Қаржыны жұмсау ата-анаға жүктелмеген
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастау жоспарлануда. Балалардың денсаулығына алаңдаушылық туса да білімді ілгерілетуге індет кедергі келтірмеу керектігі жан-жақты айтылып, жазылып жатыр. Десек те, жауапты сала ведомстволарының өкілдері мен БАҚ-тың түсіндіргеніне қанағаттанбаған ата-аналар да табылып жатыр арамызда. Олар өздерін толғандырған бірнеше сұраққа нақты жауап алу үшін аудан әкімдігіне келді.
Ата-аналардың талабына назар аударған аудан әкімі Қайдар Әбдіханов оларды жеке қабылдады. Санитарлық талаптарды сақтай отыра өткен кездесуге аудан басшысынан бөлек орынбасары Ахмет Әшімахұн, аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Садвакасова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Райхан Джулимбетова, аудандық мәслихат депутаты Жасұлан Айтқалиев, орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Гүлнар Жақыпова мен БАҚ өкілдері қатысты. Бірден келген мәселелерін алға тартқан ата-ана әрі қоғам белсенділері Ирина Ким мен Галина Арзамасова жалпыға міндетті оқу аясындағы көмек биыл қалай және қандай санаттағы оқушыларға берілетіндігін сұрады. Сұраққа тікелей жауап бермес бұрын аудан басшысы биылғы оқу жылында бір сынып — бір кабинет талабы сақталатындығын, оқушылар да мұғалімдер сияқты бетперде тағатындығын, үзілістер әртүрлі уақытта болып, қажет болған жағдайда қосымша ауысымдар енгізілетіндігін айтып өтті. Барлық білім мекемелеріне кіреберісте дене қызуын өлшейтін және дезинфекциялық құралдар болуы міндеттелгенін жеткізді.
Ал, жалпыға міндетті оқу аясындағы көмекке келетін болсақ, биыл барлық 42 мектепке 254 млн.575 мың теңге қарастырылған. Оның ішінде ыстық тамаққа –194 млн. 649 мың теңге, киім-кешек пен мектепке қажетті құрал-жабдықтарға –50 млн. 750 мың теңге. Бүгінде жасалған тізім тағы бір мәрте пысықталып, бөлінген сома толық әрі дұрыс игерілу үшін нақты жұмыстар атқарылып жатыр, – деп айтып өткен әкім сөзін білім басшысы толықтыра түсті. Өтініш айта келгендерді мазалаған қаржылай көмек қандай жағдайда берілетіндігін жіті түсіндіріп өтті.
– Әрбір балаға бір реттік ақша берілуі керектігі жөнінде даурықпа әңгімелер өріп жүр. Бұл ақпарат шындыққа сай келмейді. Аталған сома ешбір заңнамамен реттелмеген. ҚР «Білім туралы» Заңының 49-бабына, ҚР Үкіметінің №64 қаулысына қарасаңыздар, жалпыға міндетті оқу қорына бөлінген қаржыны жұмсау міндетінің ата-анаға емес, мектеп басшылығы мен қаржы қызметіне жүктелгені айтылады. Сондықтан, әр мектеп берілген қаражатты ата-ана қалдырған өтінішке сай жұмсайды, яғни қажетті заттарды сатып алып, балаларды қамтамасыз етуі тиіс, — деп түсіндіріп өткен Қарлыға Айсабекқызы келесіде білім бөлімі тарапынан көмекті кімдер алатынын және қандай құжаттар тапсыру қажеттігін жеткізді.
КӨМЕКТІ КІМДЕР АЛА АЛАДЫ?
Біріншіден, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар;
Екіншіден, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, қамқорлыққа алған отбасыларда тұратын балалар;
Үшіншіден, төтенше жағдайға тап болғандықтан шұғыл көмек керек отбасы балаларына.
Егер, жоғарыда көрсетілген санаттарға кірмей, бірақ көмекке мұқтаж болсаңыз, онда сізге мектепке барып өтініш қалдыруға болады. Оны білім беру ұйымының алқалы басқару органы мен әлеуметтік педагог бірлесе қарастырып, шешім қабылдайды.
Жалпыға міндетті білім қорынан көмек тиісті деңгейде көрсетілмесе, онда білім бөліміне келіп арыз қалдыру қажет. Тиісті шаралар қолданылатын болады. Ескертер жайт, көпбалалы отбасыдан шыққан балалар жоғарыда аталған санатқа кірсе ғана осы көмекті ала алады.
ЖАН БАСЫНА ШАҚҚАНДАҒЫ ТАБЫСЫ ЕҢ ТӨМЕНГІ КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІНЕН АЗ ОТБАСЫ ЕКЕНІН АНЫҚТАУ ҮШІН ҚАНДАЙ ҚҰЖАТ ТАПСЫРУ КЕРЕК?
Әлі күнге дейін бірыңғай база арқылы құжаттарды шығарып алу мүмкіндігі болмағандықтан, ата-ананың өздері жинап, тапсырады. Ол құжаттар:
Өтініш;
Отбасы мүшелерінің тапқан табысы туралы мәліметтер;
Балалардың туу туралы куәліктері;
Тұрғын жайы туралы акті т.б.
Кейбір ата-ана әлеуметтік мұғалімнің түсіндіргеніне қанағаттанбаса, мектеп директорына жүгіне алады. Содан кейін қабылдап алынған құжат мектептің комиссиясына жіберіледі. Есіңізде болсын! Құжатты жыл бойы жаңарту қажеттілігін ұмытпау керек. Өйткені кейбір анықтамалар жыл ішінде ескіріп қалуы мүмкін, мысалы атаулы әлеуметтік көмектің шартты немесе шартсыз түріне байланысты.
КӨМЕК ҚАЙ УАҚЫТТА КӨРСЕТІЛЕДІ?
Жазда мектепке, оқушыларға қажетті құралдарды алу үшін «мемлекеттік сатып алу» процесі жүреді. Сол кезде ата-аналардың қалдырған өтініштеріне сай сұраулары қаралып, оқу жылының басында беріледі.
Өтінішті сабақ басталып кеткеннен кейін тапсырғандардың да мәселесі қарастырылады. Жалпыға міндетті оқу қорынан берілетін көмекті алудың қатып қалған мерзімі жоқ. Бірақ, көмектің барлығы бірден, бір мезгілде берілмейтінін ескерген жөн. Кезең-кезеңімен жүзеге асады.
САТЫП АЛЫНҒАН ЗАТТЫҢ САПАСЫ БАҒАСЫНА СӘЙКЕСТІГІ ҚАЛАЙ АНЫҚТАЛАДЫ?
Сапасына байланысты кей ата-аналарда наразылық туындайтыны түсінікті. «Мемлекеттік сатып алу» кезінде қабылдау комиссиясына белсенді ата-аналар кіреді. Тауарды қабылдайтын кезде сапасының бағасына сай, пішіміне, түсіне дейін мән беріледі. Сондықтан, балаға киім-кешек керек болса, тура өлшемі де қоса көрсетілуі керек.
Осы жайттарды егжей-тегжейлі түсіндіріп өткен жауапты сала басшысының сөзіне қанағаттанған белсенділер келесіде бес жасқа дейінгі балаларға мемлекеттен берілетін тегін дәрілерді алудың белгіленген тәртібін сұрады. Ол сұраққа Гүлнар Кеңесқызы:
– Ең біріншіден, емделуші тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаға тіркеуде тұруы тиіс. Және диспансерлік есепке тұрып, учаскелік дәрігерге уақытымен қаралуы керек. Дәрігер ай сайын, немесе айына бір немесе үш рет (аурудың жағдайына қарай) тегін дәріге рецепт жазып береді. Емделуші тек бұйрықпен бекітілген дәрі-дәрмектерді ғана тегін ала алады. Дәрілерде медициналық ұйыммен келісім-шартқа отырған дәріханалардан ала алады. Дәрілерді алу үшін дәрігер жазып берген рецептпен бірге жеке басын куәландыратын құжат ұсыну қажет. Ақпараттық жүйеде рецепттің жазылған уақыты мұқият тексеріледі. Мерзімі өтіп кеткен рецепттер бойынша дәрілерді беруге рұқсат етілмейді. Өзіңізге жақын маңдағы дәріхана туралы мәліметті емдеуші дәрігер айтады, — деп нақты жауап берді.
Кездесуде мұнан өзге интернет жиілігі, интернетке қосылу кезінде көпбалалы аналарға көрсетілетін көмектер, қоғамдық көлік мәселесі де сөз болды.
Меруерт Мәулет
«Талғар»