ТАЛҒАРЛЫҚТАР БЕТПЕРДЕНІ ШЕШЕ БАСТАДЫ

ТАЛҒАРЛЫҚТАР БЕТПЕРДЕНІ ШЕШЕ БАСТАДЫ

Талғар ауданының бас санитар дәрігері Бексұлтан Оспановтың мәліметі бойынша, ауданда 3 наурыздан бері коронавируспен ауырған бірде-бір науқас тіркелмеген. Бүгінде ауруханада тек екі-ақ тұрғын осы дерттен емделіп жатыр екен. Оның өзінде дәрігерлер бүгін-ертең айығып кетеді деп отыр.

Ал тұрғындардың басым бөлігі болса, «карантин бітті екен» деп ойлап жүр. Мысалы, Талғар қаласындағы ең ірі сауда орталығына келушілер бетпердесіз жүр десек болады. Бұрынғыдай әлеуметтік арақашықтық сақтау да жоқ. Оны қадағалап жатқан да ешкім жоқ. Тек сауда үйінің сатушылары мен күзетшілері ғана маска таққан. Соған қарағанда, Алматы облысы бас санитар дәрігерінің карантин талаптарын жеңілдету туралы соңғы қаулысын көпшілік түсінбесе керек. Яғни, бетпердеден жалыққан біздің өңірдің тұрғындары үшін қуану әлі ерте. Себебі, 15-наурызда шыққан құжат арқаны кеңге салуға болмайтындығын меңзейді. Атап айтсақ, 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарында, тамақ ішу жағдайларын қоспағанда, халықтың келуіне, қызмет көрсетуіне және демалуына арналған үй-жайларда, қоғамдық көлікте, COVID-19 күдікті адамға көмек көрсету кезінде дені сау адамдар, коронавирус инфекциясына ұқсас аурудың белгілері, яғни дене қызуының көтерілуі, жөтел, түшкіру бар адамдар маска тағуға міндетті. Дегенмен, елде әлеуметтік арақашықтықты сақтау мен «Ashyq» жобасын қолдану енді міндетті емес.

Жарыққа шыққан жаңа қаулының жеңілдеген талаптары жайында аудан тұрғындарының пікірін сұрап көрдік.
— Өткен жылдарға қарағанда шектеулердің азаюуы әсерінен жүріп-тұруымыз жеңілдеді. Бір кездері, тіпті, қарапайым қоғамдық тамақтану орындары мен сауда орталықтарына кірудің өзі қиындап, не істеріміздің білмей қалған едік. Бүгінде бәрі қайта қалыпқа келе жатқандай,- дейді Мадияр Ғалымжанұлы.

Басқа да тұрғындардың ойы осыған саяды. Жұмагүл Рақымқызы да кешегі ауру асқынып, керек дәрі тапшы болып, бетперденің бағасы көтерілген уақыттағы халық уайымының қатты болғандығын айтады. Сөзінше, қойылған талаптың әсері ме, әлде сол талапты халық дұрыс түсінбегеннен бе, қаламыздағы дәріхананың біріне бетперде сатып алуға барған танысын «бетпердең жоқ» деп кіргізбей қойған жағдайлар да болған.

Белең алған ауру­дың беті қайтқанын дәрі­ха­на­шылар да растап отыр. Айтуларынша, коронавирус инфекция­сына қарсы ұсынылатын дәрілердің өтуі тоқтаған. «Бетпердеге деген сұра­ныс та азайған, тек ме­мле­кеттік мекемелер ғана сатып алуда,» — дейді формацевт Илдыз Исмаилова.
Ал кезінде бағасы150 теңгеге дейін барған бір бетперденің бағасы қазіргі кезде 15-30 теңге.

Ал кәсіпкерлер болса, карантин талаптарының жеңілдегеніне қуанудың орнына, қайғырып отыр. Мәселен, «Миллионер» асханасының администраторы Гүлзираның айтуынша, соңғы екі айдан бері келушілердің қарасы күрт азайған. Оның себебін азық-түлік, киім-кешек сынды адамға аса қажетті заттар бағасының қымбаттауына, халықта сырттан тамақ ішетіндей артық ақшасының болмауында деп түсіндіреді. Бұдан бөлек бұрынғыдай 250-300 болмаса да, қонағын күтіп, тойын тойлап жатқан тойханалардың жұмысы карантинге дейінгі кезеңмен салыстырғанда бәсеңдеген. Мұны бірнеше тойхана қызметкерлері растап отыр.

СОНЫМЕН КАРАНТИН БІТТІ МЕ, ӘЛДЕ КЕРІЛІП ӘЛІ ЖҮР МЕ?

Әлемді әлекке салған тұмау талайдың тіршілігіне тұсау салып, денсаулығына кері әсерін бергені белгілі. Осыған байланысты дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын «пандемия» деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында елімізде төтенше жағдай енгізілгендігін көрдік. Артынша көп уақыт өтпей, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін енгізіп, қала және облыс ішіндегі жүріс шектелді. Күн санап дендеген дерттің әсерінен шектеулер шегі ұлғайып, еліміз толықтай қызыл аймаққа өтіп, жалпыға ортақ карантиндік талап орнады. Ел ішіндегі ахуал қиындап, құндылық өзгерді. Басты мақсат аман қалу болды. Сәйкесінше қайда аттап баспасаң да, бетперде тағып, арақашықты сақтау міндеттеліп, керегіңді алу үшін ғана аулаға шығу рұқсат болды емес пе?!

Тиісті шараларды жасап баққан үкімет барын салып, сол қыспақтан шығуға тырысты..? Әйтеуір әрекеттері нәтижесін бірден бермей, елдің екпеге де, емге де көзқарасы екіге бөлінді. Үлкен қаржы кеткен ковидпен күресте шарасыз халықтың бар сақтанғаны — бетперденің астына тығылу ғана болды. Десе де, сөйткен «масканың» өзі кей тұста «қасқалдақтың қаны» іспетті қол жетімсіз болып қалғандай көрінді.

Қалай дегенмен де, 17 наурыздағы көрсеткіш бойынша Алматы облысында коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ. Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологияқ бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, соңғы 2 аптада Алматы облысында COVID-19 ауруының тарау деңгейі төмендеп, апталық өсім 0,1% — дан 0,003% — ға дейін түсті. «03 наурыз бен 16 наурыз аралығын алдыңғы аптамен салыстырғанда вирус жұқтыру 65-тен 10-ға дейін төмендегені байқалады. Бұл да бір жұрт болып жеңген жеңіс шығар. Кешегі кезіп жүріп алған «маскасы» жерге түсіп, желге ұшып жатқаны — ауыр күннің артта қалғанын көрсетер бәлкім.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
@darkhan_auk