Баталы жанға бақ қонар

Баталы жанға бақ қонар

Қыздырып Өнер шоқтарын,
Жиналған өңшең көп дарын.
Берейін бата құттықтап,
Жетісу өнер көкпарын!
Тұрғызып өнер дауылын,
Қуантып қазақ қауымын.
Жол бастап барған көкпарға,
Тушаев Бақыт бауырым!
Жарыста болып табысты,
Үдетіңдер шабысты!
Сом білек, батыр жігіттер,
Бермеңдер қолдан намысты!
Жігіттер өңшең от дарын,
Бірлікпен түзеп саптарын.
Қуантсын ұлы додадан,
Сүрінбей келіп аттарың!
Өнердің ашып қатпарын,
Күн сайын өрлеп бақтарың!
Биікке алып шығыңдар
«Жетісу өнер көкпарын!»

Әумин!,- бұл жолдардың авторы шындығын шумақпен айтып, әрін әнмен кіргізген ақын, ұстаз Кәмнұр Тәлімұлы. Тарқата айтсақ сайдың тасындай салымшы жігіттердің жігерін жанып, намысын қайрап, көпшілік көз тіккен көкпардағы көр тақым жігіттерге берген ақ тілек батасы болатын.

Қандай істе болмасын қайырын тілеп, кіріспес бұрын қол жаю — «бата» дейтін бұзылмас салтымыздың салтанатты көрінісі. Көзі көпке куә, сөзі жанға дауа, хақ пен ақты таныған ақсақалдың аузынан шығатын ақ тілек. Сондықтан той-томалақта, келелі жоралғыларда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге  айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып кетті. Қазақ бата арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, ақылдылық пен парасаттылыққа, шешендікке баулыған. Дуалы ауыз қариядан алған ақ бата адамға рух беріп, жігерлендіріп отырған. Осы бір құндылықтың қасиетін жіті түсінген халқымыз жоралғының жөнін білген жанға, жолын жасап, сый құрметін де танытқан. Қарт құрметінің көрсеткіші саналатын бұл салттың бүгінде қалпы бұзылып, қадірі қашқан. Мәдениетіміздің мәнін кетіріп, құндылығымыздың құтын қашырған кешегі Кеңес кезеңінде керегімізден көз жазып қалғанымыз белгілі. Нәтежиесінде тілек батамыз тост болып, салтымыз сән секілді түрленді. Соның салдарынан арзан сөздің артын «алып қояйық» деп қорытқан кемсеңдеген кісінің көпке мазақ болғанын көріп жүрміз. Халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Алты алаштың ардақтысы болған би-шешендеріміздің  берген баталары ел аузында сақталып халық мұрасына айналып, қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қалыптасты. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап тұрғысындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті. Демек орынды ой, сауатты сөз, ұтымды ұйқас батаның басты белгісі.

Келер ұрпақтың санасында сұрақ қалмауы үшін, қазірге уақыттағы құндылық мәселесі кезек күтпеуі керек.
Осы бағытта жұмыс жүргізіп келе жатқан облыстық «Батагөй» байқауының берері мол. Жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан байқау биылда дәстүрінен жаңылмады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Алматы облыстық және Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесе ұйымдастырды.
Ел ішіндегі эпид жағдайға байланысты онлайн өткен байқау жеңімпаздарның марапаттау рәсімі Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында өтті.
Жетісудың батагөйлері қатысқан бұл аламанға ауданымыздың Құрметті азаматы, ақын Кәмнұр Тәлімұлы да қатысып, бағын байқап көрді. Жалпы саны 174 үміткер ниет танытып оның ішіндегі 37 қатысушы жарыс талаптарына сай бейнеролитерін жіберген еді. Нәтежиесінде төрешілерді таңқалдырған Тәлімұлы облыстық байқаудың «Шебер орындаушы» атағына лайық деп танылды. Ойын ортаға салса айтқаны азық болатын сөз зергері Кәмнұр Тәлімұлының қанжығасына бұйырған бұл жалғыз олжасы емес. Облыстық деңгейдегі «Дін тағдыры-ел тағдыры» мақалалар байқауының бірінші дәрежелі диплом иегері атанғаны тағы бар. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған «Поэзия менімен егіз бе едің» атты жыр мүшәйрасында да бірінші орынды еншіледі. Сонымен қатар М.Төлебаев атындағы сазгерлер байқауында жүлделі орыннан көрінген болатын.

Бүгінде Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Талғар аудандық филиалының жетекшісі қызметінде жүрген ақын ағамыздың жеткен жетістік, жасаған жұмысы мақтан тұтуға тұрарлық. Ендеше аудан ішінде мәдени құдылықтармыздың жандануы жолын ерен еңбек етіп жүрген ел ағасын кезекті марапаттарымен құттықтаймыз.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ
«Талғар»