дәрі беріліп, жою жолдары жасалады. Ветстанцияда қаңғыбас иттерді уақытша ұстайтын орын 18 итке арналған. Сондықтан кейде ұсталған иттердің саны артып кетуіне байланысты үш күнді күтпей-ақ, ертерек жою жолдары да қарастырылады. Жойылған иттер арнайы жасалған жануарлар қорымына жерленеді. Мұндай қорымдар ауданымызда екі жерде бар. Олардың бірі – Кеңдала ауылдық окгругінде болса, екіншісі – Белбұлақ ауылдық округінде орналасқан. Алайда аудан көлемінде қаңғыбас ит-мысықтарды ұзақ уақыт бағып-қағатын арнайы питомниктің жоқтығы қолға байлау болуда.

​«Қаңғыбас иттерді түгелдей жоймай, тарттыру (кастрация) жұмыстарын жүргізеді. Тарттыра салып бос жіберілген иттер егесіз болған соң бәрібір ашығады. Тарттыру өзгелерге туғызатын қауіпті азайтпайды. Тек қана көбею мүмкіндігіне шектеу жасайды. Аш ит бәрібір жан-жануар­ларға, адамға қауіп туғызатын мақұлық болып қала береді», – дейді Кәмшат Құлқасова. «Егесіз иттерді аулау да оңай шаруа емес. Азулы жануарлар аулаушыларға қауіп төндірмейді ме?» – деген сауалымызға: «Әрине, қауіпті. Бригада мүшелерінің кейбіреуін иттерді аулау кезінде талап тастаған оқиғасы да болған. Олар «мынау ит аулаушы, анау қарапайым тұрғын» деп бөліп жатпайды ғой. Осындай тосын оқиғалардан қорғану үшін қызметкерлеріміз жылына екі рет вакцина салдырып отырады. Бұл иттен жұғатын аурулардың алдын алу шарасы болып есептеледі. Екі аяқты адамның төрт аяқты иттің артынан жүгіруі оңай емес. Бригадада істейтін төрт-ақ адам болғандықтан, кейде үлгермей жатады. Ондай шақтарда кейбір тұрғындар шу шығарып, «сотқа береміз» деп қоқан-лоқы көрсетіп те жатады. Ондайларға да сабырмен қарауға мәжбүр боласың. Кейбір азаматтар өздерінің үйіндегі итін немесе мысығын алып кетіп, жою­ға өтініш жасап жатады. Олардың да өтініштерін қанағаттандыруға тиіспіз. Мұндай өтініштер ақылы қызмет түріне кіреді», – дейді.

​Үстіміздегі жылы «Қаңғыбас иттерді аулау» бригадасына 9 млн 120 мың теңге бөлініпті. Бұл соманың ішінде қызметкердің жалақысы, арнайы жұмыс киімдері, көліктеріне құйылатын жанар-жағар май, иттердің тамағы, дәрі-дәрмектер құны, т.б. кіреді. Әр итке күніне 3800 теңге қаражат жұмсалатын көрінеді. Жыл басынан бастап осы уақытқа дейін аудан аумағынан 1819 қаңғыбас ит ауланып, уақытында барлығы да жойылған. Жойылған иттерге қажетті құжаттар толтырылып, суретке түсіріліп, инстограмм парақшаларына жарияланып, есеп беріліп отырады екен.

​2022 жылы Талғар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының хабарламасы бойынша жыл басынан нау­рыз айына дейін 251 адам ит қабу оқиғасы бойынша тіркелген. Бүгінге дейін олардың саны 547 адамға жеткен. Бұл азаматтардың барлығы да құтыру ауруын болдырмау мақсатында ем-шараларды қабылдаған. «Егерде ит қапқан жағдай орын алғанда тұрғындар қандай әрекет жасау керек?» – деген сауалымызға: «Ит қапқан жағдайда, ең алдымен, сол аумақтың бөлімшелік полиция инспекторын шақыру қажет. Инс­пектор сол аумақтың ветеринар маманына хабарласып, иттің жағдайын, яғни ауру-сырқауы бар ма, көзі қызарып тұр ма, аузынан сілекей ағып тұрған жоқ па деген секілді тексертулерден өткізеді. Қандай жағдайда да адамды қапқан ит он күн бойы бақылауға алынады», – деп жауап берді маман.
​Қалай десек те істің салдарымен емес, себебімен күресу тиімді болары ақиқат. Сондықтан да Талғардай ауқымды ауданда осы уақытқа дейін егесіз, қаңғыбас жан-жануарларды ұстайтын бір питомниктің жоқтығы басы ашық мәселе болып тұр. Көшелерде топ-тобымен жүрген бұралқыларды үш күндік изоляторда ұстап, жою шараларын қолдану бар мәселені шеше алмасы анық.

 

Кенже СЕРІКБАЙҰЛЫ