ТАЛҒАРЛЫҚТАР өз таңдауын жасады

ТАЛҒАРЛЫҚТАР өз таңдауын жасады

Талғар қаласы әкімін сайлау үшін сайлау учаскесіне бет алған елдің ниеті – көңіліне жаққан үміткерге үміт артып, таңдау жасау. Жиі ауысатын қаламыздың әкімі лауазымына әу баста бес үміткер өз өтініштерін беріп, сайлауалды бағдарламаларын ұсынғаны елге белгілі. Десе де сайлау өтетін күнге дейін әртүрлі себептерімен сайлауға қатыспайтын екі азамат үміткерлер тізімінен алынған болатын. Соның нәтежиесінде қала тұрғындары өздерінің болашақ әкімін үміткерлер тақтасында тұрған үш азаматтың ішінен таңдауға тура келді. Үміткерлер тізімінде заңгер, экономист Абзалбек Сағымбекұлы, Талғар қаласының тумасы дәрігер, аудандық мәслихатының экс-депутаты Исабаев Қайрат Кәрімұлы сонымен қатар, «Жер қатынастары бөлімі» ММ мемлекеттік заң бөлімінің бас маманы, заңгер, экономист Қызайбек Ұлан Еркінбекұлы болды.

Аудандық орталық сайлау комиссиясының берген деректеріне сүйенсек, Талғар қаласы бойынша 41530 сайлаушының бары белгілі болды. Ал, сол тұрғындардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалған 24 сайлау учаскесі таңғы сегізден кешгі сегізге дейін жұмыс жасады. Осы айтқан учаскелерінің екеуі жабық дауыс беру учаскесі, оның бірі аудандық орталық аурухана ғимаратында болса, екіншісі РТС ықшам ауданында орналасқан туберкулез диспансері болды. Өз кезегімізде бізде бірді-екілі сайлау учаскелеріне барып сайлау барысымен танысып қайтқан болатынбыз. Әуелі қала орталығында тұрған Сәкен Сейфулин атындағы № 2 орта мектептің ғимаратында орыналасқан 839 сайлау учаскесіне бас сұқтық. Дауыс беруге келіп жатқан қала тұрғындарының қарасы аз болмады. Санитарлық талаптар мен сайлау ережелерінің бұзылмауын қатаң назарға алған мектеп ұжымы келген дауыс берушіні көп күттірместен тиісті қызметтерін көрестіп жатты.

Осылайша бір күнге созылған сайлау нәтижесінде жоғарыда көрсеткен сайлаушылардың 58%-ды өз таңдауын жасады. Жалпы дауыстың 53,5% -на ие болған үміткер Қайрат Исабаев сайлауда жеңіске жетсе Абзалбек Сағымбекұлы 35,3% дауыс жинаған, ал Ұлан Қызайбекті халықтың 7,7% қолдаған. Деседе тұрғындардың арасында үш үміткерді де әкім болуға лайықты санамаған жерлестеріміз де болды. Олардың көрсеткіші 1,6%-ды құрайды.

Дархан Мақсатұлы,
«Талғар»