Алаңдатқан ауыз су

Алаңдатқан ауыз су

Ауызсу мәселесі бүгінде әлемнің көптеген елдерін толғандырып отырғаны белгілі. Мамандардың болжамы бойынша, ауызсу мемлекетаралық, еларалық маңызды мәселе ретінде алдағы уақытта да өзінің өзектілігін жоймайды. Өйткені су – тіршілік көзі. Сондықтан бұл мәселені алдын ала шешуді қолға алғанда ғана нәтижелі жұмыс жүріп, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамти аламыз. Әсіресе бүгінгідей жадыраған жаздың аптап ыстығында судың қадірі еселей артатыны рас. Биылғы жаз талғарлықтарға тосын мінезін көрсетіп бағуда. Бірде нөсерлі жаңбырдан тау ағып суымызды ластаса, бірде аптап ыстықтан мұздықтар еріп, өзендеріміз арнасынан асып, тұнығымыз лайланып жатыр. Біраз күннен бері қаламыздың бірқатар аймақтарында тағы ауыз судың тапшылығы орын алған болатын.

Еріген қар суынан Талғар өзе­нін­­де үлкен ағыс орын алып, Нек­расов көшесі аумағындағы дю­керді сындырып кеткен. Бұл ол­қылықтарды жойып, су құбырын қа­лпына келтіру үшін «Талғар су» МКК-ы«Промкамбинат», «Авто­база» аудандарын, «Кірпіш зауыты» аумағындағы саяжайларды, Кеңдала және Азат ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбырын ажыратып, жөндеу жұмыстарына кіріскен болатын. Табиғаттың бұл тосын мінезінен 20 мыңға жуық тұрғын сусыз қалған еді. 30-шы шілде күні «Талғар су» мекемесінің жұмыскерлерінің күшімен таңғы сағат 4-ке дейін дюкердің жұмысы уақытша қалпына келтіріліп, су толық көлемде берілді. Десе де, бұнымен мәселе толыққанды ше­шілді дей алмаймыз.

Бүгінгі күні осы олқылықтардың қайталануына жол бермеу мақса­тында аудандық төтенше жағдайлар желісі бойынша «Қазгидроспас» ЖШС-і мердігерлік компаниясы Талғар өзенінің жағалауын нығай­тып, өзен арнасы ағынының бағытын қайта құрып, дюкерді қалпына кел­тіру бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Сонымен қатар, ау­дан әкімдігі тарапынан Талғар өзені арқылы өтетін су құбырларына қа­тысты апатты жағдайды толық жойып, өзен жағасын күрделі ны­ғай­ту үшін қаражат іздестірілуде. Алдағы күндері бұл мәселе де күн тәртібінен түсіп, оң шешімін табады деген сенімдеміз.

Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар»