Алаш жұртының ақиығы

Алаш жұртының ақиығы

«Ей, өмір, сыйын маған,
Сыйыңды алам мен
сенің бұйырмаған», —
деп жырлаған ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың мәңгілік ғұмыры жалғасуда. Қара ормандай халқының ыстық ықыласы, шынайы құрметінің белгісіндей, ақынның 90 жылдығы туған жері қасиетті Қарасаз ауылында бастау алды. Сержан Молдасанұлы мен Тоқтар Мұхамедидің бастамасымен түсірілген «Қарасаз көшелері» фильмы көпшілік назарына ұсынылып, ырысы мен берекесі тұнған, құрсағына Мұқағалидай ақындарды сыйдырған қасиетті Қарасаздың боямасыз тіршілігін көрсетті. Көрерменді ерекше сезімге бөлеп, көпшілігінің көңілін толқытты. Бұдан соң Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен Мұқағалидың 90 жылдығына және Қазақ радиосының 100 жылдығына орай Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ радиосы бірлесіп өткізген «Еркін елдің ертеңі» атты жас ақындардың мүшәйра жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.

Ал, Қасиетті жұма күні Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйінде «Алаш жұртының ақиығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Бауыржан Жақып жүргізіп отырған келелі басқосуды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастап берді. Конференцияда ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы «Азаттықты аңсаған ақын» атты әсерлі баяндама жасады. Сондай-ақ, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі Байынқол Қалиев, академик Шерубай Құрманбайұлы, қоғам қайраткері, қаламгер Рысбек Сәрсембайұлы, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы және басқа да ғалымдар мен қаламгерлер ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер мен терең талдауларын ортаға салды. Бір атап өтерлігі, осы жиында «Мұқағали тілі сөздігі» кітабы таныстырылды. Халықаралық деңгейде тойланып жатқан торқалы тойға Моңғолия, Қырғызстан, Түркия, Түркменстан елдерінің әдебиеттанушылары мен ақындары арнайы келіп қатысып, өз тілдеріне аударылған ақынның кітаптарымен таныстырды. Ақынның шығармашылығына деген құрметтерін көрсетіп, естелік сыйлықтарын музейге табыс етті.

Айта кетейік, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына дайындық өткен жылдан бастау алған болатын. Жалпы мерейтойды өткізуге жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Айтулы шараға орай құрылған арнайы жұмыс тобын облыс әкімі Амандық Баталов өзі басқарды. Мерейтой аясында, ең алдымен, ақынның туған жері Қарасаз, Сарыжаз, аудан орталығы Нарынқол ауылдары абаттандырылды. Жолдар жасалып, ауыз су жүйесі жаңғыртылып, мәдени нысандар жөнделді. Қарасаз ауылындағы ақын музейіне, Мәдениет үйіне, А.Барманбекұлы атындағы орта мектепке жөндеу жұмыстары жасалып, нысандар жаңа кейіпке енді.Елді мекеннің орталық көшелері, орталық алаңы абаттандырылып, көше шамдары орнатылды.

Мерейтой қарсаңында Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылынан ақынның еңселі ескерткіші бой көтерді. Ескерткішті дайындауға облыстық бюджеттен 61,1 млн.теңге жұмсалған. Жұмысты мердігер ұйым «Тайқазан» ЖШС атқарды. Ескерткіш қоладан құйылып, тұғыры граниттен дайындалған. Жалпы, ескерткіштің биіктігі – 8,2 м, авторы – сәулетші А.Рүстембеков, мүсіншісі – Қ.Кәкімов. Ескерткіш орнатылған орталық саябақтағы алаңды абаттандыруға да зор мән берілген. Осы мақсатқа өңір бюджетінен 70,1 млн.теңге қарастырылып, аумақ көгалдандырылып, суару жүйесі жүргізілді, жарық шамдары орнатылды, шағын сәулеттік формалар қойылды.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Райымбек ауданына арнайы келді. Хантәңірі мұзбалағының туған жері Қарасазда болып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, музейге бас сұқты. Сондай -ақ Ақтау қаласынан келген Светқали Нұржан абайтанушы ғалым, абыз ақсақал Мекемтас Мырзахмет аманаттаған көне жәдігер, яғни ақынның қобызын музей басшылығына тапсырды.

Еңселі ескерткіштің лентасы қиылып, ресми ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақынның ұлы мен келіні Жұлдыз Мақатаев пен Бақытгүл Айдарова, Түрксой ұйымының өкілдері, Парламент депутаттары, ел зиялылары және аудан жұртшылығы қатысты. Салтанатты шара «Хантәңірі» халық театры ақынның өмірі мен шығармашылығын негізге ала отырып дайындаған «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты көрінісімен ашылды. Тұғырына қондырылған ақын мүсініне гүл шоқтары қойылып, құрмет көрсетілді.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мерейтойлық шараның мән-маңыздылығына кеңінен тоқталды. «Мұқағали — жырдың асыл қазынасы. Ол — өткен мен жаңаның арасын жалғаған алтын көпір. Елбасы мен Президенттің бастамасымен ақынның ғасырлық тойын ЮНЕСКО көлемінде өткізуге ұсыныстар дайындалуда. Той құтты болсын. Халқымыздың рухы Мұқағали жырларындай таза, Хантәңіріндей асқақ, Көлсайдай көрікті болсын!», — деген Қ.Көшербаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын оқып, табыстады.
Мұнан соң Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ТҮРКСОЙ ұйымының өкілі Атагелді Күлтегін Мұқағалидың қазақтың ғана емес, тұтас түркі әлемінің, адамзаттың ақыны екенін тілге тиек етіп, тойдың рухани маңызын ерекше атап өтті. Парламент депутаты, ақын Мақпал Мыса, Мұқағалидың ұлы Жұлдыз Мақатаев ақын рухына арнап өз өлеңдерін оқыды.

Облыс әкімі Амандық Баталов шекаралық аймаққа көрсетілген қолдауларға тоқталды. «Мұқағалидай ақыны, Райымбектей батыры бар елдің берекесі мен бірлігі, мерекесі мен тірлігі тоқтамақ емес. Шекараның шебінде, желдің өтінде орналасқан елді мекеннің жағдайын жақсартып, экономикасын дамытуда мемлекет басшысының қолдауы көп болды» — деп алғысын айтып, мерейлі мерекемен құттықтады.

Сондай-ақ, осы күні Нарынқол ауылында 50 отбасы баспаналы болып, жаңа қоныс иелеріне тұрғын үй кілттері салтанатты жағдайда тапсырылды. Жаңадан тұрғызылып, пайдалануға берілген спорттық-сауықтыру кешінде болып, оның материалдық-техникалық жағдайымен танысты, жас споршылармен тілдесіп, балаларға ойын доптарын сыйға тартты.

«Ақшаңқан киіз үйсіз, ат шаптырған бәйгесіз» тойдың сәні болмасы анық.Тәңіртаудың етегінде қаз бауырлаған ақша бұлттай киіз үйлер той салтанатын арттыра түсті. Бұдан кейін кезек, той дүрбелеңін жалғастырған ат бәйгесіне ұласты. Орталық алаңда ақынның сөзіне жазылған әндердің Гала-концертімен жалғасып, әншілер мен бишілер көңілді кештің көркін кіргізді.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»