Әділдік үшін алаңға шықты

Әділдік үшін алаңға шықты

Биыл Қазақстан мемлекетінің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл, айтулы Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл толайын деп отыр. Осы айтулы қос мереке қазақ халқының мәңгі арманы еді. Тәуелсіздік пен Желтоқсан –егіз ұғым. Бұл екеуінің ұзақ ғасырлар бойы құлдық қамытын киген қазақ ұлты үшін орны ерекше.

Араб халқының ұлы философ Ларуй: «Отаршылдық, тіпті менің жан дүниемді ұрлады. Мен өзімді одан азатпын деп ойлағанның өзінде де ол мені жан-жағынан қоршап, қамауға алып тұрғандай сезінемін. Соған қарамастан мен оны қабылдамаймын. Одан үздіксіз бас тарту, шын мәнінде менің болмысым»-деп отаршылдыққа қарсы ішкі запыранын ақтарған екен. Сол айтпақшы, 1986 жылы Қазақ педагогикалық институ­тының «Бастауыш сыныптарды оқыту педагогикасы мен методи­касы» бөлімінің 4-курсында оқып жүрген Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы Отырар ауданының тумасы Клара Шералықызы Бе­галие­ва да қазақ халқының жыл өткен сайын тілінен, дінінен, бар ұлттық келбетінен айырылып бара жатқанын іштей ойлап, қамығып жүретін қыздың бірі болатын. Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы, ұлт көсемі Д.А.Қонаевтың орнынан алынғанын ол ертеңгісін жатақханадағы радиодан естіді. Содан жанындағы құрбылары Гауһар, Нұрсұлу, Гульфайруз төртеуі сабаққа келгенде, алты қабатты оқу корпусының іші гу-гу еткен студенттерге толы екен. Араның ұясындай құжынаған әр этаждағы оқып жатқан тарих­шы­лар, географтар, басқа да бөлімнің студенттері сеңдей соғылысып, кешегі өткен кезектен тыс Қазақс­тан Компартиясының сессиясы туралы әңгімелесуде. Клара оқитын төртінші курстың студенттері бұл кезде алтыншы қабатта сабақ оқып жатқан. Түске таман Панфилов демалыс паркі жағынан қолдарына әртүрлі плакаттар мен ұрандар ұстаған қазақтың өрімдей ұл-қыздары лек-лек болып өтіп бара жатқанын көрді. Сабақ жайына қалды. Оқытушының қой-қойлағанына қарамастан осы топтағы 25 қыздың бәрі алаңға келгенде қарақұрым болып жиналған жастар Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, қолға ұстайтын дыбыс ұлғайтқышы бар радиомен өз тілектерін айтып жатты. Қазақтың өр жүректі жас ақыны Болат Шарахымбай сол тұста ақ қағаз бетіне түсірген «1986 жыл. Желтоқсан» деген өлеңінде;
«Өгей қала, өгей жұрт, өгей бәрі,
Өгей дүние, өгейсіп қарайды әні.
Көше толы, сенделген тірі өліктер,
Сары орыстың кездігі сорайғалы,
Өгей дүние, өгей жұрт, өгей бәрі…»- деп жырға қосқанындай, сол кездері Алматы қазақ жаста­рына өгейлік танытты. Кешқұрым, төрт қаруы сай, алдарына арп-арп еткен иттерін салып, қолдарындағы өткір сапер күрегімен қазақтың ұл-қыздарын қан-жоса етіп, ұрып таратқан Ресей жендеттері айуандық танытты. Сол күні қанды қасаптан әрең қашып құтылған Клара Бегалиева бастаған қыздар өңі түгелі түсінде көрмеген жауыздық көріністерінен дір-дір қорқып, жатақханаларына әрең оралып еді.

Қазақтың асыл азаматы, қоғам қайраткері, үлкен саясаткері, ғалым А.Айталы ұлттық сана туралы, жазған еңбегінде: «Адамдарды ұлтқа біріктіретін шешуші күш- ұлттық сана сезім. Осы сана-сезім сөнген кезде ұлттық қасиет те қалмақ емес. Ол-сенің болмысыңда, табиғатында, жан дүниеңде»-деп ой толғағандай, қазағы көп Оңтүстік Қазақстанда туып-өсіп, ұлттық рухы әлі сөнбеген Клара Шералықызы ертесіне қала шетіндегі жатақханадан №66 автобуспен сабаққа келе жатқан қасындағы құрбысы Гауһар екеуі Абай көшесінен түсіп қалып, тағы алаңға барды. Бұл жолы кешегіден жастар көп емес екен. Оның есесіне кешегі қанды қырғыннан жарақат алып, бастарын ақ дәкемен орап алған, от шашқан көздері ашуға толы қазақ жігіттері көп болып шықты. Түстері суық, еңгезердей-еңгезердей жирен солдаттар темір қалқандары мен білемдей- білемдей резеңке сойылдарын қысып ұстап, алаңды жан-жағынан қоршап алыпты. Көп күттірген жоқ, түске таман темір қалқандарын тарс-тарс соққан солдаттар бірден шабуылға шығып, қазақтың ұл-қыздарын баудай түсіре бастады. Ұрыс амалдарына әбден жаттыққан Ресей солдаттары бұларды лезде қан-жоса етті. Қанды қасаптан жан ұшыра қашқан Клара Абай көшесіне жете берген тұста көк желкеден тиген соққыдан мұрттай ұшты. Көз жанары жарқ етіп, талықсыған ол есін жиғанда темір терезесі бар машинада келе жатыр екен. Содан бұларды Алатау ауданындағы ішкі істер бөліміне әкеліп түсірді. Сол күні қуықтай бөлмеде сығылысқан отыз-қырық қыз кезек-кезек тергеуге алынып, көрмегенін көрді. Сап-сары киініп, бұларға қаһарын төккен орыс ұлтының әскери тергеушілері қыздарды ауыр сұрақтың астына алды. Кезек өзіне келгенде Клара: «Алаңға не үшін бардың?»- деген сұраққа, «Қазақстанды қазақ ұлты­ның азаматы басқару керек қой?! Сол үшін бардым»-деп тайсалмай жауап берді. Бұдан жазбаша түсінік алып, әр қырынан суретке түсірген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушілері көп ұстамай босатып қоя берді. Желтоқсанның 27-сі күні қазақ педагогикалық институтының ректоры Тоқмағамбет Садықов қол қойған: «Желтоқсанның 16-17 күндері қоғамдық орындарда болған жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін» оқудан шығарылсын деген бұйрықты қолына ұстатқан ұстаздары, оны ауылына кайтарды. Көрмегенін, сол туған ауылынан көрді. Ауылдың партком, кәсіподақ, комсомол басшылары мұны қайта-қайта жиналысқа салып, намысын жерге таптады. «Социализмнің Кеңестік түрі-ұлт болмысын ұлтсыздыққа қарай бейімдеп, ақ сүт берген анасының омырауын кесетін ұлтсыздар ұрпағын өмірге әкеледі»- деп ұлы философ А.Айталы айтқандай, сол кездегі кеңестік кезеңнің жандайшаптары жас қыздың жан-дүниесін күл-талқан етіп қиратты. Жаны жаралы бірақ намысын ешкімге бермейтін қайсар қыз Алматы қаласына қайтып келіп, екі жыл СМУ-15 құрылыс мекемесінде сылақшы болып еңбек етті. Заман түзеліп, елімізде «Қайта құрудың» самал желі есе бастаған тұста оқуына қайта қабылданып, оны 1990 жылы бітіріп шықты. Сол жылы қазақтың қара көз жігіті Жұмағали Оразалиевке тұрмысқа шығып, екі жас өмір жолдарын Талғар қаласында бастады. Қазір ол қаладағы Ж.Жабаев атындағы №6 орта мектепте ұстаздық етуде. «Патриот-Отанының мерейін үстем ету жолында қолда барын, өмірін аямайтын адам»- деп ақын Мирза Фатали айтпақшы, Клара Бегалиева облыстық прокуратура мен облыстық сотқа шағымданып жүріп, 2017 жылдың 31 қазанында «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтарды алуға құқығы бар» деген қағазын алып шықты. 35 жыл бойы күткен әділдік салтанат құрды. Сонау желтоқсан күндері елінің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін алаңға барған Клара Бегалиева осындай жан.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»