«Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, қыс мезгілі ең алдымен өзінің қарлы-боранды, үскірік аязды күндерімен ерекшеленетіні мәлім. Міне, осындай аяқ астынан болатын табиғаттың тосын мінезіне сақадай сай болудың маңызы зор. Биыл да қақаған аязбен қатар бұрқасындата жауған қар тұрғындарды біраз әбігерге түсіргені рас.
Мәселен, аудан орталығы Талғар қаласын алып қарар болсақ, қардан тазарту кезінде орталық көшелер мен әлеуметтік нысандарға жақын жолдарға баса мән берілуде. Жалпы аудан бойынша жолдарды қардан аршу жұмыстары тиімді жүргізіліп отыр ма, алдын-алу шаралары дер кезінде ұйымдастырыла ма? Жұмсалатын қаржы мөлшері қандай, техника жеткілікті ме? – деген сауалдарға жауап іздеп аудандық «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің басшысы Шавкат Ғалиұлы Сагитденовке жолыққан едік.
– Талғар ауданы бойынша аудандық маңызы бар автожолдар – 1448,55 км, облыстық маңызы бар жолдар – 239,3 км, республикалық маңызы бар жолдар – 71 км. құрайды. Аудан бойынша Талғар қаласының Орталық алаң, Қонаев, Делегатцкая, Абай, Бокин, Лермонтов, Мәлкеев, Павлов, Бедренко, Бекбаев-Крутенко, Садовая, Рысқұлов, Қарасай батыр, Ахметов, Менделеев, Абылай хан, Гагарин, Леонова, Тәжібаев, Амангелді, Пионерская, Мұратбаев, Жастар, Әл-Фараби, Құрманғазы, Клеверная, Крылов, Тоқаев, Торайғыров, Ботоническая, Циалковского, Жамбыл, Сәтбаев, Есенин яғни барлығы 31,6 км жол тазаланады. Қызмет көрсету жұмыстарымен ЖК «Алина» айналысады. Аталған мекемеде 7 техника бар олар: КАМАЗ – 3 дана, (щетка, күрек, құм шашқыш), грейдер – 1, тиегіш – 1, трактор – 2 (щетка, күрек). Жыл басынан бастап ауа-райы күрт өзгеріп, 5 рет қар жауап Талғар қаласы бойынша жолдарға 160 тонна тұз-құм қоспасы себіліп, 900 текше метр қар шығарылды. Қардың толассыз жаууына және жұмыс көлемінің көптігіне байланысты қар шығару жұмыстары әлі де жалғасуда. Аудан бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың қар тазалау жұмыстарын «ЖПБ-21» ЖШС айналысады, тапсырыс беруші «КазАвтоЖол» АҚҰК. Облыстық маңызы бар автожолдардың қар тазалау жұмыстарын «Алматы жолдары» ЖШС жүргізеді, тапсырыс беруші облыстық жол басқармасы болып табылады. Аудан бойынша ауылдық округ жолдарын қардан тазалау жұмыстарын ұйымдастыру әр ауылдық округ әкімдіктеріне жүктелген. Биылғы жылдан бастап әр ауылдық округ бюджетіне қар тазалау жұмыстарына қаражат қарастырылуда.
Райхан Азимова
«Талғар»