«Талғарда 30 жастағы әйел 4 баласы және мүгедек күйеуімен далада қалғалы тұр» деп сәуір айының соңында мақала жазған болатынбыз. Ол кезде Талғар тұрғыны Самал Қырықбаева 4 баласымен қуықтай екі бөлмелі баракты паналап отырған. Балалары 11, 5, 4 жаста, ал кенжесі — 1 жас 3 айлық қыз бала. Көп балалы ана бұған дейін 5 жылдан аса уақыт жер үйді жалдап тұрған. Алайда жер үйінің иесі меншігін сататын болып, баспананы тездетіп босатуды сұрайды. Содан барар жері, басар тауы жоқ жанұя Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы қаласындағы өкіліне көмек сұрап жүгінген. Содан қиын жағдайға тап болған келіншектің жайын ел естіп, біледі. «Далада қалайын деп тұрмыз. Жолдасым аурушаң, қазіргі уақытта ауруханада. Екінші топ мүгедегі. Бізге көмектесулеріңізді сұраймын», — деп шырылдаған еді көп балалы ана.
Сүйінші! Араға бір ай салып, халықтан қомақты сома жиналып, көп балалы отбасы баспаналы болды. Осы қуанышты жайтқа ортақтасып, хал- жағдайын білуге көп балалы ана Самал Қырықбаеваның үйіне барып қайттық. Мұқтаж отбасыға қайырымды жандар Іле ауданы Төле би ауылынан бақандай бес бөлмелі үй алып берген екен. 8 сотық жері тағы бар. Үй 2006 жылы салынған екен. Қырықбаевтар отбасының жаңа үйге қоныстанғанына шамамен бір ай болып қалыпты. Оны «Зекет» қайырымдылық қоры елден жиналған қаражатқа сатып алып берген болып шықты.
— О баста бұл үйді «Аsar-ume» деп аталатын қайырымдылық қоры басқа мұқтаж жандарға 7 миллион теңгеге сатып алып берген екен. Содан үй алған кісілер «Зекет» қайырымдылық қорына бұл үйді 9 жарым миллион теңгеге сатқан. Сөйтіп бұл баспана бізге бұйырды, — дейді Самал Қырықбаева.
Көпбалалы ананың айтуынша, үй картоннан салынған, сол себепті қайта-қайта сынып қалып жатыр. Көп балалы ана осы үйді алғанда керемет сезімде болдық дейді. Ол үйді алғаш көргенде ішінде дүние-мүлікті болғанын айтады. Осы үйде қалған дүние-мүлік, яғни перде, кілем, төсек-орын «біздікі болатын шығар» деп ойлапты. Алайда көшіп келгенде ешқандай зат болмапты.
— Төрт баламен кілемі жоқ тақыр жерде жатамыз. Үйді сатып алғаннан кейін ақша қалған екен. Басында жөндеу жасап береміз деді. Мұсылмандар діни басқармасы қарыздарыңызды да жауып береміз деп қуантты. Біздің 445 мың теңге қарызымыз бар. Жартысы банкке берешегіміз, қалғаны жұрттан алған қарыз. Бұл үйді жөндейтін жағдайымыз жоқ. Шынымды айтсам, осы үйді сатып, іргелес орналасқан Қосөзен ауылынан басқа үй сатып алғым келеді, — деді көп балалы ана.
Ал мүгедек жолдасы Талғарда орналасқан Алматы облыстық медициналық-әлеуметтік оңалту және психиатрия орталығында емделіп жатыр екен. Самалдың айтуынша, күйеуінің кезекті рет ауруы қозып, балалары мен өзін соққыға жыққан. Атап айтқанда, темір майысқанша ұрып-соғып, көшеде балтамен қуалапты. Бұл жаңа үйге көшіп келгенде болған жағдай дейді әйел.
— Талғарда мен қанша жыл тұрдым. Балаларымның бәрін Талғарда босандым. Сол Талғардан кеткеніме жүрегім ауырады. Досым да, танысым да, маған қолдау көрсететін адамдар бәрі сол жақта. Мысалы, Төле би ауылына көшіп келдік. Мұнда ешкімді танымаймын. Не туыс, не дос жоқ. Ешкім келе алмайды алыс болғандықтан. Қазір мен, шынымды айтсам, күйеуімнен қорқамын «ұрып кете ме» деп. Балаларды темір майысқанша ұрып, балтамен қуалады, шыдай алмаймын. Жолдасым мені соққыға жығып келе жатқанына сегіз жыл болды. «Қой, өзгеретін шығар, ауырады ғой» деп өзімді жұбатып келдім. «Балаларымның әкесі» деп келе жатқаныма, міне, талай жыл болды. Бірақ та қазір білесіз ғой, жаңалықтарды көресің, маған қата тимей, бата тиіп кетсе қайтем? Мысалы, күйеуім жұмыс істемейді, жұмысқа жарамсыз, жарайды, ол түсінікті. Жұмысқа алады, шығарып тастайды. Ұстамасы бар екен деп. Бірақ енді ер азамат жатып алып, «темекім жоқ, сен маған алып беруің керек!» деп ұратыны санама кірмейді. Балаларым аш болып тұрса да, «осылар таяқ жемесін, өзім таяқ жемейін» деп темекісін қарыз болып алып берем. Нан қандай жағдайда келіп жатыр, тамақ қайдан келіп жатыр, дым білмейді. Қанша аясам да, темекі үшін бала-шағасын ұратыны… Темекіні қабымен алып қоямын. Ол біткен соң қайтадан ескі әдетін бастайды. Тактиканы біліп алған. Бірінші мені ұрмайды, балаларын ұрады. Балаларымның психикасы бұзылып жатыр. Қазір, тіпті, бір-бірімен соғысып, қырылысады. Балаларым «әкеміз анамызды ұрады, демек солай ұруға болады» деп есептейді. Жарайды, мен тағы кешірем бұл қылығын. Бірақ ертең тағы да бастайды. Бірінші күні бала-шағаммен қашып кеттім. Қалтамдағы соңғы 5 мың теңгеге қонақ үй жалдап, түнедім. Келесі күні «ашуы басылған шығар» деп үйге келсем, қайтадан сол әңгіме басталып жатыр. Үлкен баламның басын қысып ұстап, көтеріп, қабырғаға соғып жатыр. «Қойсаңшы, Марат!» десем, тыңдамайды. Бауыры алып кетпесе, менің жағдайым жоқ. Мен сегіз жыл бойы таяқ жедім. Түнімен ұйықтамаймын, келіп өлтіріп кете ме деп қорқамын. Бағана жедел-жәрдем келіп кетті. Қан қысымым 140-қа бір-ақ шығыпты. «Қатты стресс болғаннан» деп дәрі салып кетті. Ертең мен өліп қалсам немесе мүгедек болып қалсам, менің бала-шағам кімге керек? Бүкіл ауылда қуалап, көршілердің көзінше масқарамды шығарды. Бұрын Талғарда тұрған кезімде кез-келген уақытта ауруханадан адам шақыртып, дәрісін салдыртатынмын. Ал мына жақта анау ГРЭС-ке жету үшін бір жарым сағат уақытың кетеді. Дәрігерлер күйеуімнің ұстамасы психозға ауысқан, ауруы асқынып, адам не істеп, не қойғанын білмейді деді. Ол көктем мен күзде ауруханаға жатуы қажет. Мен үйді Талғардан алып беретін шығар деп күттім. Менікі қанағатсыздық емес, мен шүкір деймін. Қандай болса да, осы күніме шүкір деймін. Кішкене жағдайымызды жасап беретін шығар деп ойладым, сәл болса да. Енді бұл кісілер уәдесінен тайды деп айта алмаймын. Келесі айдың басында қарызыңызды жауып береміз деп айтты, бірақ әлі жапқан жоқ,-дейді көзіне жас алған Самал.
Көп балалы ана күйеуі балтамен қуалағанда тәртіп сақшыларын шақыртқан екен. Полицейлер дәрігерлерді шақыртып, содан арнайы орталыққа алып кеткен екен. Басында баспанасы болмағанда пана сұраған Самал Қырықбаева енді халықтан дүние-мүлік сұрап отыр. Айтуынша, тақыр жерде бала-шағасымен ұйықтап, тақыр жерде отырып, тамақ ішеді. Одан қалды, әйел кейбір күндер қара нанмен ғана тамақтанамыз дейді. Мемлекеттен алатын 4 баласына алатын жәрдемақысы мен атаулы әлеуметтік көмектің ақшасы жетпей жатыр екен.
Баспаналы болса да, бақытты бола алмай отырған көп балалы анаға жанымыз ашып, кетуге жиналдық. Содан Самалдың үйінен шығып бара жатып, дәлізде жиналып тұрған екі-үш кілемді байқап қалдым. Жаңа ғана «үйімде кілем жоқ» деп жылаған келіншектің бұл қылығына қарап, ішімде күдік ұялады. Өзінің айтуы бойынша, қаншама жыл баспанасыз қаңғырып жүрді. Міне, енді халықтың арқасында қаражат жиналып, әдемі үй алды. Сырты жап-жаңа, ауласы қоршалған. Бақшасы тағы бар. Мектеп, балабақша таяқ тастам жерде тұр. Көршілері де жүзі жылы, жайлы кісілер екен. Жер телімі де кәдімгідей үлкен. Біз барады дегенге дүниесін тығып қойғаны ма? Оны түсінбедім. Өзінен сұрауға ұялдым.
Кәусәр Әбдікерім