Наурыз көже беруді жыл сайын дәстүрге айналдырған ақ кимешекті аналарымыздың бірі — Ержанова Камура Қызырханқызы. Камура әжеміз Нұра ауылының тұрғыны, әрі «Нұр-Ай» әжелер ансамблінің жетекшісі. Жасы 62-ден асса да, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін белсенді әже. Камура әжеміздің тағы бір ерекше қасиеті – жыл сайын наурыз көже пісіруді әдетке айналдырған. Биыл да дәстүрден алыстамай, наурыз көже пісіріпті.
– Әуелгі кезде көрші-қолаңдармен бірлесіп, наурыз көже жасайтынбыз. Міне, биыл оншақты жыл болды, өзім жасап, көпшілікке беріп отыруды дәстүрге айналдырдым. Әркімнің өз қағидасы бар. Алдымен «бісміллә» деп бірінші қазанға су құямын. Қыстан қалған сүр етті саламын. Бұдан бөлек дәнді дақылдарды жуып, жеке-жеке қайнатып аламын. Жеті түрлі дән болуын қадағалаймын. Дәннің жеті түрлі болуы – тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы деп есептеледі. Жалпы, мына дәндерді қосу керек деген нұсқау жоқ, әркім қолындағы барымен жасай береді. Кейін бәрін сорпаға араластырып, суыған соң, езілген қатық немесе айран қосып ұсынамын. Наурыз көжені тауысып ішу керек, тауыспаса, «ренжиді, реніші қалды» деп есептеген. «Ел тоймаса, жер тою керек» деп айтып отыратын аналарымыз. Бұл ұлыс күні ел де, жер де тойыну керек. Сол үшін де наурыз көжені мол етіп пісіремін.
Шаңырағынан ырыс-құт кетпеген Камура анамыз бес баланы өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жан. Бүгінде 14 немересіне қазақтың ұлттық өнерін ұлықтап жүрген қуанышты әже.
Меруерт Мәулетқызы,
тілші