Сенетін жастар – Нұрада

Сенетін жастар – Нұрада

Еліміз егенмендігін алып, тәуелсіздікке қол жеткізген шақтан бері жастар саясаты мемлекеттің басым бағыты ретінде жүзеге асырылып келеді. Өйткені жастар – оң өзгерістердің қозғаушысы бола жүріп еліміздің болашағын айқындайтын тың идеялардың қайнар көзі. Сондықтан Елбасы да, қазіргі Президентіміз де жастарды тұрақты түрде қолдап, олардың мәселелері жүйелі түрде шешілуіне ықпал жасап келеді. Бұл үрдіс біздің ауданымызда да оңтайлы жолға қойылған. Оның ішінде Нұрадағы нұрлы істерді бөлек айтуымызға болады. Бұл аймақта «Жас келсе — іске» дегендей, әр игі істің қалауын келтіріп, қай салада болмасын күш-жігерін танытып жүрген белсенді жастар баршылық. Жуырда сондай жастардың бір тобы ауыл әкімінің қабылдауында болды.

Мерейлі мереке қарсаңында жиналған жастар дөңгелек үстел басында емен-жарқын әңгімелесті. Аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова, округ әкімі Сейтқұл Донбаев, округтің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Гүлназ Кеңесбаева олардың талап-тілектерін тыңдап, болашақ жоспарларына құлақ түрді. Жігер-қайраты шыңдалған, білім-білігі толыққандылығымен ерекшеленген жастардың ішінде Алматы қаласының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің полиция аға сержанты, Туғанбай ауылының тұрғыны Әлиайдар Қожабеков, жеке кәсіпкер Ермат Ермекұлы, Өстемір ауылындағы №14 орта мектебінің ұстазы, көпбалалы ана Мәрзия Мүлік пен Айжан Тұманбаева, Нұра ауылындағы №12 орта мектебінің ұстазы Меруерт Ерменкұлова, Азамат Бигимов, Нұра ауылының учаскелік полиция капитаны Ильяс Адылханов, бокстан спорт жаттықтырушысы, спорт шебері Ермек Тұрсынғожаұлы, Нұра ауылының тұрғыны Зәуре Бекенбаева болды.Көпұлтты еліміздегі ынтымақ пен бірлікті ту етіп, жаңашыл бастамаларды өрістетіп жүрген белсенді жастарға орталықтың «Алғыс хаты» мен бағалы сыйлықтары тапсырылды. Олар елдің ертеңі үшін тер төгетіндіктерін және қай салада болсын бәсекеге қабілетті білімдерін танытуға күш салатынын айтты. Қамқорлық танытып жатқан ел ағаларына алғыстарын білдірді.

Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»