Алматы облысының Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарына қарасты Ақтас, Бәйтерек, Ават, Азат ауылдарының тұрғындары қоқыс полигонынан шағатын сасық иіске тұншығып отырғандықтарын айтып, газетімізге шағымданған болатын. Полигоннан шығатын қолаңса иіс, әсіресе, жазды күндері бүкіл аумақты алып кететін көрінеді. Мәселенің мән-жайын білмек болып, атымыздың басын аталмыш полигон орналасқан жерге жақын маңдағы ауылдарға бұрдық.
Ават ауылында шамамен 6 мыңдай адам тұрады. Қоқыс полигонына жақын маңда тұратын өзін Имомали Мұхамедовпын деп таныстырған азамат:
«Осында тұрып жатқаныма 50 жылдың көлемі болып қалды. Бұрындары қазіргідей сасық иіс болған емес. Мүңкіген иіске тұншығып отырғанымызға 10 жылдың көлемі болып қалды. Жел полигон жақтан соққан кездері мүңкіген иіске тұншығып, дем алуымыз қиынға соғады. Ауыл әкіміне қаншама рет шағымданып бардық. Алайда полигонның Талғар ауданы аумағында жатқандықтан, еш шара қолдана алмайтындығын жеткізді. Әкіміміз шарасыздық танытса, біз не істей алмақпыз?!» – дейді ол да басы қатқан кейіпте.
Ават ауылынан берегіректе орналасқан Бәйтерек тұрғындары да осындай кепті бастарынан кешіп отыр екен. Полигон мен Бәйтерек ауылының шеткі жағы бар-жоғы бір шақырымдай ғана. Ауылдың шеткі жағынан қоқыс полигонының қоршауы көрініп тұр. Жолай кездесіп, өзін осы маңда тұратын Асхат Оңдасыновпын деп таныстырған тұрғын:
«Біз тұрып жатқан жерде жел бірде олай, бірде былай соғады. Жел бағыты біздің ауылға бұрылған шақта тұрып жатқан үйімізді сасық иіс басып, қолқаны қауып, деміңді тарылтып, тыныс алдырмай, тұншықтырады да тұрады. Осындай ауамен демалудың салдарынан отбасымызбен ауруға шалдықтық. Отбасымда шиеттей бес балам бар. Барлығы демікпеге ұшыраған. Бұл ауру алыстан келіп отырған жоқ. Барлығы осы сасық иістің кесірі», – деді ашына.
Талғар ауданына қарасты Ақтас кенті қоқыс полигонына тіптен тиіп тұр десе де болады. Кенттің шеткері үйлері қоқыс полигонына 400 – 500 метрдей жерде орналасқан. Шеткерірек үйдің ауласында жүрген тұрғынды сөзге тарттық. Ақлима Халыққызымын деп таныстырған келіншек:
«Осы жерге көшіп келгенімізге он-он бес жылдың көлемі болып қалды. Үйді сатып алған кезде байқамаған екенбіз. Жаздың күнгі аптап ыстықтарда есік, терезені ашып отыра алмаймыз. Сонау қоршаудың іші толы қоқыс. Күн ысыған сайын тынысыңды тарылтатын иіске тұншығасың. Оның сыртында қасында тас ұнтақтайтын карьер орналасқан. Тас таситын алып жүк көліктері бір жағынан шаңға көміп кетіп отырады. Көшіп кетерліктей басқа барар жер, басар тауымыз жоқ. Лажсыз көнуімізге тура келіп отыр», – дейді қынжыла.
Құжат бойынша бұл полигон жабылған болып табылады. Қоқыс полигоны, нақтырақ айтсақ, Талғар ауданы мен Еңбекшіқазақ ауданының шекарасында жатыр. 2020 жылы маусымда қоқыс полигонынан өрт шығып, жақын маңдағы ауыл-аймақтарды түтін басып қалған болатын. Түтіннің зардабы Талғар қаласына да жеткенін тұрғылықты халық әлі күнге дейін айтады. Ал жергілікті тұрғындар болса, полигонда одан да бұрын бірнеше мәрте өрт шыққанын тілге тиек етеді. Осындай оқиғалар жиі қайталана бергеннен кейін қоқыс полигонын жабу туралы шешім шығарылған.
Алайда бұл шешім тек қағаз жүзінде қалып отырған сыңайлы. Арысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бәйтерек, Ават, Азат ауылдарының, берісі Талғар ауданына қарасты Ақтас кентінің маңындағы тұрғындар жел тұрған шақтарда қоқыс полигонынан шығатын иістен тұншыға жаздайтынын айтып, шағым жасаудан тыйылған емес. Кейбір тұрғындардың деректеріне қарағанда, полигонға қоқыс әкеліп төгетін машиналар әлі де толастай қоймапты. Жасырын болса да, кейбір күндері бес-алты көлік үстіне тиелген үйме қоқыстарын осы полигонға төгіп кетіп отыратын көрінеді.
«Мың естігеннен бір көрген артық» деген. Қоқыс полигонының маңына келіп тұрып, көрмей кетуді жөн көрмедік. Полигонның үстін қарға-құзғындар мекендеп алыпты. Дүр етіп көтеріле ұшқанда ашық аспанды бұлт басқандай әсерде қалдырады екен. Полигон орналасқан жер жекеменшік болып табылатын көрінеді. Басында отырған қарауылынан ешқандай да мандыған жауап ала алмадық. Қайта өзімізге сес көрсетіп, полиция шақыратынын ескертіп, қорқытқысы да келді. Одан ештеңе өнбесін сезгеннен кейін қайтуға бет алдық. Полигонның шығыс жағында Азат ауылы көрініп тұр. Ендігі бағытымызды сонда түзеп келе жатқанымызда үстіне тұрмыстық қалдықтарды сықита тиеп алған «Зил» маркалы көлігі алдымыздан кесе көлденеңдей өте шықты. Телефонымның камерасын бір рет қана сырт еткізіп басып үлгердім.
Азат ауылының шеткі тұсындағы үйден қартаң тартқан кейуана шықты. Жанына келіп, жөн-жосығымызды айтқан бізге:
«Қарағым, мен Үмітхан Моласарова деген апаларың боламын. Осы ауылда бүкіл ғұмырым өтті десем өтірік айтқаным емес. Ауылымыз көкорай шалғынды, жасыл желекке бөленген жер ғой. Мұны Тәңірдің елге берген сыйы десем жаңылыспаспын. Міне, өздерің де көріп тұрсыңдар ғой. Осындай жер жәннатын өзіміз қолдан құртып жатырмыз. Ауыл жанына қоқыс төгіп, мүңкіген иіске тұншығып отырысымыз мынау. Бұл қоқыс алаңы заңды түрде жабылған дейді. Алайда оны біз көріп, сезіп тұрған жоқпыз. Күніне бірнеше мәрте қоқыс тиеген көліктер кіріп шығып жатады. Көрмейік десек, көзіміз бар. Айтсаң, тағы жаман атты боласың. Өздерің де сол жақтан келе жатырсыңдар ғой. Қоқыс төгіп кетіп бара жатқан көліктерді де көздерің шалған шығар. Осының зардабын бүткіл ауыл тартып отырмыз. Естір құлақ болса, осыны жеткізіңдерші», – деп аманаттай тапсырды бізге.
Қоқыс полигонының заңды түрде жабылғандығы қаншалықты рас екенін білмек болып, Экокеңестің мүшесі, аудандық маслихат депутаты Ержан Игібаевқа қоңырау шалдым. Тұтқаны көтерген депутат:
«Ақтас кентінің маңындағы ескі карьерде орналасқан қоқыс полигоны осыдан бірнеше жыл бұрын жабылған. Ол жерде қоқыс өңдейтін зауыт құрылысы салынатын болып 2018 жылы шешім шығарылған. Егер ол жерге қоқыс төгіліп жатса, онда ол заңсыз болып табылады», – деп жауап берді.
Экокеңес мүшесіне өзімнің дәл қазір сол қоқыс полигоны маңында жүргенімді, қоқысты сықита тиеп алған бір «Зил» машинасының полигонға кіріп кеткенін айттым. «Ондай жағдайға куә болсаңыз, суретке не видеоға түсіріп алып бізге жіберіңіз. Тұрғындардың да шағымдары қоса болсын», – деп өзіме біршама жүкті артып қойды. Депутат Ержан Игібаевтың тапсырған тапсырмасы орындалмай қалмасын деген ниетпен жазған осы мақалам аманат жүгін арқалар деген ойдамын.
Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ