Талғар қаласындағы №36 орта мектебінің 10 «ә» сыныбының оқушысы Жадыра Игембай болашақта журналист болғысы келеді. 15 жастағы жасөспірім өзінің қатарластары арасында сауарнама жүргізіп, олардың жан-жарасын білді. Жүректі ауыртатын бұл жайттар ересектерді ойландыруы тиіс! Сондай-ақ, үлкендерден жарасын жасырған жасөспірімдермен мектеп психологтары жұмыс істеуі қажет деп санаймыз!
Жылулықты өзгеден іздеу! Бұл сөздің астарында қаншама ауыр тағдыр жатыр десеңізші! Мен болашақ журналист ретінде мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргіздім. Белгілі болғандай, балалардың кемінде 70 пайызы қолдауды сырттан іздейді екен.
-Менің есімім — Нұрлан. Қазіргі таңда 9 сынып оқушысымын.Менің басымнан өткен оқиға мынадай!
Мен 2-сынып оқып жүргенде әкем сырқаттанып бастаған болатын. Ол кезде оңым мен солымды танымайтын кішкентай едім. Анам әкемді қалаға әртүрлі ауруханаларға апарып емдетіп жүрді. Оталар да жасалып жатты. Анам қатты қиналды. Күндер өтіп жатты. Әкемнің жағдайы нашарлай берді. Бір күні әкем төсек тартып жатып қалды. Мүлдем сөйлемеді, адамдарды танудан қалды. Мен «әкем төсектен тұрып кетеді» деген сеніммен жүре бердім. Араға көп күн салмай анам менің киімдерімді жинап, қалаға туысқандарымның үйіне жіберді. Көп күн өтпестен үйге қайта келдім. Әкемді көруге тағатым жетпей, үйге жүгіріп кірдім. Әкем орнында жоқ. Анамнан сұрап едім, «ауруханаға жатқызды» деген еді. Мен осылайша әкемді күтумен болдым. Анамның жанарынан мұңды байқайтынмын. Уақыт өтіп жатты. Араға 2 жыл салып қана әкемнің «қатерлі ісіктен» қайтыс болғанын естідім. Бұл жаңалықты қабылдау қиын болды. Әкемнің орнын ешкім баса алмасы анық еді. Қолдау мен әке махаббатына зәру болдым. Міне, күні бүгінге дейін ол махаббатты іздеумен келемін…
— Менің есімім — Нұрила. Қазіргі таңда жасым 17-де. Мен 3-сынып оқып жүргенде әкем дүниеден өтті. Араға 7 жыл салып, анам да жүрек талмасынан қайтыс болды. Інімді аяққа тұрғызу — ендігі басты мақсаттарымның бірі болатын. Сол себепті ме, ерте есейіп кеткенімді байқап келемін. Әрдайым жақын адамдардың қолдауына мұқтажбын…
— Менің атым — Ғазиза. Мен үйдің тұңғышымын. Атам мен апамның бірінші немересі болғандықтан, солардың қолында өстім. Кішкентай кезімде атам мен апам жеткілікті түрде жылылық сыйлады десекте болады. Ата-анама қатты жақын болмадым. Кейіннен 12 жастан асқанда, ата анамның жанына, қалаға бардым. Үйренісу оңай болмады. Анаммен көп сөзге келіп қалатын болдық. Мен шыдамай, қайтадан атам мен апамның қолына келіп алдым. Маған осы жер жайлы. Алайда, кей кездері ананың аяулы алақанын аңсайтыным рас…
— Менің атым — Аруна. 8-сынып оқушысымын. Мен үйде жалғыз бала болғандықтан, ата-анам бетімнен қақпай, еркелетіп өсірді. Бар жақсыларын аузыма тосты. Осы жақын арада сіңілім дүниеге келгеннен бастап, менің бойымда қызғаныштық сезімі басқа қасиеттерге қарағанда басым екенін байқадым. Мен оны жақсы көріп қарадым. Тек ата-анамның бар назары сол сіңілімде болып, мен өзімді артық адамдай сезіне бастадым. Ішімде ата-анама деген қызғаныш сезімі басым болды. Осы уақытқа дейін бар назарлары менде болғанға үйреніп қалған едім… Енді, міне, осындай жағдайға тап болып, не істерімді білмей жүрмін.
— Менің атым — Айлин. Мен қазіргі таңда 10-сынып оқушысымын. Біз үйде 2 баламыз. Мен және ағам. Бірінші сыныптан бастап сабағымды жақсы оқып келемін. Ағылшын және орыс тілдерінде жақсы сөйлеймін! Алайда, әкем мен анамның арасында жиі жанжалдар туындайтын болып кетті. Оған себеп — үйде тек қана анамыздың жұмыс істеуі. Әкемнің кей кезде үйге мас болып келуі де бар! Анам болса, отбасын асырау үшін екі жерде жұмыс істейді. Күндіз де, түнде де жұмыста. Әкем де кей кездері үйге қонбайтын болып кетті. Менде дәл осы жағдайлардан күйзеліске тап болдым. «Ата-анам екіге кетсе, не болады» деген сұрақтар мені жиі мазалайды. Мектептен үйге қарай барғым да келмейді! Міне, менің қысқаша өмірім осы.
Мен бұл сауалнаманы жүргізу себебім — осы мәселе қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Өз отбасынан жылулық, махаббат пен сүйіспеншілік сезіну — бала бойына қаншама ізгі қасиеттерді сіңіреді. Ол өзі көрген жылулықты болашақта өзінің балаларына да, айналасындағы қолдауға зәру адамдарға да бере алары анық. Бүгінгі күн — келесі ұрпақтың ертеңі! Сол себепті, ата-аналарды қателікке бой алдырмауға шақырамын!