Аудан тіршілігі қоғам назарында
Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Кеңес отырысына аудан әкімі Қайдар Әбдіхановтан бастап аудан әкімінің орынбасарлары, Талғар ауданының «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков, Талғар қаласы және ауыл әкімдері, аудандық бөлім басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіне негізгі деген бес мәселе қойылды. Атап айтқанда, «Талғар аудандық Полиция басқармасының 2021 жылғы 8 айда аудан көлемінде атқарған жұмыстары туралы» баяндамасы, «Алматы облысының білім басқармасының аудан бойынша білім бөлімінің оқу жылын ұйымдастыру бойынша атқарған іс-шаралары туралы, «Халыққа қызмет көрсету орталығы директорының 2021 жылы 7 айда аудан көлемінде атқарған жұмыстары туралы» есепті баяндамасы, «Тұздыбастау ауылдық округі әкімінің 2021 жылдың 7 айы бойынша атқарған жұмысы туралы» баяндамасы, «Қайнар ауылдық округі әкімінің 2021 жылдың 7 айы бойынша атқарған жұмысы туралы» баяндамасы. Аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмахан Еңкебайұлы жиынды өзі ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібі мен жұмыс регламенті бекітілген соң, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Талғар аудандық Полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Серік Құмабеков баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша, ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша қылмыстарды тіркеу 6,2%-ға ұлғайған. Оның себебі ауданымызда интернет алаяқтықты тіркеудің өсуі екен. Сонымен қатар ауыр қылмыс түрлерін тіркеу -16,7% — ға, онша ауыр емес қылмыс -3,4% — ға төмендеген. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың ашылуы 2,6% — ға кеміген. Оның ішінде ауыр қылмыстар 12,3% — ға, аса ауыр қылмыстар 8,3% — ға төмендеген. Көрсетілген кезеңде барлығы 221 бұрын жасалған қылмыс ашылған. Серік Асанұлы ауданымызда ұрлық жасау әрекеттері жиілегенін, қазіргі кезде бөтеннің мүлкін ұрлауға байланысты қылмыстар жиі жасалатын жерлерде 100 бейне бақылау камерасын орнату мәселесі шешіліп жатқанын, сегіз топтан құралған пәтер тонаушылар құрықталып, істері сотқа жіберілгенін айтты. Баяндама барысында алаяқтық пен интернет алаяқтық туралы сөз қозғады. Әсіресе, интернет алаяқтықтың 153 фактісі тіркелген. Ерекше қарқын алып жатқан қылмыстың бұл түрінің алдын алу мақсатында аудандық ішкі істер басқармасы түрлі шаралар ұйымдастырып, банк өкілдерімен кездесулер өткізген. Жергілікті полиция қызметі, учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция ротасының қызметі туралы, кәмілеттік жасқа толмағандармен жұмыс, әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттері туралы да орын алған жағдайлар мен жасалған жұмыстары туралы толық мағлұмат беріп өтті.
Күн тәртібіндегі 2-ші мәселе бойынша «Алматы облыстық білім басқармасының Талғар ауданы бойынша білім бөлімі басшысы Қарлыға Сәдуақасоваға сөз берілді. Ол аудандық білім мекемелерінің 2021-2022 оқу жылына дайындығы туралы айтты.
Биылғы оқу жылын ауданымызға қарасты 43 білім мекемелерінде 47160 оқушы бастаған. Оқу жылы дәстүрлі форматқа көшкен. 2021 жылға бюджет 29,4 млрд теңгені құраған. Аудан бойынша 4250 мұғалім болса оның 3924-і вакцина алған. «Ashyq» жүйесіне барлығы 43 мектеп, 154 балабақша тіркелген. Бүгінгі күні 11 мектептегі 29 сынып карантинге жабылған. Ондағы оқушы саны – 640. Қатынаста болып оқшауланған 20 мектептегі бала саны — 101. Оқытуда «Kundelik.kz», «Bilim-land» платформалары пайдаланылатын болады. «Bilim-land» платформасымен 2021 жылдың аяғына дейін келісім-шарт жасалынған. Оқу жылында 5826 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылатын болады. Балаларды оқулықпен қамту мақсатында 14 баспамен келісім –шарт жасалынып, жалпы сомасы 279,9 миллион теңгеге 200 986 оқулық сатып алынған. Елімізде әлі де карантин шаралары сақталып отырғандықтан білім объектілерінде санитарлық талаптарды орындау мақсатында 2020 жылы 11 миллион 295 мың теңгеге 46 тоннель, 44 дана тепловизор, 44 дана кілемше, 44 дана кварц шамы, 1013 л антисептик, 428 кг таблеткадағы хлор сатып алынған болатын. Биылғы оқу жылында қосымша 20,2 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылып, оған 13 тоннель, 118 дана тепловизор, 1107 санитайзер, 1695 дана кілемше, 9120 л антисептикалық сұйықтық, 149 дана кварц шамы сатып алынған. Қарлыға Айсабекқызы сонымен қатар мектептерді интернет желісімен қамту мәселесі туралы айтып, мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстары мен күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражат мөлшері туралы да тілге тиек етті. Білім ошақтарының қысқы жылу маусымына дайындықтары туралы да сөз қозғап, шешілуі тиіс мәселелерді де айта кетті. Баяндамашыны мұқият тыңдаған қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан «Дана» жекеменшік білім беру мектебінің құрылтайшысы және «Еркем-Ай» балабақшалар негізін қалаушы Күләнда Батырбекова биылғы оқу жылына қатысты бірқатар мәселелерді қозғап, ойымен бөлісті.
Келесі кезекте күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Медет Қоқынбаев есебін берді. Директор орынбасарының айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсету реестрі бойынша 690 қызмет түрі болса, оның 662 –і «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі. 645 мемлекеттік қызмет электрондық үкімет порталы арқылы көрсетіледі. Жыл басынан бері алты айда 80812 құжат қабылданып, 81008 құжат берілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға 1414 бірыңғай байланыс орталығына 163 өтініш түсіп, 153 мемлекеттік қызмет көрсетілген. «Өзіне-өзі қызмет көрсету» секторы арқылы қызмет алушыларға 35846 кеңес беріліп, 30021 азамат өздігінен қызмет алған. Жыл басынан бері 17495 азаматқа электронды цифрлы қолтаңба беріліп, 2934 қолтаңба онлайн расталған. Мобилдік азаматтар қорында 1988 қызмет алушы тіркелсе, «eGov mobile» қосымшасына 9880 азамат тіркелген екен.
Күн тәртібіндегі келесі мәселеде екі ауылдың әкімінің есебі тыңдалды. Бірінші кезекте Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Мирас Баймолданов есеп беріп, ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Атап айтсақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сәйкес округ аумағында соммасы 8 170 000 миллион теңге болатын 2 жаңа балалар алаңы салынған. Құрылыс жұмысын «SamGa SD» ЖШС-і жүзеге асырған. Жылқыбай, Талғар тас жолы, Алатау тас жолы бойында 3 000 000 миллион теңгеге 3 аялдама кешені салынса, орталық стадионның маңайында 2 675 000 миллион теңге қаржыға тұрғындарға арналған стритворкаут салыныпты. Сонымен қатар осы бағдарлама аясында Амангелді көшесі ағымды жөндеуден өтіп, су құбырын жаңарту жұмысына «Saylet injiniring» ЖШС- мен 4 454 000 теңгеге шарт жасалып, қаржы игерілген. Ауыл әкімі сондай-ақ жолдардың жасалып, асфальт төселгенін, көшелер жарықтандырылып, жол белгілері қойылғанын, жарық мәселесінің шешілуін, жұмыспен қамту, ауыз су мәселелері бойынша атқарылған жұмыстары туралы есебін берді. Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манапбаев та дәл осылай үстіміздегі жылдың жеті айында атқарған жұмыстары туралы есебін берді. Бюджетті игеруден бастап салық түсімдері, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, білім мен денсаулық сақтау салалары, жарық, газдандыру, әлеуметтік көмек пен көрсетілетін мемлекеттік қызмет туралы сөз қозғады. Барлық салаға жеке тоқталып, жұмсалған қаражат мөлшерін де тарқатып айтып берді. Баяндамашыларды тыңдап болған соң қоғамдық кеңес мүшелері сұрақ-сауалдарын қойып, тұрғындарды толғандырған мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, облыстық мәслихат депутаты, кеңес мүшесі Сұлтан Нұрдаулетов Тұздыбастау ауылындағы екі мектепке оқушылар тасымалын ұйымдастыру керектігін айтса, Дәулет ауылының белсендісі Айдар Ниязалиев Дәулет ауылындағы бүгінгі күні өзекті болып отырған ауыз су, жол, газ мәселесін, көшелерді жарықтандыру, жол белгілері, жаяу жүргіншілер жолы сынды бірқатар мәселені көтерді. Аталған мәселелерге орай ауыл әкімдері мен бөлім басшылары тиісті жауаптарын қайырып, мәселені оң шешуге бар күштерін жұмсайтындықтарын айтты.
Қоғамдық кеңестің күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі Қайдар Әбдіханов сөз алып, кеңес мүшелерінің тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді қозғағанын айтып, жасалған барлық баяндамаларды назарға алды. Кеңес мүшелерінің алдында есеп берген мекеме басшылары мен ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Қоғамдық кеңес мүшелері барлық есеп берген басшылардың жұмысына оң бағаларын беріп, көтерілген мәселелер бойынша тиянақты жұмыс жасайды деген сенім артты.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»