ДАЛА СОТЫ — ҚАРИЯЛАР

ДАЛА СОТЫ — ҚАРИЯЛАР

Қарттарымыз – қолдағы қазынамыз. Олар қандай істе болмасын дұрыс шешім, келелі кесімін келтіре білетін әулет деп аталатын шағын елдің шырайын кіргізіп отыратын кемеңгерлер. Шынымен де солай, көпті көрген үлкені бар үйдің іші де береке мен молшылыққа толы. Дастарханы тоқ, қонағы көп. Бұл дегеніміз жас күні бейнетпен өткен зейнеттегі кісілерміздің киесі болар. Бүгінгідей бейбіт, берекелі күннің орнауына олардың қосқан үлесі ұшан -теңіз. Жатса-тұрса ел жұртының амандығын тілеп, ұрпағының ертеңіне үміт артып отырған батагөйлердің бар қалауы осы ғана. Тәрбиенің қайнар бұлағы, жол мен жөннің басы болған олар елішілік, туысаралық, отбасылық үлкен дауларды, мәселелерді шешкен, ортақ байлам айтқан. Ел басқарған азаматтардың қасында да кеңесші қызметінде жастар емес, осы қариялар отырғанын көріп өстік. Әкелерміз айтатын әлгі дала соты да – осы қариялар болған.

Ата мен әженің «мектебінен» шыққан балалар өмірде рухани жағынан мықты, жүрегі жұмсақ, қоршаған ортаға қамқор, мейірбан кісілер болып ержетеді. «Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» дейді. Атасының қасында жүріп ескінің әңгімесін тыңдап, қисаға құлақ түрген бала бойына қаншама рухани әрі дағдылық қасиеттерді сіңіреді. Сол сияқты әжесінің айтқан ертегі-әңгімелері арқылы жақсы мен жаманды, өтірік пен шындықты, ақ пен қараны ажыратуды үйренеді. Десе де, қолдағы алтынның қадірін кеткенде білетін кейбіреулер үшін қарттардың бойындағы бұл қасиеттер сол күйі жұмбақ болып қала бермек. Қазіргі уақытта атаның ақылынан аттап, әженің кеңесін керек етпеудің әсерін бұрын сонды құлақ естіп, көз көрмеген кебенек киіп, кері кетіп жатқандарға куә болудамыз. Бұның бәрі біз сөз еткен қарттарымызбен қарым-қатынасымыздың қиындағанының әсерінен. Қарт көңіліне қарамаған ұрпаққа қасиет қонбайтыны анық.

1 -қазан біз сөз еткен ата-әжелерімізідің мерейлі мерекесі — халықаралық Қарттар күні. Осы ретте аудан басшылығы да атаулы күнді ескерусіз қалдырмады. Аудан әкімдігі ғимартының үлкен залына өңіріміз үшін өнімді еңбек еткен бірқатар қарттар шақырылды. Ұйымдастырушылардың мұндағы мақсаты мейрам иелеріне деген құрметін көрсетіп, өнер иелерінің атсалысуымен мерекелік көңіл күй сыйлау болды. Әліде болса карантиндік талаптардың сақталу себебінен, жылдағы дәстүрге сай ресми шараның соңы дастарханға ұласпады. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Қайдар Алиханұлы өз кезегінде «Қарттар күні саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын ата- әжелеріміздің төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас тәжірибе»,- екенін айтып алғыс хатпен қатар сыйлықтарын табыс етті. Артынша мінберге шыққан ақсақалдарымыз өздерінің ризашылықтарын білдіріп, аудан ішінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға сын ескертпелерін де білдіріп өтті.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ
«Талғар»