2019 жылы 27 наурызда Қызылорда облысының аумағында өткен «Алтын жебе» әскери жаттығуы кезінде «Ми-8» әскери тікұшақ апатынан Алматы облысындағы 8 отбасы қара жамылған еді. Тікұшақ бортында қаза тапқан 13 әскери қызметшінің сегізі жетісулық болатын.
Облыс аудандарынан әскерге шақырылып, азаматтық борышын өтеу барысында қаза болған марқұмдардың ішінде талғарлық жерлесіміз, Кеңдала ауылының тұрғыны майор Тимур Құдайбердиев те болған еді. Ақтау қаласындағы № 30153 әскери бөлім қызметкері Тимур Құдайбердиев әскерге 2004 жылы Еңбекшіқазақ ауданынан шақырылған екен. Амал нешік, әскери борышын отбасының алдында да, Отанының алдында да адал орындаған аға бортинженер-нұсқаушы тәуелсіз елдің тыныштығын күзету жолында көз жұмды. Артында әйелі мен кәмелетке толмаған балалары қалған еді…
Жуырда Талғар аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім Тимур Құдайбердиевтің отбасына барып, «Мектепке жол» акциясы аясында марқұмның баласына мектепке қажетті құрал-жабдықтарды сыйға тартты. Баланың бір сәттік қуанышына себеп болған азаматтар алдағы уақытта да қолдан келген көмектерін аямайтындықтарын жеткізіп, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Елдің қорғаны болар үлкен азамат болып өсетініне сенім білдірді.
Меруерт Бөлек,
«Талғар»