«БАЛАҢЫЗдың РУХАНИ ЖАН ДҮНИЕСІН ҚАЛАЙ ҚОРЕКТЕНДІРІП ЖҮРСІЗ? БІР СӘТ ОЙЛАНЫП КӨРДІҢІЗ БЕ?»

«БАЛАҢЫЗдың РУХАНИ ЖАН ДҮНИЕСІН ҚАЛАЙ ҚОРЕКТЕНДІРІП  ЖҮРСІЗ? БІР СӘТ ОЙЛАНЫП КӨРДІҢІЗ БЕ?»
2022 жыл – балалар жылы. Өткен жылы айдар тағылған «Балалар әдебиетінің жылы» биыл да жалғасын тауып жатыр. Сөйтіп, еліміздің болашағы саналатын балалар әдебиетін дамыту өзекті мәселе екені мінберлерден айтыла бастады. Біз де осы саланың жай-жапсарына үңілуге тырыстық. «Технология дамып, түрлі гаджеттер ұстаған балалардың әдебиетке қызығушылығы қандай? Жалпы балалар арасында балалар әдебиетінің насихаты қалай жүріп жатыр?» деген сынды бірнеше өзекті сауалдарымызға жауап алу үшін «Алтын сақа» балалар баспасының директоры, ақын Саят Қамшыгерді әңгімеге тарттық.
– Ашылғанына бір жыл толған «Алтын сақа» балалар баспасының қызметімен таныстыра кетсеңіз?
– Қазақстанда балалар әдебиетін шығаратын баспа көп. Бірақ олардың көбі оқырманына жетпей жатады. Өйткені, бір жағы насихаты кемшін болып жатса, екінші жағы авторлардың жазғандары балаларды қанағаттандыра алмай отыр. Қазіргі балалардың ойлау қабілеттері мүлдем бөлек. Олар осыдан 30-50 жыл бұрынғы біреудің балалық шағы туралы кітаптарға қызықпайды. Мен бұл жерде Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков, Ы.Алтынсарин сынды балалар әдебиетінің марқасқаларының еңбегін жоққа шығарайын деп жатқан жоқпын. Олар сөзсіз классик. Бірақ, біз заман ағымына қарай бейімделуіміз керек. Қазіргі балаларға қазіргі заманның өмірін көрсететін кітаптар қажет. Балалардың сұранысына назар аудару үшін бейресми сауалнама жүргізгенімізде, олар ғылыми-фантастикалық кітаптарды, саяхатшылар жайындағы немесе шытырман оқиға желісіне құрылған шығармаларды оқуға құмар екен. Міне осы негізден келіп «Алтын сақа» баспасы ашылды. Бірден жұмысқа кірісіп кеттік. Балаларға арнап ертегілерді, ғибратты әңгімелерді, аудармаларды дайындай бастадық. Кішкентай оқырмандарымызға арнап боямақтар құрастырдық. Сөйтіп түрлі бағыттағы жұмысты қолға алдық. Өткен жылы баспа шығарған 100 кітаптың таныс­тырылымын астанада өткіздік. Бұл шараға мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың өзі қатысты. Қазір бұл кітаптар республиканың түкпір-түкпіріне түрлі сатылу жолы арқылы тарап жатыр. Көпшілігін жастар жазғанын баса айтқым келіп отыр. Кеше ғана өздері студент болған, кейбірі әлі де студент қыз-жігіттер бала кезінен осы саладағы олқылықтарды көріп, орнын толтыру үшін қолына қалам ұстаған. Арасында өз қызметкерлеріміздің де жазғандары бар.
– Яғни, сөзіңізден байқағаным, бұл баспаның маркентингтік жағы жақсы жолға қойылған болып тұр ғой?
– Иә, заманның дегеніне ілесіп отырған баспа десем артық айтқандығым емес. Баспаның Алматыда үш мекенжайда ашылған «Kitap al» кітап дүкені бар. Кітап дүкенін ашып қойып, құры қарап отырған жоқ. Заман сұранысын қанағаттандырып отыр. Әлеуметтік желідегі парақшаларымызды дұрыс жүргізу үшін кәсіби SMM-маманы жұмыс істейді. YouTube-те каналы бар. Қазіргі заман талабына сай жұмыс істеуіміздің арқасында баспа мен бала арасында тығыз байланыс орнап келеді. Дүкеннің тағы бір ерекшелігі – мұнда кітабы шыққан авторлармен жиі кездесу ұйымдастырамыз. Таныстырылымы өтіп жатқан кітап кейіпкерлері дүкен ішінде жүреді. Мысалы, «Алыптың оқиғасы» деген кітап шыққанда динозаврдың киімін киген қызметкерлеріміз жүрді. Бұл балаларға әсер етпей қоймайды. Болашақта қаржы мен уақыт жетіп жатса, кітаптар негізінде ойыншықтар, смартфонға арналған ойындар, мультфильмдер шығару ойда бар. Қазір қазақ балалары YouTube-те орысша контент көреді. Қазақша контент жоқ деуге болады. Осы себепті YouTube-тен канал ашып, оны тек қазақша жүргізуді қолға алдық. Қазір көп баспа сапалы кітап шығарады, бірақ оны сата алмайды. Дүкендері жоқ. Қалай, қайда өткізерін білмейді. Көп баспаның әлі күнге дейін Instagram-да қарапайым парақшасы жоқ. Сондықтан да көштен қалып жатыр. Қандай істі бастасақ да оны заман көшіне ілестіріп отыру маңызды.
– Қазір «балалар кітап оқиын десе, қызықты кітап жоқ» деп байбалам салу артық дейсіз ғой…
– Солай дер едім. Қазір қазақ тілді балаларға оқитын дүние жеткілікті. Бірақ, дегенмен телефонның құлағынан түспейтін ұрпақтың басым екенін білемін. Мұның себебін техниканың қарыштап дамығанымен түсіндірсек, екінші себебін ата-аналардың жауапкершілігіне аударар едім. Тәрбиенің бастапқы тетігі отбасынан басталады. Балаға «оқы, оқы» дегеннен гөрі, ата-ана өзі үлгі көрсетсе. Кітап дүкендеріне бірге барып, араласа. Балалар ол жерде өздерін еркін сезінеді. Кітап дүкенінде жүріп, түрлі-түсті безендірілген кітаптарды көріп, қызығушылығы оянады. Сонымен қатар мұғалімдер де кітаптың мазмұнын үлкен әсермен айтып берсе, қызықпайтын бала болмайды. Сосын және бір түйткіл, ауылдық, аудандық кітапханашылардың келушілерге деген қарым-қатынасы өзгеруі керек. Немқұрайлы қабылдамай, жылы қарсы алып, қандай кітап сұранысқа ие екенін, қызықты екенін айтып берсе, кішкене оқырмандардың қатары артар еді. Мен мектепке кездесуге көп баратын қаламгерлердің бірімін. Бұл мақтанғаным емес. Талғар ауданы төңірегінде өткен кездесулерге өзіңіз де қатыстыңыз. Сонда байқағаным, балалар қызықты кітап болса, оқығысы келетінін айтады. Қайдан алу керектігін сұрайды. Осы жерден шығатын қорытынды түйіткіл, қазақ тіліндегі кітаптардың насихатын арттыру керек.

– Жалпы балаларға арналған шығармаларды таңдау кезінде арнайы сараптамадан өткізесіздер ме?
– Баспамыздың төрт адамнан тұратын эксперт тобы бар. Олардың бұл салада тәжірибесі, жазу-сызудан хабары мол. Осы кісілермен міндетті түрде бас қосып, талдаймыз. «Бұрынғыдай оқылмайтын кітап шығарудың қажеті жоқ. Сол себепті, қазіргі балаларға арналған тәрбиелік, дамытушылық мәні бар кітаптар басуымыз керек» деген талабымызды айтамыз. Бала кітаптарымызды қызығып оқитындай деңгейге жетуі үшін 10-ға жуық иллюстратор, суретші, психологпен жұмыс істейміз. Қанша жерден Жазушылар одағының мүшесі болсын немесе қаншама сыйлық лауреаты болсын, біздің эксперт тобының мақұлдауынан өтпеген шығармалар шықпайды. Оның орнына 8, 10, тіпті, 4-сынып оқитын балалардың жазғанын басып жатырмыз. Мысалы, Бақытгүл Бауыржанқызы есімді 4-сынып оқушысының керемет ертегісі шықты. Ол ертегілерді ойынан шығарады екен. Оның бұл қасиетін студент әпкесі байқап, ертегіні айтқызып қояды екен, ал өзі мұны теріп отырады. Осы туралы біздің электрон поштамызға хат келді. Оқысақ, өте керемет екен. Редакторымыз өңдеп, кітап етіп шығарды.
– Балаларға арнап шығарылған өзге тілдегі кітаптардың безендірілуі, әріптерінің үлкен және ойнақы берілуі көз тартады. Ал қазақ тіліндегі басылымдардың көркемделуі кемшін соғып жатқан сияқты. Баспаның бұл бағыттағы жұмыстары қалай?
– Оныңыз рас. Біз де бастапқыда суретшілер жағынан көп проблемаға кезіктік. Балаларға арнап сурет салатынның көбі орыс ағайындар екені өтірік емес. Бірақ, біз ұлттық ұстанымды ұстанғандықтан, «қазақты қазақтан артық ешкім сала алмас» деп қазақ суретшілеріне қолқа салдық. Бірақ, біздің қазекеңдерде жалқаулық басым ба, жоқ жауапкершілік төмен бе, берілген жұмысты дер кезінде тапсырмай, әуре-сарсаңға салды. Амал жоқ, орыс суретшілеріне ұсындық. Оларға қазақша кітап берсек, бірден сала алмайды. Орысшаға аударып бересің. Қалай салу керектігін түсіндіресің. Екі ортада уақыт жоғалтасың. Суретті салғаннан кейін де кемшіліктер көп болады. Кейде қазақ кейіпкеріміздің шашы сары, көзі көк болып кетеді. Оның бәріне ескерту жасап, өзгертіп отырамыз. Бірақ, «бұлай қай уақытқа дейін жалғасады» деп ойландық та, суретке ебі бар жастарды екі-үш ай бойы өзіміз оқыттық. Қазір сол жастармен жұмыс жүргізіп жатырмыз.
– Суретінен бөлек, балалар кітабына қойылатын талап та жоғары болады ғой. Мысалы, әріптердің көлемі, қағаздың түсі, бояудың сапасы сынды техникалық регламенттері бар. Сол жағына да назар аударасыздар ма?
– Әрине. Балалаларға арналған дүние болғандықтан, барлық талаптарды орындап отырмыз. Мысалы, әріптердің көлемі баланың жасына байланысты болуы керек. 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер үшін әріптің үлкендігі 20 шрифтпен жазылуы тиіс. Сөз бен сөздің арасындағы қашықтық та роль атқарады. Баланың денсаулығына кері әсерін тигізбес үшін қағаздың, бояудың сапасын санитарлық нұсқамаға сай шығарамыз. Бұрын кітаптың шеті үшкір болушы еді, қазір бала жарақаттанып қалмас үшін доғал қылып шығарамыз. Байқасаңыз, баспаға да, балалар қаламгеріне де жүктелетін жүк жеңіл емес, барынша сергектікті қажет етеді. Меніңше, қазақтың болашағы үшін алаңдайтын ұлтжанды азаматтар демеушілік жасап, балалар әдебиеті бойынша проза, поэзия, драматургия, комикс секілді түрлі жанрға әрқайсысына бөлек-бөлек байқаулар ұйымдастырылуы керек. Сол кезде ақын-жазушылар қаламақы үшін жақсы шығармалар жазар еді. Жүлде қоры өте қомақты болмаса болмайды.  Сонда ғана қаламгерлер балалардың психологиясын зерттеп, кірісе бастайды. Байқаулардан үздік шыққан шығармалар жинақ болып шығып, ол кітапханаларға тарауы тиіс.
– Бұл тек бір баспа көтере алмайтын жүк қой. Мемлекет тарапынан кешенді қолдау болуы керек қой?
– Иә, қандай сала болмасын, мемлекеттің қолдауынсыз тұралап қалуы мүмкін. Сондықтан, осы саланы дамытып, тереңдету үшін жаңғырған бағдарламалар керек. Қазіргі балалар әдебиетін жазып жүрген қаламгерлердің жасы 60-70-тен асып кеткен кісілер. Ал жас буын өте аз. Саусақпен санарлық. Осы қатарды көбейту үшін бағдарлама  қажет. Үкімет тарапынан үздік қаламгерлерді шетелге шығарып, ондағы жүйемен таныстыруы керек. Кеңес кезіндегідей жүйе жоқ. Балалар әдебиетіне де мықты әдеби агент керек. Сонымен қатар БАҚ-тың насихаты, ақпараттық қолдаудың да берері мол. Балаңыз аш қалмасын деп кемінде күніне үш рет тамақтандырасыз. Тоңып қалмасын деп киіндіресіз. Ал рухани жан дүниесін қалай қоректендіріп жүрсіз? Бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Баланың рухани жан дүниесін байытатын да, ой интеллектісін дамытатын да – кітап. Осыны ұмытпауымыз керек!
– Сұхбатыңызға рахмет!
Меруерт Мәулетқызы,
тілші