Ұлт басында тұрған ұлы тұлға Д.А.Қонаевтың қазақтығын, ғажаптығын, даралығын, даналығын дәріптейтін тағы бір жағымды жаңалық Талғар жұртшылығын ғана емес қазақ елін айрықша қуантты десек, қателеспейміз. Адамгершілік тұлғасы таныған сайын асқақтап, білген сайын биіктей түскен атамыздың құрметіне жасалған әр қадам ел тарихына деген сүйіспеншілікті де сездірсе керек.
Д.Қонаев атындағы университетінің 20 жылдық тарихы бар Талғар қаласындағы колледжінде дара тұлғаға арналған мұражай ашылды. Мемлекет және қоғам қайраткері, ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарған Дінмұхамед Ахметұлын кейінгі ұрпақ танып-білсін деген мақсатпен жүзеге асқан мұражайдың салтанатты ашылуына көптеп жиналған қауымға қарап әлі де ол кісіге деген зор ықыластың тот баспағанын аңғармау мүмкін емес. Аудан әкімінің орынбасары Д.Қыдырбек-ұлы, профессор, заң ғылымдарының докторы, Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Ө.Жалаири, білім саласының құрметті қызметкері Қ.Дарханбаева, Талғар ауданының Құрметті азаматы Н.Үмбетова, аудандық Қоғамдық келісімнің төрайымы Ж.Бұтабаева, республикалық Қонаев мұражайының тұңғыш директоры Б.Батталғазиев, аудандық кітапхана директоры М.Хармысов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ү.Жусанбаевалардан бөлек колледж басшылары, жастар ресурстық орталығының кеңесшілері мен студенттер қатысқан шара алдымен кіре берісіндегі атамыздың бюстына гүл шоқтарын қойып, тағзым етумен басталып, акт залындағы танымдық кешпен жалғасын тапты. Димаш атамыздың Қазақстанның дамуына қосқан сүбелі үлесі, адамгершілік қасиеттері жайлы естеліктер айтылып, өмірден өтсе де халық игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан еңбектері тілге тиек болды. Мұндай игілікті істердің молынан болғаны жастарды патриоттық тәрбиелеудің айқын көрінісі екенін де жеткізе кетті сөз алған азаматтар. Танымдық кештің көркін арнауымен әрлей түскен ақын Т.Шерияздан Димаш атасының жарқын келбетін қара өлең құдіретімен айшықтап берді. Білім ошағының басшысы ҚР білім саласының құрметті қызметкері, Білім үздігі Райхан Булекбаева мұражайды ұйымдастыру барысындағы жұмыстарға тоқталып өтті.
Бүгінде колледж қабырғасында білім алып жатқан 160-тан астам студенттің әрқайсысы да көрнекті тұлғаның атындағы білім ошағында оқып жатқанын мақтаныш тұтатынын, әрі көрнекті тұлғаның атқарған абыройлы ісіне болашақ білікті маман ретінде саналылықпен, парасаттылықпен, жауапкершілікпен қарай білетінін жеткізді. Танымдық кештің көрігін қыздырған концерттік бағдарламадан соң мұражайдың лентасы қиылып, келген көпшілік мұражайды аралап, жәдігерлермен танысып шықты. Балалық шағынан бастап қызметте өсу баспалдағы мен қоғам қайраткері ретінде қалыптасу жолы бейнеленген фотосуреттерден бөлек құнды экспонаттардың қатарын Қонаев атамыз киген шапаны, жұмыс костюмі, киім ілгіші, жамылғысы мен шай ішкен ыдысы толықтырыпты. Бұдан өзге ұлы қайраткерге серік болып, тағдыр қыспағына бірге төзе білген жары Зухра жеңгемізбен түскен сирек кездесетін суреттер де мұражай төрінен орын алған.
– Мұражайды ашу идеясы бір күнде туыла салған жоқ. Екі жыл көлемінде нені қалпына келтіру керек деген сауал төңірегінде ойланып, ел біле бермейтін жәдігерлерді жинадық, кезең-кезеңмен топтастырдық. Осылайша мұражайды екі экспозициялық бөлімге бөлдік. Біріншісі Қонаевтың балалық шағын, студенттік кезін және еңбек жолының басталуын қамтыса, екінші бөлім саяси және қоғам қайраткері болған кездегі рөліне арналды. Бір айта кетерлігі, қазір бізде «Мұражайға жәдігер сыйла!» акциясы ұйымдастырылуда. Мұражай қорына ұлы тұлғаға байланысты материалдарды, жәдігерлерді сыйлап, тарихтан сыр шертетін орынға азаматтық үлестеріңізді қоссаңыздар болады, – дейді аталмыш мұражай меңгерушісі Мейрамгүл Садуақасова.
Қонаев – елін сүю, жерін сүю дегеннің, шын мәніндегі патриотизмнің үлгісін көрсете білген адам. Жеріміздің тұтастығын сақтау жолында неше рет басын бәйгеге тіккен қайраткер. Ендеше ел игілігі жолында аянбай қызмет еткен жанды ардақтап, есімін келер ұрпақ жадына сіңірсек, заңғар тұлғаға деген ықыласымыз да сол болмақ.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
«Талғар»