қасиетті де қастерлі

қасиетті де қастерлі

Баубек. Туған елінің аяулы перзенті. Отаншыл, елшіл бауырымыз. «Баубек қазір Отан солдаты, майданда жүр. Қолында мылтығы, қалтасында қаламы. Елімізді қорғап, жерімізді ластап жүрген неміс-фашистеріне екеуі де тас шоқпардай тиеді» деп еді кезінде атақты жазушымыз Ғабит Мүсірепов.
Ол 1916 жылы Қарағанды облысының қазіргі Ұлытау ауданындағы Аманкелді ауылында дүниеге келді.

1935 жылы жазда оқу іздеп Алматыны бетке алды. Баспада, сол кездегі «Лениншіл жас», «Октябрь балалары» газеттерінде жұмыс істеді. 1940 жылы 20 ақпанда армияға алынды, Мәскеуде саперлер даярлайтын училищеде оқыды. Ар жағы белгілі. Соғыс. Оның басқа жауынгерлерден ерекшелігі, майдан даласында жүріп газеттерге жалынды мақалаларын жазды. Ол екі тілде – қазақша, орысша қалам сілтеді. Оның «Өмір мен өлім туралы», «Заман біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Менің өмір сүргім келеді», «Тыңда, Кавказ!» және басқа да шығармаларында Отанға деген ыстық махаббат, қазақ жігітінің өмірге құштарлығы, асқақ арманы, ізгі мақсаты атойлап тұрды. «Жастар, өзіміздің заман үшін, өзіміздің жер үшін жауға оқ атайық! Заман біздікі», «Мен өмірімнің өзім үшін қымбат екенін де жақсы білемін, дүниеге мен келгелі де көп болған жоқ қой! Бірақ бұл күресте сол өмірімді аямаймын да! Аяуға да хақым жоқ деп білемін. Менде ұран біреу-ақ: ол – не өлім, не жеңіс», «Менің туысқандарым өз тағдырларын маған тапсырды. Ол тағдырға мен жауаптымын. Сол жауапты бере аламын да» деген секілді жігерлі, отты сөздер жауынгерлердің бойына тың күш-қайрат қосты, туған жер мен туған елге деген ықылас-пейілдерін одан сайын арттырды. Баубек бар болғаны 28 жыл ғана өмір сүрді. 1944 жылдың 3 ақпанында жау қолынан қаза тапты.
…Расында да, ертеңіне хат қолымызға тиді. Райхан апа хатпен бірге Әбу Сәрсенбаевтың 1984 жылы шыққан бес томдық шығармалар жинағының бесінші томын да қоса жіберіпті. Өйткені бұл кітапта Баубекке қатысты деректер бар екен.
Бұл бір хат емес. Екі хат болып шықты. Бірінің астында «30.12.43 ж.», екіншісінде «10.01.44 ж.» делінген. Түсінікті ғой. 1943 жылдың 30 желтоқсаны, екіншісі 1944 жылдың 10 қаңтары дегенді аңғартады.
Хаттар оқушы дәптерінің беттеріне жазылған. «Кең жол дәптер» дейтін едік қой оқушы кезімізде. Хаттар сарғайған. Беттердің бір шеті ақ қағазбен желімделген. Бұл енді кейініректе атқарылған. Хат бүлініп қалмауы үшін әрі тігіліп қойылуы үшін осылай істелген.
Хат қара қарындашпен жазылыпты. Арада жетпіс жылға жуық уақыт өткеніне қарамастан жазуларды қиналмай оқуға болады. Қолтаңба да көрікті. Әріптер тайға таңба басқандай ап-анық.
Хаттан көз алар емеспін. От-жалын арасынан сытылып шығып, туған топыраққа аман-есен жеткен қасиетті де қастерлі дүние ғой бұл.
Көз алдыма жанында қаруы, осы хатты шұқшия жазып отырған Баубек бейнесі елестейді. Өзі айтатындай, тізесін стол қылып жазды ма екен…
Өз басым бұл хаттың мазмұнымен бұрын да таныспын. 1990 жылы Баубектің «Заман біздікі» деген кітабы жарық көрді. Сол кітапта осы екі хат та бар. Бұл хаттар Баубектің 1977 жылы шыққан «Адамзатқа хат» кітабында да кездеседі. Алайда бұл хаттар олардан бөлектеу. Бұл «тасқа» басылған хаттар емес, Баубектің өз қолымен жазған хаттары. Бұл хаттарда Баубектің қолдарының табы, ізі бар. Көрмейсіз бе, Баубектің қолы тиген жерді ұстап отырмын. Қалай тебіренбессің, қалай толқымассың! Баубек бұл жазуларды жанарын қағазға қадап отырып түсірді ғой. Жазулардың ар жағында Баубектің жанары тұр. Мен Баубекпен тілдесіп отырғандаймын…
Енді алтынға бергісіз асыл мұра – сарғайған хаттарға көз жүгіртелік:
«Бауырым Әбеке!
«Бағың арт­қан шағыңда жапалақ салсаң қаз ілер, бағың қайтқан шағыңда лашын салсаң аз ілер» дегені сияқты қазақтың, нағыз бұл бір лашын салсам аз ілетін кезім. Сондықтан да сендердің әрбір хаттарың мен үшін үлкен сүйеу. Бойға қуат. Жүрекке әл.
Сендердің мен келген майданда болғандарың қандай жақсы мен үшін. Менің шығысымда Алатауға сәйкес тау тұрған сияқты, олар – сендерсіңдер. Тек қана сол таудың жыра-жырасын хат арқылы аралағанымда мен екі жерде сияқтымын. Түсінген адамға осындай ғана халім бар.
Бұрынғы болған майдандарда Баубек едім, мұнда оңын, солын білмейтін қара табандарға кездесіп (олар және бастықсымақтар), жалғыздыққа бас идім. Менен бұрын біздің полкте дөкей бір қазақ жігіттері болған екен (Ракеев Шакен, Әжібаев дегендер), жақсы адам біздің халықтың маңдайына сыя ма, ұрыста өліп кетіпті. Солар туралы материал жинап, жазсам ба деп едім. Өліп кетсе де қазақтың атын шығарсын деген оймен жаңа аты аталсын.
Мені алдырамын деген ойларыңа мен 100% қосыламын ғой. Сендер әуелі совещанияға деп бірдеңені дәлелдеп, уақытша телефонограмма беріп шақырып көрсеңдер, из части подполковника Титова П.П61271 состава инженерное управление фронта арқылы, олар менің қай армияда екенімді біледі.
Менің званием ст.лейтенант, должность командир саперного взвода, кандидат в чл. ВКП(б) с 1942 г. образ. среднее.
Жалпы, инженерное управление фронта или инженерный отдел армии арқылы мені табуға болады. Болмаса менің частымның әдірісі конверттің сыртындағы. Осы жөнінде ізденіп көріңдер. Может что-нибудь выйдет. Бұдан бұрын хат жазып жіберіп едім, мүмкін алған боларсыңдар!
Газеттеріңе уақыт болса жазып тұрармын ғой. Әрине, кейде уақыт та болады. Ол уақытта тізені стол орнына пайдаланып, бірдеңе жазып тастайтыным да бар.
Өздеріңнің жағдайларың қалай, газеттерің оқитындар арасында қызықты ма? Елдің жағдайы қалай екен. Үй іші аман ба? Қазақтың жазушылары не жазыпты көзге түсерліктей. Өзіңнің менен кейін жазғандарыңды айтарсың. Өйткені, міне, 4 жыл қазақша кітаптың бетін ашпадым десем, өтірікші емеспін. Қазақша анда-санда, кездескен бір жарым қазақтармен болмаса сөйлеудің өзі де былай қалып бара жатыр. Елшібековті білесің ғой. Екеуміз бір армияда былтыр бір болып, анда-санда кездесіп тұрамыз. «Бала, қазақшылап бір шерімізді тарқатайық» деп мені көрсе қуанып қалатын. Мен одан әрі қазақшылауға жаным құмар. Бауырмалшыл жақсы жігіт. Ақыры тағдыр одан да айырып жіберді.
Әбеке! Сөз дегенің жаза берсең таусылар емес, аман кездесуге тілектеспін. «Өлмеген жанға, апырым-ау, болып та қапты-ау мына жаз» дегеніндей Төлегеннің, Жаңа жыл да келіп қапты-ау. Жаңа жылмен қарсы аламын. Сөз майданында жеңімпаз болуыңа, сөз шебері болуыңа тілектеспін. Әзірше, Баубегің… 30.12.43 ж.
«…На оснований приказа нач. полит. управления фронта» деген сөз біздің бастықтар үшін заң ғой. Сөйлесіңдер тезірек.
Ысқаққа сәлем айтарсың. Қапанға да.
«Комсомольская правдада» шыққан 12 декабрьдегі менің «Думы над старой карты» деген мақаламды кездестірдің бе? «Коварство и любовь» дегеннен қысқартып беріп ем.
Да, Әбеке, менің сол газетте шыққан мақалаларым өзімде жоқ. Әсіресе, «О жизни и смерти» от 1-го мая 42 г. и «Я хочу жить» от 5-го ноября 42 г. Сендердің подшивкілеріңде болса маған жіберші. Өте қажет.
Сендерге жазамын деп әзір уәде бере тұрамын.
Пока. Сау бол. Сағынған інің Баубегің. 10.01.44 ж.».
Бұл хаттар адамды шуақты сезімге бөлейді. Оқ пен оттың ортасында жүріп, мұндай ойлы, мазмұнды хат жазу екінің бірінің қолынан келе бермес. Көңіл күйіне орай қазақтың мақалын да қалай ретімен келтірген десеңізші. Хат жолдарынан Баубектің бауырмал, жанашыр, адал, жүрегі ізгілікке толы жан екендігі аңғарылады. Хаттың «Бауырым Әбеке!» деп басталуы да – осы сөзімізге дәлел. Баубек Мұқан Иманжановпен жиі хат жазысып тұрған ғой. Сонда «Мұқан» дегеннен гөрі «Мұқанжан» дегенді жиі қолданады. Жүрегі пәк, таза жандар ғана осылай елжірей алса керек. Дос-жолдастарын пана көріп, арқа тұтып, Алатауға теңегенін қарамайсыз ба… Жаумен арпалысып жүріп, елдегі жазушылардың қандай шығармалар жазып жүргеніне дейін көңіл бөлуі әдебиетке, сөз өнеріне адалдығын, сүйіспеншілігін аңғартпай ма?
Сөз реті келгенде, Баубек Бұлқышев пен Әбу Сәрсенбаев арасындағы жылы қарым-қатынастың қалай басталғандығы жөнінде бір-екі ауыз айта кетелік. Бұған Әбу ағамыздың шығармаларынан анық қанығуға болады. Ә.Сәрсенбаевтың 1966 жылы жазылған «Өмірге құштар өр тұлға» атты естелігінде мынандай жолдар бар:
«…1939 жылдың жаз айлары болса керек. Сындарлы келген жас жігіт кабинетке кірді де, есік алдында бөгеліп қалды. «Иә, інішек, бері кел. Қандай шаруа?». Жігіт биязы ғана жымиып, қолындағы қағазын ұсынды… «Баубек Бұлқышұлынан… Мені іс басқарушылық қызметіне алсаңыз екен…» Арызын орысша өте сауатты жазыпты. Жолдары да түп-түзу, әріптері де маржандай тізілген, әдемі-ақ. Бұл жұмысты басқаратын адамды өткен аптада орнынан босатқанбыз. Қызметкер керек екені де рас. Дегенмен де ойланып қалдым. Қазақтың сауатты жастары бұл жұмысқа үйір болмайтын. Олар редакторлық не корректорлықты қалайтын. Ал мынау іс басқарамын дейді. Әлде қазақша оқымады ма екен? «Қарағым, қазақша сауаттымысың?» Жігіт тағы да жымиды… «Шүкір, оқып жазарлығым бар…» Арызын кері ысырдым. «Мүмкін, кіші редакторлық не корректорлыққа деп қайта жазарсың? Мынау бір берекесіздеу жұмыс…» Жігіт басын шайқады. «Жоқ, аға, маған әзірге осы да жетеді. Аналар қолымнан келмес, үлкен тәжірибе керек шығар». Қарсылық етпедім».
Бұл уақыт – Ә.Сәрсенбаевтың Қазақтың мемлекеттік баспасында директор болып қызмет істеп жүрген кезі. Осында келтірілген 1939 жыл емес, 1938 жыл сияқты. Баубек өз қолымен жазған қысқаша өмірбаянында жоғарыдағы баспада 1938 жылдың 2 шілдесі мен 2 қазаны аралығында қызмет еткенін келтіреді.
Баубек пен Әбу арасындағы байланыс соғыс уақытында да үзілмейді. Жүзбе-жүз кездеспесе де хат арқылы хабарласып отырады. Баубектің майдан газеттерінде, әсіресе, «Комсомольская правдада» жарық көрген мақалаларымен Әбу қызмет ететін майдан газетіндегі қызметкерлер де етене танысады. Баубектің жазғандарына сүйсінген газет басшыларының бірі Ысқақ Дүйсенбаев бірде Әбуге былай дейді: «Әбеке-ау, мынау бала ғажап қой, керемет қой… Бұған дейін қалай елеусіз келген… Соғыс кезі ойын қанаттандырып, қаламын өткірлетіп жіберіпті ғой…» Бұл ойды Әбу де құптайды: «Ол – қазір саперлер ротасының командирі. Ал сапер дегендер үнемі оқ астында. Шабуылға жол ашатын да – солар. Оқ астында жүріп көпір салатын да – солар…» Мұны естіп Ысқақ қынжылыс білдіреді: «Қайтпек керек, қандай амал бар?». Әбудің де күткені осы болса керек. «Амал бар, Сәке, газетке алдыралық. Қазір біздің майданда…» дейді. Бұған Ысқақ қатты қуанады: «Түу, Әбеке, сіз қызықсыз, оны маған неге айтпағансыз? Баяғыдан бері шақыртатын…» Өкінішке орай, Әбудің де, Ысқақтың да бұл үміттері ақталмайды. Баубекті редакцияға алдыртудың сәті түспейді. Баубектің хатындағы «Мені алдырамын деген ойларыңа 100 процент қосыламын ғой» деген сөздер осы жайттарға байланысты жазылған сияқты.


Шығармашылығы
Көптеген өлеңдер жазып, республика баспасөз беттерінде жариялады, оның “Алматы — менің туған қалам” деген бітпей қалған романы
“Айсұлу” деген поэмасы бар.
“Балалық шақ” поэмасы
“Ауылдан Алматыға” атты әңгімесін жазды.
Бұлқышевтың шығармашылық дарыны Ұлы Отан соғысының ауыр сын сағаттарында ерекше көрінді. 1942 жылы 1 мамырда “Комсомольская правда” газетінде Бұлқышевтың “Өмір мен өлім туралы” (жас қазақ әскерінің хаты) деген өршіл, отаншыл мақаласы жарық көрді. Соғыс кезінде жазған шығармаларының дені “Комсомольская правда” газетінде жарияланды.
“Я хочу жить”
“Жизнь принадлежит нам”
“Коварство и любовь”
“Письмо сыну Востока”
“Слушай, Кавказ” және басқа мақалаларын көрнекті жазушы Ғ. Мүсірепов қазақ тіліне аударып, республика “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінде жариялады.
Бұлқышев шығармалары әдеби жинақтарда
“Жизнь солдата”, М., 1946;
“Журналисты в шинелях”, А.-А., 1968;
“Есімізде қанды майдан жорықтары”, А., 1968 басылды, жеке кітап болып жарық көрген.


Ашық дерек көздерінен дайындаған
Дарын Мақсатұлы