Қоғамдық экологиялық кеңес құрылды

Қоғамдық  экологиялық кеңес құрылды

Қоршаған ортаны қорғау, қоршаған ортаның табиғи жағдайын жақсарту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, табиғи байлықтарды сақтау және көркейту кез келген азаматтың парызы. Экология қай елдің де өмірінде айрықша орын алатын мәселе екені белгілі. Тыныс алып отырған таза ауамыздан бастап күнделікті пайдаланып отырған ас-суымызға дейін осы экологияға байланысты екенін білеміз. Таза экология – адам саулығының кепілі. Ал халықтың денсаулығы − мемлекетіміздің ең алтын қазынасы, баға жетпес байлығы. 

Жуырда ауданымызда аудан әкімдігі жанынан қоғамдық экологиялық кеңес құрылды. Қоғамдық экологиялық кеңес — қоршаған ортаны қорғау саласындағы мәселелерді шешетін, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану үшін құрылған тұрақты алқалы сараптамалық кеңесші орган болып табылады. Сонымен қатар, кеңес өз қызметін жер­гілікті атқарушы және өкілетті билік органдарымен, қоғамдық бірлестіктер мен қорлармен, сараптамалық және ғылыми мекемелермен, сондай-ақ ау­дан халқымен бірлесе жүзеге асырады. Бұл кеңесті құрудағы негізгі мақсат — азаматтарды, зерттеушілерді, маман­дарды, сарапшыларды жергілікті бас­қару үдерістеріне қатысуға тарту, сыбай­лас жемқорлықпен күрес, жергілікті басқаруды жақсарту үшін жаңа технологияларды қолдану, сондай -ақ Талғар өңірінің қоршаған ортасын қорғау болып табылады.

Жақында «Маралсай» шатқалында осы кеңестің алғашқы отырысы өтіп, маңызды мәселелер талқыға салынған болатын. Отырысқа аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ермек Толқынов, облыстық мәслихат депутаты Әсел Төлепбергенова, аудандық мәслихат депутаттары Айдар Сарипов пен Ержан Игибаев, кәсіби экологиялық аудиторлар ұлттық палатасының президенті Мирас Байсеитов, «Қазэкология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-і директо­рының орынбасары Нұрлан Ахмеджанов, қоғам белсендісі Салтанат Сайранова, «Талгарирригация» ЖШС-нің директоры МадиярМухамедкалиев, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркі директорының орынбасары Данияр Жатыкбаев, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова, табиғат жанашыры Данияр Арыкбаевтар қатысып отырды. Жиынды аудан басшысы Ермек Маңғазұлы ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді табиғат жанашыры, аудандық мәслихат депутаты Ержан Игибаев алып, экологиялық кеңестің негізгі мақсатын тілге тиек етіп, кеңес төрағасы мен төраға орынбасарын, хатшысын сайлауды ұсынды. Көпшіліктің қолдауымен кәсіби экологиялық аудиторлар ұлттық палатасының прези­денті Мирас Байсеитов кеңес төрағасы, халық қалаулысы Айдар Сарипов төраға орынбасары, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова хатшы болып сайланды. Кеңеске қатысқан қалған азаматтар кеңес­ке мүшелікке қабылданды.

Кеңес төрағасы Мирас Байсеитов өз кезегінде сөз алып, экологияны қорғау мәселесін алға тартты. Әсіресе карьерлердің қоршаған ортаға, табиғатқа тигізіп жатқан кері әсерін айтып, оларды жабу үшін құзырлы органдарды жұмылдыру керектігін айтты. Алға жоспарланған мақсаттарға жету жолында табанды еңбек етіп, түрлі игілікті шаралар ұйымдастыруды ұсынды. Қоғам белсендісі Салтанат Сайранова да карьерлерге қатысты көтерілген мәселені қолдап, қиыршық тас өндіріп жатқан зауыттардың қоршаған ортаға зиян келтіріп жатқанын, тазалықты мектеп табалдырығынан, отбасынан бастаған жөн болатынын алға тартты. Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркі директорының орынбасары Данияр Жатыкбаев тұрғындардың табиғат аясындағы демалысы кезінде айналаны ластап кететінін фотосуреттер арқылы көрсетіп, парктің инспекторларына ішкі істер қызметкерлерінің де көмегі қажеттігін айтты. Отырысқа қатысқан әрбір азамат ауданымыздың экологиялық жағдайын жақсартып, қоршаған ортаны қорғап, табиғатқа қамқорлық таныту мақсатында бірлесе жұмыс жасауға бел буып тарасты.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».