Үлкен өнер деп соққан кішкентай жүректер

Үлкен өнер деп соққан  кішкентай жүректер

Жетісу халқымен қоса жасасып келе жатқан «Жетісу жұлдыздары» облыстық балалар шығармашылығы байқауының өткізіліп келе жатқанына жиырма жылға жуықтапты. Содан бері бұл байқау мыңдаған талантты балалардың өнердегі шамын жағып, дәстүрі мен мәдениетін сүюге баулитын рухани байлықтың қайнарына айналды десек артық айтқандығымыз емес. Балалар шығармашылығын дамыту, музыкалық-эстетикалық танымдарын арттырып, жер жаннаты Жетісу өрендерінің өнерлерін көпшілікке насихаттау мақсатын ұстанған байқау талантты балалардың көңіл көкжиегін кеңейтіп, шығармашылығын шыңдай түсіп келеді. Биыл да жалғасын тапқан, бірақ онлайн форматында өткен байқау кезекті рет жас таланттардың дарынын ұштап, жігерін жаныды. Олардың ішінде сегіз бірдей талғарлық өнерпаздар топ жарып шықты.

Өзіндік орны мен мәдениеті, ұстанған бағыты мен ұшқыр ойы, мақсаты мен мүддесі бар Талғар ауданы талай дүлдүлдер мен бұлбұлдарды түлеткен өлке. Ата-бабаларының өр рухын бойына дарытып, найзадай көкке шаншылған Талғар шыңының етегін мекен еткен осынау тарихи топырақтан осал адам тумасы анық негізі.  Аталарының сарқыты іспеттес болған бүгінгінің балалары да өнер жолында құр алақан емес.  Ел егемендігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған байқаудан өткен жылы да жүлдесіз оралмаған талғарлықтар биыл да 17 аудан мен 3 қаланың ішінен сегіз жүлдені қанжығалапты. 5 пен 15 жас аралығында қатысқан өнерпаздар эстрадалық, дәстүрлі ән және хореография бойынша өнерлерін ортаға салып, таланттарын таныта білді. Бағыты белгілі, бағдары биік талғарлық балалар кез келген аталым жолында мүдірмеді. Мәселен, Отан, туған жер тақырыбындағы вокалдық шеберлік пен ерекше дауысты қажет ететін патриоттық әндерді айна-қатесіз орындап шықты. Дәстүрлі ән мен биден де баптаулары жоғары екендіктерін байқатты. Белгілі өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы байқау қатысушыларының ынта-жігерін, қабілет-қарымын алыстан танып, өнерге деген қызығушылықтарының ерек екенін тани білді.
Ғаламтор сананы жаулап, шетелдің әуені баураған заманда жас та болса өнерге деген сүйіспеншілік танытып, дәстүрлі ән шырқап, күмбірлете күй төккен өрендердің жемісі ұстаздарында жатқаны айтпаса да түсінікті. Одан қала берді, өткен жылдың соңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беретін заңға қол қойған болатын. Заң Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің бастамасымен әзірленіп, әрбір балаға шығындарды төлеуді көздейтін қаржыландырудың жаңа әдісі биылғы жылдың 1 мамырынан бастап қолданысқа енгізілген.
Аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жағдайда марапатталған жеңімпаз бүлдіршіндерді алдымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Мамырбекқызы құттықтаса, артынан Мәдениет үйінің директоры Кеңесбек Баймұханов жылы лебізін білдірді.
— Жаңа бағдарлама арқылы жұмыс істеудің артықшылықтары аз емес.  Бұл жоба 4 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік береді. Шындығында балаларын ақшалай курстарға қатыстыруға көпбалалы отбасылардың жағдайы келе бермейді. Сондықтан осындай жобалар арқылы әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналар өнерлі балаларын тегін үйірмеге беріп, дарынын шыңдап жатыр. Жалпы болашақтың іргетасы бүгінгі жеткіншектер болғандықтан өнерге, білімге құштар балалардың зейінін көтерсек, қиялын ұштап, ойын дамытып, солардың бос уақытын құр өткізбеуге атсалыссақ біздің де жүрегіміздегі жүк азаяр еді. Сондықтан балаларыңызды өнерден алыстатпаңыздар, — деп жүрекжарды тілегін жеткізген Фарида Бегенбаеваның сөзіне директор да қосылды.

Жеңімпаздарды марапаттау белсене қатысқаны үшін «Махаббат» би тобы мен дәстүрлі ән бойынша Б.Балаусадан басталды. Ал , эстрада жанры бойынша ІІІ дәрежелі диплом Әлихан Амангелді мен дәстүрлі әннен өнер көрсеткен Ералы Ердықанұлына (ұстазы Камшат Сұлтанбекқызы) бұйырыпты. Би номинациясы бойынша ІІ дәрежелі диплом «Айгүл» би ансамбліне берілсе, осы дипломмен дәстүрлі ән бағыты бойынша Кәусар Қайымбек марапатталды. Бас жүлдені эстрада аталымы бойынша Іңкәр Тұрлыбек (ұстазы Камшат Сұлтанбекқызы) пен дәстүрлі ән бағыты бойынша Амира Хыдырбекқызы (ұстазы Мұратбек Сарбасов) иеленді.
Атадан қалған асыл өнерді жалғас­тырып, ән әуелетіп, күй қалқытып, би толқытқан шараның берері мол  екеніне шүбә жоқ. Кішкентай жүректерімен үлкен өнерге үңіле білген балақайлар осы үрдістерін үзбесе үлкен додада топ жаратындары сөзсіз.

Меруерт Мәулет
«Талғар»