Қарағанды медицина институтына 1962 жылы оқуға түстім.Экзаменді қазақша тапсырғанмен оқуды орысша оқыдық. Ауылда орысша сөйлесіп көрмеген маған өте қиын болды. Қиналдым, жаттап алатын болдым. Үшінші курста бір де бір сессияны тапсыра алмадым. Институттың тәртібі бойынша мені оқудан шығарады немесе 3-курсты қайтадан басынан бастап оқуым керек болды. Ол үшін 1 жылға академиялық демалыс алуым керек. Ауылға қайтып баруға ұялып уақытша жұмысқа тұрдым. Бір жылдан кейін 307 группаға сабаққа келдім .Мені бірінші қарсы алып жанына отырғызған Туғанбай Жанысбаев. Танысып біліскеннен кейін менің ана тілінде еркін сөйлейтініме риза болып көмектесетінін айтып, «дипломды бұйырса бірге аламыз» дегенде жүрегім орнына түсті.
Жатақханаға ертіп барып өзінің бөлмесінен орын алып берді. Ертеңгі болатын сабақты маған орысша оқытып, өзі қазақша түсіндіріп артынан мұғалім болып менен орысша сұрайды. Бірте-бірте жаттыға бастадым.Экзаменге келгенде асситенттермен келісіп бірінші қатарда жатқан 3-билетті алатындай етіп ұйымдастырып, сөйтіп 4-курсқа өттім.Туғанбай көмегін міндетсінбей жалғастыра берді. Группада С.Рудящкин екеуі үздік оқиды, мұғалімдермен таласып еркін отырады. Орысшаны жақсы үйрене бастадым. Сабақ та жеңілдей түсті. Туғанбай курста лидер, комсомол комитетінде бюро мүшесі, газеттің редколлегиясында, жатақханада студкеңестің төрағасы. Жерлестерінің алдында да беделді, басқа оқу орнында оқитындар жиі келіп ақылдасып, елге баратынын, келгенін айтып отырады. Студенттік өмірде қоршаған ортаға тағдырың көп байланысты екеніне көзім жетті. Үлкен мектептен өттім. Жақсы, жаман жолға түсуің, қалыптасуың достарыңа байланысты екендігін түсіндім. Диплом алғаннан кейін мен үйге келінді бірге апаратын болдым. Тағы да Туғанбай бәрін ұйымдастырып қойды. Баратын адамдардың тізімін жасап, автобус жалдап, керек-жарақ алынды. Ауылға 5 күн бұрын хабар жібердік. Ақтоғай ауданы Қызыларай совхозына таңертең ерте жүріп кеттік. Біз Туғанбайдың сценариі бойынша қырдың тасасына автобусты қалдырып өзіміз жаяу түстік, жанымызда домбырашы, сырнайшы әншілер, үстімізде ұлттық киім, келін де қазақша киінген. Басында сәукеле, жұрт аң-таң, бәрі дауысымызды естіп далаға шықты. Есік алдында шашу шашылып, беташар айтылып, ақ шымылдыққа келінді кіргіздік. Таудың етегі, өзен ағып жатыр, дала толған гүл жағалай аппақ киіз үйлер тігілген. Кешке қарай өзен жағасына жасалған үлкен дастарханға ауылдың үлкен-кішісі, құдалар, қонақтар жайғасып той басталып кетті.
Туғанбай кәсіби асабалардай мақал-мәтелдетіп, үлкен шабытпен қара сөздің қаймағын ағызып, тойды бастап кетті. Құдалардың да міндетін шегелеп айтып шықты. Арасында бізге деген өсиетін де аямады. Есімізде қалған сөздерін айтсам: «отау құрған екі жас бүгіннен бастап құқықтарың 200 пайызға қысқарып, міндеттерің мен жауапкершіліктерің 200 пайызға артады. Үйлену оңай, үй болу қиын ұмытпаңдар! Бүгінгі шынайы сезімдерің сенімге, сенімдерің төзімге айналса ғана шаңырақтарың шайқалмайды. Кешірімді болу басты міндет, ренжіскен екі адамның қайсысы бірінші кешірім сұраса сауабы еселеп артып, жұмаққа жол ашылады. Бәріміз пендеміз ғой, қателеспейтін адам жоқ ,сол кезде ақылдарың алдында, ашуларың артыңда қалсын. Тиышжанның тойы таусылмасын, ұрпағы үзілмесін. Розаның есігінен қонағы арылмасын, қазаны оттан, отағасы аттан түспесін. Өмірдің сәні сыйластық, қалыспаған көңіл, қанағат қарын тойғызады. «Қатын қанағатсыз болса ердің соры, патша қанағатсыз болса елдің соры» деген бабаларымыз. Бәрі өтпелі, өтеді де кетеді. «Тату үйдің тамағы тәтті» деген бар, келген кісіге тамағыңның қабағың қымбат, келінжан»,- дегендерін екеуіміз жиі еске түсіріп отырамыз.
Туғанбай институтта жүргенде тыным таппайтын, ылғи асығыс, уақыты есепте.Түнде жақын орналасқан нан заводына барып нан тиеп, таңертең бізге ыстық нан, сұйық май әкелетін. Қазірге дейін дәмі әлі аузымда. Мереке қарсаңыңда бір жеті кешке қона жатып, атқа жүретін машинаға сурет салып, лозунг жазып, арасында асаба болып той өткізеді, жатақханада қосымша электрик болып жұмыс істейді, қоғамдық жұмыс өз алдына. Эпидемиология кружогына қатысып, кафедра меңгерушісі, профессор П.Попова екеуінің ғылыми тәжірибелік еңбектері газет-журналдарға да шықты. Ғылымға деген іздемпаздығы, талпынысы сол кезден басталған. Кейін жұмыстан қол үзбей соискател болып кандидаттық дисертация қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты атағын алды. Оқу бітіргенімізге 10-20 жылдықты ұйымдастырып, баяндама жасап, бізді телеарнадан да көрсеткен. Ұйымдастыру қабілеті өте ерекше болатын, күрмеуі шешілмеген жерде жол тауып көрсетіп жіберетін.
Жігіттерді жерге, жүзге бөлмейтін, өзінен біреуі сұраса сол саған қажет пе деп аузын бірақ жабатын. Оның түсінігінше қазақтар бірігіп рухани өзгеріп, құлдықтан шығу керек.Ол үшін сана өзгермей қоғам өзгермейді, қоғам өзгермей ұлт түзелмейді. Ана тілінің аясында бірігіп рулық деңгейден ұлттық деңгейге көтерілуміз керек. Әрқашан әділеттікті ту етті, шындыққа күйіп-пісті. Ол достыққа адал, кішіпейіл, қарапайым қалпында қалды. Көреалмаушылыққа, қызғаншақтыққа жаны қас болды. Оны лауазымды қызмет, дүние-мүлік өзгертпеді, сірә тегінде бар қанмен келген қасиет болу керек. Оның тағылымы биік, таңдауы терең, көркемдікті тез көретін ерекше жан. Әңгіме айтқанда билердің, әлем даналарының, философтардың сөзінен мысал келтіріп, әсерлі шешен сөйлегенде жалықпай, ұйып тыңдай бересің және есіңде де жақсы сақталады.
Жезқазған облысы 1973 жылы жаңадан ашылып, Туғанбай Жанысбаев облысқа бас дәрігер болып тағайындалады. Облыста 4 қала, 7 аудан бар. Бәрі талапқа сай емес. Ол тынымсыз еңбек етті, әр ауданға кемінде 1-2 рет келіп, өкімет үйіне кіріп, өзекті мәселелерді шешті. Өзінің іскерлігін, білімін ұйымдастыру қабілетін көрсете білді. Небәрі 3 жылда Республика көлемінде алдыңғы үштікке көтерілді. Оның облыстық коллегияға мүшелігі, облыстық аттестация комиссиясының орынбасарлығы біріккен партия ұйымының хатшылығы беделін арттыра түсті. Өзіне тапсырған жұмысқа аса жауапкершілікпен қарайтын қалыптасқан әдеті, еңбекқорлығы, іздемпаздылығы оны өрге сүйреді. Еңбегі еленді, жылда медицина қызметкерінің күнінде марапатсыз қалған жоқ. СССР-дің денсаулық саласының үздігі, бірнеше медальдармен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Эпидемия өршіген облыстарға барып білімін көрсетіп, тәжірибесімен бөлісті. Жұмысты қорытындылап конференцияда, коллегияда баяндама жасап көзге түсті.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінен 1987 жылы шақырту алып Алматыға орталық аппаратқа ауысты. Облыстарға бригада басқарып барып коллегияға материал дайындап үлкен жиналыстар өткізді. Республикалық, халықаралық ғылыми-тәжірибелі конференцияларда, симпозиумдарда баяндама жасады. Бұл жұмыста да абыройлы еңбек етіп өзін көрсете білді. Қазақстан халқының денсаулығын жақсартуға сүбелі үлес қосты, сый-құрметке бөленді. Өзі биікте жүргенде төмендегі бізді ұмытқан жоқ, достарының көбіне шарапаты тиді. Алға үлкен серпіліс жасап, тәжірибелі ұйымдастырушы атанды. Алматының түбіндегі «Ақ-Бұлақ» шипажайын басқарып, небәрі 3-жылда Қазақстанға танымал белгілі курортқа айналдырды. Өзін басқа қырынан көрсетіп, нарықтың қыспағынан аман алып шығып, өркендетіп, заманауи талапқа сай жағдай жасады. Артына өшпес із қалдырып, білікті іскер ұжым қалыптастырып, құрметке бөленіп елдің алғысына ие болып, Құрметті азамат атанды. Қайда жүрсе де оның араласқан ортасы сенімді, өнегелі, тәрбиелі ұятын жоғалтпаған жандар болды. Қатар жүрген достары жан-жақты, сан қырлы азаматтар. Бұл да өмірдегі тағдырдың сәттілік сыйы екені сөзсіз.
Мен айтқандай, досымның өмір жолы тақтайдай тегіс бәрі жақсы деуге болмас. Өмірдің ой-шұңқыры, батпағы, қайғы-қасіреті де болатыны рас. Сондай кездерде ол қиындықпен күресудің жолын таба білді. Әр кезде жақсылығын аямай, шарапаттың шуағын шашып, алғысқа бөленіп жүрген соң көптің батасы қабыл болып бәле-жаладан аман, абыройы аласармаған шығар. Қашанда әділетсіздікке, өтірік-өсекке шыдамай шыңдықты бетке айтып, шапшаң сөйлеп, шыдамсыздық танытып таяқ жеген жерлерін өзі де жасырмай айтып отырады. Бәріміз пендеміз ғой, кемшіліксіз адам бар ма? Дегенмен ешкімнің сенімін жоғалтпай, адал айнымас дос бола білу де екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен қасиет анық. Біздің достығымыз 50-жылдан асып өмір сырын ұғындырды, көңіл шуағын сезіндірді, қандай сындарда да сынбайтынын көрсетті. Туғанбайдан жақсылардан үйренуді, жамандардан жиренуді, адамдарды алаламай адамгершілігіне қарауды, қолдан келгенше жақсылық жасаудан жалықпауды, жоққа жасымауды, барға тасымауды үйренгенім рас. Жақсы дос әркімнің көркі, беделі, мақтанышы. Досыңңың өзіңнен бір саты жоғары тұрғанына не жетсін. Жас кезінде көшбасшы жігіт ағасы болса, қәзір жасы кемелденіп, білімі тереңдеп, ой-өрісі өсіп, ел ағасы абыз болғанын байқадым. Әңгімелескенде ұлттың рухани байлығы, ана тілі, қазақтың шынайы тарихы, әлем өркениетіне қосқан үлесі, демографиялық үрдіс, жастар тәрбиесі бәрінен жоғары тұруы тиіс екенін кесіп айтты.
Осының бәрі тәуелсіздік алғалы 3 буын өсіп жетілсе де сананың ойдағыдай жетілмеуі, ана тілге қажеттіліктің болмауы болашаққа кесірін тигізетінін анық түсіндім. Шынында ана тіліне қажеттілік болмаған елге шекара керек пе? Түріне қарасаң қазақ, сөзіне қарасаң түсініксіз жастар көбейіп келеді, бұл өте қауіпті. Бәрі қазақи идеологияға тіреліп тұрған сияқты екені мені де ойландырды.
Ол зейнетке шыққаннан бері қарап отырмай бір кәдеге жарап отырайын деп 6 кітапты жарыққа шығарды. Оқырманды жалықтырмай жетелеп отыратын тәрбиелік мәні зор, шығармалары ұрпаққа ескерткіш екені сөзсіз. Әсіресе, «Әке парызы», «Ғибрат» атты кітаптары мектепке қосымша сабақ ретінде сұранып-ақ тұр. Қанда бар қасиет жарыққа шықпай тұрмайды екен, қазір ұрпақ тәрбиесіне бетбұрыс жасағанын байқадым. Іске сәт! Әлі талай пайдалы шығармалар жарыққа шығатынына сенімім мол, қаламы қолынан түспесін. Қайда жүрсе де отбасына амандық, тәуелсіз өмір тілеймін!
Тиышжан Доскеев,
Т .Жанысбаевтың студенттік досы,
Ақтоғай кенті