«Қабілетті мұғалім деп — соларды ғана атауға болады, кім өте шыдамдылықпен балаға білім бұлағын егетін, қиыншылықпен оны жеңе білетін адамды айтамыз»-деген польяк педагогы Ян Амос Коменскийдің даналық сөзі С.Сейфулин атындағы №2 қазақ орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, кеудесін де: «Білім саласына қосқан үлесі үшін», «Педагог-көшбасшы» медальдары жарқыраған Жаннат Армияқызы Қойгеловаға қаратып айтылғандай. Ол-Тарбағатай өңірінің тумасы.
1988-1993 жылдар аралығында Алматы қаласындағы шет тілдері педагогикалық институтын бітірген Жаннат сан түрлі білім ордаларында дәріс беріп, білімін шыңдап келе жатқан ұстаздардың бірі. Дарынды мұғалім жиырма жеті жылға жуықтаған уақыт ішінде талай-талай талантты шәкірттерді ұядан ұшырған жан. Мәселен, оның ертеректе оқытқан оқушысы Сайда Насирова Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп, бүгіндері сол елде елшілік қызметте жүрсе, халықаралық Олимпиада сайыстарында ерекше көзге түскен Айдана Баймұхамбетова есімді шәкірті қазір Сүлеймен Демирел атындағы университетінің екінші курсында оқып жүр. Облыстық олимпиадаларда сан мәрте оза шапқан Мирас Жұмагелдиев деген оқушысы биыл мектепті бітірсе, Хаким Камилла есімді шәкірті облыстық пән олимпиадасында бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ол қазір осы мектептің 11-сыныбына көшті.
«Халық мектептері үшін ең керектісі -оқытушы, тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары (бағдарламалары) да, әбден мұқият жүргізілетін инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды»-деп қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин пайымдағандай, 2020-2021 оқу жылында Жаннат Армияқызы жетекшілік ететін 11 «в» — сыныбынан Нышанбек Томирис (128 балл), Аружан Қаһарманова (122 балл), Айнұр Шулиенбаева (112 балл), Жания Төлеген (107 балл) деген оқушылары «Алтын белгі» иегерлері атанса, Жания Бейсенбей, Марал Төлегенова деген шәкірттері «Үздік аттестат» иегері атанып, айды аспанға шығарды. «Мұғалімнің қаламының сиясы шаһиттің қанынан да қымбат»- деп Мұхамед Пайғамбарымыздың хадисінде айтылғандай, бір сыныптан төрт –«Алтын белгі» екі – «Үздік аттестат» иегерін шығарған Жаннат Қойгеловаға қандай қошемет көрсетсек те артық етпейді. Абырой биігінде самғай бер, ұлағатты ұстаз!
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»