Дін адам тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және рухани өмірінің негізгі тармағы. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Егемен ел атанып, тұғырымызды бекіткен жылдар аясында, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінде діннің алатын орны айрықша. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ. Дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін нығайтуда, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Дәстүрлі дін адам баласын ізгілік пен сабырлыққа ұйытып, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан тыяды, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстауға тәрбиелейді. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, екi тараптың өзара бiрiгiп əрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындап жəне жетілдіріп отырудың маңызы зор. Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің зайырлы мемлекет екені анықталған. Демек, заманауи шынайылықтағы зайырлы мемлекет ұғымының мазмұны құқықтық, демократиялық құндылықтарға негізделген және сенім мәселесінде дін өрісіне мүмкіндік беретін мемлекет ретінде тұжырымдалады. Сондықтан дінаралық қарым-қатынас тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі.
Этносаралық және конфессияаралық келісім ел тыныштығы мен дамуының негізгі кепілі. Еліміздегі конфессионалдық татулық, діни сенім бостандығы туралы түсінік, дінаралық қатынастардағы толеранттылық, ұлтаралық және дінаралық келісімнің Қазақстанадық модулі бүгінде әлемдік деңгейде озық үлгі ретінде танылып отыр. Елбасының бастамасымен Астанада әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі ұйымдастырылып келеді. Дәл осы конфессияаралық диалогтың маңыздылығы – ол бір ғана діннің мүддесіне қызмет етіп қоймайды, жалпы адамзатқа ортақ өзекті мәселелердің ортақ шешімін табуға ықпалдастық етуінде. Ең бастысы, мұнда көпұлтты, көптілді, көпконфессиялы қоғамның мәселелері қаралады.
Ауданымызда азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтарын, діни бірлестіктер арасындағы өзара түсіністікті, төзімділік пен сыйластықты нығайту, олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Діни бірлестіктермен жұмыс Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылдың 11 қазандағы Заңына сәйкес іске асады. Аудандық БАҚ-да ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған материалдардың жариялануын қамтамасыз етіп, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңдаТалғар ауданының аумағында 45 діни бірлестік өз қызметін атқаруда. Оның ішінде: мешіттер-24, орыс православ шіркеуі-6, рим-католик шіркеуі-3, протестанттық шіркеулер-12. Барлығы өз қызметтерін, діни рәсімдерін заң аясында атқарып келеді.
Жалпы дін туралы, оның ішінде ислам діні туралы түсінігіміз жеткілікті деп айта аламыз ба? Өкінішке орай, кейінгі кездері қоғамда көрініс тапқан келеңсіз оқиғалар бұл мәселеге айрықша мән беру керектігін көрсетуде. Шындығында, мешітке барып намазға жығылып немесе үйінде бес уақыт намаз оқып, ораза ұстайтындардың көпшілігі өзінің ислам дінімен байланысын ұлттық дәстүрдің құбылысы ретінде қарайтындығы шындық. Қазіргі таңда діни жолды ұстанушылардың көпшілігінің діни білімнің таяздығы, оның негізгі қағидалары мен тарихын жете білмейтіндігі жат ағымның ықпалына түсіп кету қауіпін тудырып отыр.«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, әлі де оң-солын бағамдай қоймаған жастарымызды жат ағымнан сақтандыру мақсатында жүйелі түрде жоспарға сай ағарту, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Өткен жылы, бекітілген облыстық және аудандық медиа-жоспарға сәйкес, АНТТ мүшелерінің қатысуымен 18 кездесу өткізіліп, оған 3000-ға жуық адам тартылған. Айта кету керек, АНТ құрамын да білікті мамандар, дінтанушылар және теологтар енген, сондықтан да халық арасында түсінік жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп, қатысушылар дін мәселесіне қатысты маңызды да пайдалы мағлұматтарға қанығып, теріс ағымдардың қоғамдағы қауіп-қатерін түйсінуде.
Сонымен қатар, аудандық «Талғар» газетінде «Дін және қоғам» айдарымен: «Жат ағымнан сақ болайық», «Интернет – радикалы идеяның таралу көзі», «Рухани тәрбиеде осал болмайық!», «Жастарды жат ағымнан сақтандырайық», «Діни экстремизм – қоғамға төнген қауіп» және т.б. тақырыптарда 55-тен аса мақала жарық көрді. Аудан көлемінде діни сеніміне байланысты конфессияаралық қақтығыстар мен түсініспеушіліктер, діни бірлестіктер тарапынан қоғамға жат әдебиеттер, діни пиғылдағы кітапшалар тарату, экстремизм мен терроризм, этикалық, әлеуметтік және діни көзқарастары негізінде болатын қарама-қайшылықтар фактілері орын алған жоқ.
Аудандағы қоғамдық-саяси, діни ахуал тұрақты. Осынау өзекті мәселе аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің тұрақты бақылауында. Дана халқымызда «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» деген ғибратты сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді. Ылайым, баға жетпес бақытымыз-ел тыныштығы мен береке-бірлігі әрі қарай да арта берсін!
Райхан Садықова
Талғар ауданының әкімі