АУДАН АКТИВІ ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

АУДАН АКТИВІ ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

  Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы өзінің нақтылығымен әрі дәлелділігімен айшықталды. Стратегиялық мазмұны бар құжатта анықталған он міндеттің әрқайсысы еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін аса маңызды.

Cәрсенбінің сәтінде аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы ауданның атқарушы органдарының жұмысы туралы» актив жиыны өтті. Аудан әкімі Райхан Садықова төрағалық еткен актив жиынына облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, қала мен ауыл әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары, басқарма, комитет, мекеме басшылары, «Нұр Отан» партиясы филиалының, этно-мәдени бірлестіктерінің, ардагерлер кеңесінің, кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, білім, денсаулық сақтау саласының, жастар ұйымдарының өкілдері қатысып отырды. Жиын барысында алғашқы сөзді аудан әкімі Райхан Нұрмырзақызы өзі алып, тұщымды баяндама жасап, Жолдауда белгіленген міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыру үшін бірқатар бөлім, мекеме басшыларына тапсырмалар берді. Атап айтқанда, бірінші бағыт бойынша ауданға қарасты кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған жұмысты жүргізу мақсатында 1 айлық мерзім ішінде барлық кәсіпорындарға қатысты сараптама жасап, сараптама нәтижесіне қарай әрбір кәсіпорын басшылығымен тікелей жұмыс атқаруды тапсырды. Ал екінші бағыт бойынша ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту мақсатында жергілікті атқарушы билікке тұрмыстық-қатты қалдықтарды өңдеу ісіне шағын және орта бизнес өкілдерін жұмылдырып, қосымша энергия көздерін анықтап, «Жасыл» технологияға инвестиция тарту керектігін айтты. Одан кейінгі үшінші бағытқа қатысты ауылшаруашылық жұмысты жандандыру үшін агроөнеркәсіп саласында еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің сапасын жақсартуда жаңа технологиялар енгізуді, дайын өнімді экспорттау бойынша жұмысты жандандыруды, жерді дұрыс пайдалануды қадағалауды тапсырды. Төртінші бағыт бойынша аудандағы жол инфрақұрылымдарының сапасын арттыру жұмыстарын бақылауда ұстап, одан әрі жандандыру туралы айтты. Ал бесінші бағыт бойынша өткен жылы Талғар қаласында 64 пəтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенін тілге тиек етіп, құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне назар аударып, Елбасының: «Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуі керек. Ауылдарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет» – деген сөзін негізге ала отырып, бірқатар басшыларға осы мақсатта жұмыс жасауды тапсырды. Алтыншы бағыт бойынша Елбасы Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалауы қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуын талап ете отырып, мемлекеттің қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік беретінін басып айтқанын жеткізді. Одан кейін жетінші бағытқа көшіп, білім, денсаулық, сана, мәдениет, тіл мәселелеріне тоқталып, аталмыш бөлім басшыларына білім саласындағы жаңашылдықтарды енгізу арқылы білім сапасын арттыру, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіру жолдарын тиімді үйлестіру, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне ерекше мән беру керектігі мен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін енгізу бағытындағы түсіндіру-ақпараттық шаралар белсенді жүргізуді, денсаулық сақтау саласына жас мамандарды тарту, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды енгізуге байланысты жұмыс жүргізуді, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын белсенді жүзеге асыруды жүктеді.


Сегізінші бағыт бойынша 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленгенін айтып, мемлекеттік органдарда сапалы мемлекеттік қызмет көрсету жұмысын ұйымдастыруды тапсырды. Тоғызыншы бағыт бойынша цифрлау жұмысы халықпен байланысты нығайтып, артық әкімшілік кедергілерді жоятынын айта келіп, барлық құқық қорғау органдары өз күштерін конституциялық кепілдіктерді нығайтуға жұмсауы тиіс екеніне тоқталды. Жергілікті полиция қызметіне құқық қорғау саласындағы жұмысты күшейтіп, басты назарға алуды тапсырды. Талғар қаласы мен ауылдық округ әкімдерінен басқару аумақтарында бақылау камераларын орналастыру жұмыстарын жалғастыруын талап етті. Оныншы бағытқа қатысты Талғар ауданының орталығы болып саналатын Талғар қаласы Алматы облысында аудандық маңызы бар қалалардың ішіндегі ірі қалалардың бірі болғандықтан тарихы терең, табиғаты қолайлы әсем қаламызда цифрлық жүйені қалыптастыруға барлық мүмкіндіктер бар екендігін тілге тиек етіп, ұсынылып отырған «Смарт Сити» жобасына қатысып, Талғар қаласын цифрландыру жұмысын қолға алып, безендірудің заманауи құрылғыларын орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа үлгідегі светофорлар мен бейнебақылау камераларын орнату жұмыстарын жүргізуді Талғар қаласының әкіміне жүктеді. Аудан әкімінің баяндамасын тыңдап, тиісті тапсырмаларын алғаннан кейін Елбасы Жолдауына қолдау көрсеткен азаматтар жарыссөзге шықты. Кезекпе-кезек мінберге көтерілген аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М. Ермағанбетова, «Мадияр» шаруа қожалығының басшысы Қ.Әуелбаев, аудандық мәслихаттың депу­таты С.Алмабекова, Белбұлақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Ж. Акимбаев, №1 орта мектептің директоры З. Мушрапилова, «Кәусар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Н.Үмбетова, ау­дан тұрғыны Е.Рахметовтер Елбасы Жол­дауының маңыздылығын алға тартып, ондағы ел дамуына бағытталған мақсат, міндеттердің орындалуына бірлесе атсалысатындықтарын жеткізді.

Перизат Нұрқаева
«Талғар»