«Жақсы кітап-жан азығы». Жақсы кітап-ақылды адамның әңгімесін тыңдағанмен бірдей. Қазіргі заманның күн сайын қарыштап өсіп, өзгеріп жатқан тұсында жас ұрпақты кітап оқуға үйрету, суында балығы жоқ көлден балық аулатқанмен бірдей.
Біздің жас кезімізде кітап оқуға деген құштарлық керемет еді. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдеріміз қызықты кітаптарды оқуға кеңес беріп, әлем әдебиетінің небір ұлы классиктерінің шығармаларын сабақ үстінде талдататын. Алтыншы, жетінші сыныптарда әлем әдебиетінің ұлы тұлғалары: Д.Дефоның «Рубинзон Крузо», Э.Хемингуэидің: «Шал мен теңіз», Джек Лондонның «Теңіз қорқауы», «Мартин Иден», Ш.Айтматовтың: «Жәмила», «Қош бол, Гүлсары!» шығармаларын таласа-тармаса оқитын едік. Ол кезде азық-түлік сататын ауыл дүкенінің бір бұрышында қазақ тіліндегі эпостық жырлар: «Қыз Жібек», «Қобыланды», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Тарғын» кітаптары және қазақ жазушыларының кітаптары толып тұратын. Дүкенші кейде ұсақ ақша қайтаратын жерде әлгі кітаптарды тиын-тебен орнына бере салатын. Ол кезде кітап оқу деген әдемі бір дәстүр болатын.
… Менің әдебиетпен ауырған кезім бесінші сыныпты бітірген жылы басталды-ау, деймін. Бір күні көзім стол үстіндегі шәйнек астындағы мұқабасы жыртылған кітапқа түсті. Алып оқысам, «Менің атым-Қожа» атты шығарма екен. Кітаптың шытырман оқиғалары мені өзіне бірден баурап әкеткені соншалық, әлгі кітапты бас алмастан кешке дейін оқып шықтым.
… Сол кезден бастап кітапқа құштарлық менің айықпас дертіме айналды. Сегіз жылдық мен оқыған мектепте кітапхана болмағандықтан, ауыл орталығындағы жалғыз кітапханаға тәуелді едік. Совхоз кітапханасының меңгерушісі Баян деген кәрі қыз еді, бір күні сыныптағы үш-төрт боқмұрын топырлап кіріп барып едік: «Барыңдар әрі, шуламай. Сендер кітаптың қадірін білуші ме едіңдер? Жыртып тастайсыңдар!»- деп айқайлап қуып шыққаны. Кітапқа деген құмарлық бәрібір мені тоқтата алмады. Құрбы-құрдастардың аға-әпкелерін жағалап жүріп-ақ, Лев Толстойдың «Қажымұрат», «Соғыс және бейбітшілік», Н.В.Гогольдің «Өлі жандар», «Тарас Бульба» шығармаларын қайта-қайта оқып, ләззат алатынбыз. Ол кезде кітапты таңдап оқу деген бізде болмайтын. Сол кездері жазушы Сәбит Мұқановтың кітаптары бірінен соң бірі жарық көріп дүрілдеп тұрған кезі болатын. Жазушының: «Аққан жұлдыз», «Ботагөз», «Өмір мектебі», «Мөлдір махаббат» сияқты кітаптарының бірінен соң бірі баспадан шығып жатқан кезі. Соның бәрін дәмді тағамдай қылғыта беретінбіз. Ол кезде екі бөлмелі шағын қоржын үйімізде электр жарығы деген болмайтын. Май шамға керосин құйып, соның жарығымен түн ауғанша кітап оқу, күн сайынғы әдетіміз болды. Менен үш жас үлкен әпкем Жанымкүл әдеби кітаптарға өте құштар жан еді. Соның үйге әкелген кітаптарын мен де таласа-тармаса оқитынмын. Сөйтіп, кітапты іздеп жүру оқу-маған дерт болып жабысты. Қазір жасым алпыс алты жасқа келсе де, бір жеті, екі жеті бойы кітап оқымасам бір түрлі қоңылтақсып жүретін әдетім бар. Әрі оқыған кітаптарымның ішіндегі қанатты сөздер, мақал-мәтел, аңыз әңгімелерді, сонымен қатар ескі ақын-жыраулардың ғажайып сөз кесектерін қалта дәптеріме жазып қою әдетіме айналған. Жылдар өткен сайын өмірдің де шеті қусырылып, май шамның білтесіндей тұтамдана қысқара түскенін байқаймын. Кітап оқуға деген құштарлық та азайып бара жатқанын сеземін. Кейде кітап оқудан тыйылсам, ойлаудан да қалып қоятын секілді көрінетіні бар. Өзімнің кітапқа қарыздар екенімді білемін. Өйткені, өмірден өткен небір ақылды кісілердің, данышпан-ойшылдардың асыл ойларын, терең ақыл-кеңестерін тегін үйрететін осы кітаптан артық не бар осы дүниеде? Жүрегіме нәр беріп, бойымдағы жаман қасиеттерді ығыстырып шығаруға жігер-қайрат берген, адамзат ойының інжу-маржандары жазылған кітаптар мен үшін бәрінен де қымбат!
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».