Өз тіліне өзі ие мекеме

Өз тіліне өзі ие мекеме

Ел аспанына желбіреп тәуелсіздік туы ілінген тұста Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген ұлағатты сөзі барша қазақстандықтардың бағдаршамы іспеттес қабылданып еді.

Міне содан бері 30 жыл өтті, мағы­на­сын бүгінге дейін жоймаған сол сөз кешеуілдеп болса да, кібіртіктеп желсе де дамып келе жатқан қазақ тіліне серпін беріп келеді. Десек те, іс басына келген басшының аяқ алысына қарай «мың құбылатын» іс-құжаттары қазақшаланбай көш ілгері жүрмейтінін түсінсек те кінәлінің кім екенін іздеп шарқ ұрғандай болатындар да бар арамызда…
Жә, бұл басқа әңгіме. Бүгінгіміз таяз ойшылдарға тасқа басқандай етіп сөздерін іспен дәлелдеп жүрген мекеме жайлы әңгіме. Ол 1970 жылы іргесі қаланып, бүгінде халықтың көңілінен шығып жүрген Қызыл-Қайрат дәрігерлік амбулаториясы. Жарты ғасырдан асса да жүйелі жұмысын жолдан шығармай келе жатқан дәрігерлік мекемеде бүгінгі таңда 25 адам жұмыс істейді. Оның төртеуі дәрігер болса, 16-сы орта қызметкерлер, бесеуі кіші буын қызметкерлері. Екі фелдьшерлік акушерлік пункті бар. Біздің көңіл аударғанымыз меке­менің басты қызмет көрсету сапасы емес, ішінара құжаттарының қазақ тілінде жазылуы болды. Кіріс-шығыс құжаттарын қазақша толтырып, буЫлдыр тарта бастаған ұлттық сезімге нәр бергендігі еді. Амбулаторияның меңгерушілігін жуырда ғана жауапкершілігіне алған Қайрат Кәрімұлы да сүрлеу соқпаққа тоқпақ болмай, керісінше қалыптасқан тірлікке қуат берді. Мемлекет басшысының мемлекеттік тіл туралы айтқан  ұлағатты тапсырмаларын терең түсініп, оны жүзеге асыруда ешнәрсе кедергі емес екендігін дәлелдеп берді. Бұл тұста басшыға ұлтжанды қызметкерлері де сеп бола түскендей. Олардың ішінде жалпы тәжіри­белі дәрігерлер Рабиға Оразбайқызы, Махаббат Қайрат­қызы, аға мейірбике Еңлік Талғатқызы, химизатор Кәлия Нұрымжанқызы бар. Ұлттық тілдің шын жанашырларын байқай білген халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Рая Байшықова алғысын білдіріп, алдағы уақытта да ана тіліміздің баяндылығы жолындағы жұмыстарына жеміс тілеп қайтқан екен. Жалпы қазақ тілінің мәселесі күрделене түспесе, жеңілдей қоймайтын медицина саласында ана тілінің мәртебесін көтеріп жүрген мекеме қызметкерлері қандай марапатқа болса да лайық деп білемін. Елде қазір кез келген хабарламаларды екі тілде қатар орындау орын алып бара жатқан тұста көп ішінен көзге түскен мекеменің ісі «Өз тілімізге өзіміз ие болайық!» дегенді анық аңғартып отыр. Дәрігерлердің көмегіне зәрулік туған қазіргі қысылтаяң кезде серпіле жұмыс істеп жатқан мекеме қызметкерлері бұдан кейін де селсоқтық танытпай, өзгеге үлгі бола берсе екен деген тілектеміз біз де.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»