КАРЬЕР ИЕЛЕРІНЕ «ӘЙ ДЕЙТІН – ӘЖЕ, ҚОЙ ДЕЙТІН – ҚОЖА» ЖОҚ ПА?

КАРЬЕР ИЕЛЕРІНЕ «ӘЙ ДЕЙТІН – ӘЖЕ, ҚОЙ ДЕЙТІН – ҚОЖА» ЖОҚ ПА?

Газетіміздің 27 нөмірінде «Талғардың тұла бойы тас карьер» атты мақала жарық көрген еді. Мақалада Кеңдала ауылдық округі аумағында орналасқан «Ақ жол» асфальт-бетон зауыты мен «Өзентас», «Ақтас М» тас ұнтақтау зауыттары жайында жазылған болатын.

Аталмыш зауыттардан көтеріліп жатқан түтін, шаң-тозаң, құлақ қарықтырар тарсыл-дүрсіл дыбыстар тұрғындардың әбден мазасын алып, кішкентай балалардың ауруға шалдыға бастағаны да айтылған-ды. Одан да бөлек Талғар ауданының Кеңдала ауылдық округіне қарасты «Авиатор» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары да осы мәселелер бойынша арыз жазып, тиісті орындарға жолдаған. Осыған орай 14 шілде күні Талғар аудандық Экокеңес мүшесі, аудандық маслихат депутаты Ержан Игібаев, Талғар аудандық санитарлық-эпидем­иологиялық бақылау басқар­масы басты­ғының орынбасары Нұрлан Зайнолдин, Талғар ауданының ішкі істер полиция капитаны, табиғатты қорғау инспекторы Дастан Берікбаев, Кеңдала ауылдық округі әкімінің орынбасары Айгерім Сайлаужанқызы және аудандық СЭС мамандары жиналып, аталмыш зауыттардың тұрғындарға тигізіп отырған залал­дарын зерттемек болып аттанды. Осы хабарды естіген бойда біз де аталған жерге уақтылы жеткен болатынбыз.

Аталмыш зауыттардың үшеуі де «Авиатор» бау-бақша серіктестігіне қарасты Восточный көшесінің бойында орналасқан. Алғашқы ат басын «Ақ жол» асфальт-бетон зауы­тына тіредік. Зауыттың директоры Ұлан Нұрпейісов жұмыс орнынан табылды. Тұрғындар бұл зауыттың асфальтты қыздырған кездегі түтіні үй аулаларына жайылып, қара түтін дем алуға қиындық тудыратынын, күлдері үй маңын басып қалатынын айтып шағымданған еді. Зауыт директоры оны мойындап отыр.

– Зауытты жүргізіп жатқаныма екі жыл­дың шамасы болды. Менің ал­дым­дағы қожайындар қарызға батып, екі-үш жылдай тоқтап тұрған болатын. Олардың қарызын жауып, енді ғана еңсе көтеруге бет алдық. Тұрғындарды толықтай түсінемін. Зауыттағы жұмысты жел бағыты ашық далаға соққан кездері ғана жүргізуге тырысамыз. Одан да бөлек жыл басынан бері Украинадағы түтін сүзгісін шығаратын зауытпен келісім шартқа отырып, қондырғы алмақ болғанбыз. Алайда ол елде соғыс басталып кетті де, қондырғыны жеткізіп, құрып беру жұмыстары тоқтап қалды. Сол себепті де зауыт түтінін азайту, тұрғындарға зиянын тигізбеу жағы кейде бізге қиын тиіп отыр. Құдай қаласа, осы жылдың аяғына дейін қондырғыны қойып үлгереміз деген ойдамыз, – деп кешірім сұрай ақталып жатты.

Осы шақта «Авиатор» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары да топтасып жинала қалды. Өз шағымдарын жамыраса жеткізіп жатқан олар, әсіресе, «Өзентас» пен «Ақтас М» тас зауыттарынан көріп отырған қиындықтарын айтып жатты. Тәулік бойы тынбай жұмыс істейтін тас ұнтақтау зауыттарының тарсыл-дүрсілі елді әбден мезі еткенін, шаң-тозаңның ауаны ластап жатқанын жабыла айтуда. Зерттеуге келген өкілетті орган қызметкерлері ендігі бағытын «Өзентас» тас ұнтақтау зауытына бұрды. Өкілетті орган қызметкерлерінің келгенінен хабардар болып үлгерген зауыт басшылары жұмыс істеп жатқан тас ұнтақтайтын қондырғыларын өшіріп те тастаған. Келген адамдармен кездесуге де әрең дегенде шықты. Өзін осы зауыттың директорымын деп таныстырған Сергей есімді азамат жиналғандармен селсоқ сөйлесті. Толық аты-жөнін айтудан да бас тартты. «Сіздерді тәулік бойы тынбай жұмыс істейді, Керек десе түні бойы ұйқы бермейді дейді мына тұрғындар. Осыны мойындайсыздар ма?» – деген Экокеңестің мүшесі, аудандық маслихат депутаты Ержан Игібаевтың сауалына:

– Біз өндіріс орнымыз. Күні-түні жұмыс істеуге хақымыз бар. Оны тоқтатуға сендердің құзіреттерің жүрмейді. Қолдарыңда шаң-тозаңның қалыпты нормадан асқандығы жөніндегі, мөлшерден асқан дыбыс көрсеткішін растайтын зерттеу құжаттарың бар ма? Жоқ болса, бізге кедергі жасамаңдар», – деп сес көрсете сөйледі.

«Біз соны анықтау мақсатымен келіп отырмыз. Жанымызда СЭС мамандары да бар. Қондыр­ғыла­рыңызды қосыңдар», – деген Экокеңес мүшесінің сөзіне пысқырып та қарамаған директор:

– Тексерем десеңдер құралдарың қолдарыңда. Жұмысшыларымыз қазір түскі үзіліске шықты. Оларға тамақ іш­пеңдер деп айта алмаймын», – деп зауыт ауласына кердеңдей басып кіріп кетті.

Жан-жақтан жамырай шуылдаған тұрғындардың сөзіне құлақ та түрмеді. Зерттеуге келгендер «Өзентастан» сәл жоғарылау орналасқан «Ақтас М» зауытына қарай бет алды. Бұлар да өкілетті орган қызметкерлерінің келе жатқанын алдын ала біліп алған екен. Зауытта өлі тыныштық орнаған. Кеңдала ауылдық округі әкімінің орынбасары Айгерім Сайлаужанқызы: – Бұл зауыт өздеріне ауыл сыр­тынан жол салып аламыз деп уәде берген. Сол себепті де әзірше жұмыстарын тоқтатып тұрған болуы керек», – деп зауыт басшылығын ақтап алуға тырысып жатты.

Осылайша бәрін де қатырып тастамақ болып келген өкілетті орган қызметкерлері бастары тасқа со­ғыл­ғандай шарасыз күйде зерттеу жұмыс­тарын аяқтауға мәжбүр болды. Кеуде­леріне нан піскен кәсіпкерлерге «әй дейтін – әже, қой дейтін – қожа» шықпағанына куә болғандаймыз. Тиісті мекеме қызметкерлерінің мұндай шарасыздығын көрген тұрғындар да «Енді не істесек болады?», «Мұңымызды құлақтарына ілер кім табылар екен?» дегендей кейіпте бірте-бірте тарап бара жатты.

 

Кенжеғали СЕРІКБАЙҰЛЫ