Азаматсың тағылымына еліктесең

Азаматсың  тағылымына еліктесең

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық орталық кітапхана қоғам байыған сайын рухани аштық үдей түскен мына дәуірде ұрпақ алдындағы жауапкершілікті ұмытпауды басты қағидаларына айналдырған. Сондықтан да болар өнегелі құндылықтың маңызын арттырып, кітап қорын үнемі толықтырып отырады. Жаңа кітаптарды таныстыру рәсімін жастарды қатыстыра отырып өткізуді де дәстүрге айналдырған.

Жуырда сондай бір мазмұнды іс-шараның куәсі болдық. Рухани ошақта Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының және дизайнерлер одағының мүшесі, Европадағы қыпшақтар қауымдастығының басқарма мүшесі, Қырғыз Республикасы «Дизайн академиясының» толық мүшесі, Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «Сәндік өнер» кафедрасының профессоры, көзі тірісінде-ақ қазақ қолөнерінің атасы атанған қайраткер тұлға Дәркембай Шоқпарұлының «Замана ағымы» атты жыр-жинағының тұсауы кесілді. Бұл кітап атамыздың 75 жылдығына әрі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жарыққа шыққан еді. Игі шараға «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты, бірнеше дүркін халықаралық және дүниежүзілік қолөнер көрмелерінің дипломанты, Д.Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейінің директоры, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының депутаты, ұста, шебер, атамыздың ұлы Дәулет Шоқпаров, ұста, зергер, ұстаз, қолөнер шебері Сайлау Ботабеков, Дәулет ағамыздың шәкірті, Д.Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейінің қызметкері Ұлдана Дүйсенбі, Шымкент қаласы орталық мешітінің бас имамы Мұхтар Сардарбекұлы, Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Мамырбекқызы, ақын, сазгер, Талғар ауданының «Құрметті азаматы», ҚР Білім беру ісінің үздігі, Дәркембайтанушы Камнұр Тәлімұлы, аудандық орталық кітапхананың директоры Махамбет Қасымханұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы-этнограф Нұрлан Сәрсенбаев және Талғар медицина колледжінің студенттері, кітапхана қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Кешке жиналған ұлт жанашырлары, руханият шамшырақтары кезекпен сөз алып, Дәркембай Шоқпарұлы жайлы естеліктерімен бөлісті. Дәулет Дәркембайұлы музейден әкелген қолөнер туындыларымен таныстырып, ерекшеліктеріне тоқталды. Мұхтар Сардарбекұлы болса бес күн тірлікті босқа өткізіп алмаудың қадірін,  рухани құндылықтарды бағалай білудің аса қажеттілігін жастар санасына себездеп сіңдіруге тырысты. Бақыттың кәусар бұлағын сіміргісі келетіндерге ең алдымен Жаратушы берген ақылдарының шексіз құнын ұғудың, сол шексіз құндылықты пайдаға дұрыс асыра білудің бағытын сілтеді. Ал дәркембайтанушы Камнұр Тәлімұлы ұстазы сілтеген бағыт – нағыз тағылымды, тәлімді, тәрбиелі бағыт, тура жол болғанын жеткізді. Ұлттық өнерімен қоса өлеңімен де қазақ халқының кеудесіне руханияттың сәулесін құя білген зергердің жинағынан үзінділер келтірді. Қасында жүргенде куә болған сәттерінен естеліктер айтты. Ол кісінің артына қалдырған мол мұрасы үлкен-кіші замандастарына ғана емес, кейінгі ұрпақтарға да мәні жойылмайтын, қайта уақыт өткен сайын мағынасы мен маңызы арта түсетін, бағасы көтеріліп, бәсі биіктей беретін нағыз сауапты амалдар, нақыл сөз, үлгілі афоризмдер екенін түсіндірді.

Шара барысында Кеңдала ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, ақын Бексұлтан Көлбаев жылы лебізін білдіріп, ұлы тұлғаның ұлына шапан жапты. Ал кітапхана әдіскері Ризвангүл Токарзаева зергер жайлы дайындалған кітап көрмесімен таныстырды. Кітаптың тұсауы салтанатты түрде кесілген соң қорытынды сөз алған Фарида Бегенбаева сүлесоқ тыңдап отырған кейбір жастарды сілкіп алды. Ұлттың рухын бойына сіңіре алмаған, ана тілінің уызына қанбаған адам ешқашан өз елінің көшбасшысы, жанашыры бола алмайтындығын, бойкүйездене бермей батылдық таныту керектігін алға тартты. Шындығында да, осындай іс-шаралардан жастар тозаңның түйіріндей болса да мағлұмат алып, санасы оянса өшкелі тұрған шам қайтадан маздап, бұлыңғыр болашақ айқындала түсер еді… Қалай десек те, екі ауыз сөздің басын құрай алмайтын шала қазақ болсаңыз, Дәркембай ұстаның өлеңдері арқылы ұлтын сүйер нағыз патриотқа айналып, таза қазақ боп шығыңыз, құрметті оқырман!

Меруерт Мәулет,
«Талғар»