Қамшының сабындай ғана қысқа өмір сүрсе де, артына өшпестей із қалдырған Жолан Ыбрайахынұлы соңғы қызмет еткен жері Талғар төрінде ұлықталды. Әрине, небәрі 41 жыл өмір сүріп, еңбекқорлығымен дараланған заманының жарық жұлдызына қандай құрмет көрсетілсе де көптік етпейді.
Жастардың көзқарасын өзгертiп, қоғамға жаңа леп, тың идея алып келген Жолан Омаров тек ауданда ғана емес, республика көлемінде көшбасшыс бола білген нағыз іскер азаматтың бейнесін көрсете білді.
Қазақтың даңқты батыры, қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «40 жас — тарихи ерлiктер жасайтын жас» деген. Бiрақ бүгiнде 40 жас түгiлi, осы қырықтың екеуін жасаса да, елдiк, мемлекеттiк, ұлттық мақсаттар мен мүдделерге қол қусырып, бейжай қарайтындар бар. Дегенмен, бұл күнде аға буынға қарап отыратын да кез емес, жиырма бiрiншi ғасыр – жастардың жалындай лапылдап, ұшқын шашып, суырылып алға шығатын ғасыры. Бұл ғасыр – ұлттың сөзiн сөйлейтiн, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, ұлттық мүдденi ту етiп көтеретiн жастардың уақыты. Бұған жалындап өткен марқұм Жолан Омаровтың өмірі дәлел бола алады. Ол өз басына дарыған жiгер-күш пен ақыл-парасатын халқының кемел келешегiне бағыттады. Сарғайған тарих парақтарына көз салсақ, 41 жастағы азаматтың үш ауданға басшылық етіп, халық мүддесіне жұмыс жасағаны тектен-тек болмаса керек. Тұла бойы қайсарлық пен қайратқа, намыс пен жiгерге, ақыл мен парасатқа толы Жолан Омаров халқының кемел келешегi үшiн өмiрiн сарп еттi. Демек, Жолан салған жол сарқылмай, алға баса беретiнi сөзсіз.
Жас болса да бас бола білген Жолан Омаровтың есімімен байланыстыра ұйымдастырылған мәдени-көпшілік, танымдық-тәрбиелік, тағылымдық жиындар да жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. «Жолан жұлдызы» кітабының тұсауы алғаш Талғар топырағында кесілсе, Жолан Омаров атындағы мемлекеттік қызметшілер арасында байқау өтіп, арда азаматтың асыл қасиеттері кеңінен насихатталды. Мінеки, бүгінгі «Жарқ еткен жасын ғұмыр» атты марқұмды еске алу кеші осы шаралардың бір парасы. Орыны бөлек оғланның ортамыздан кеткеніне жыл толуына орай еске алу кеші карантиндік талаптардың сақталуын негізге ала отырып онлайын форматта өтті. Айтулы кешті аудан халқы мәдениет бөлімінің әлеуметтік желідегі инстаграмм, фейсбук парақшаларындағы тікелей эфир арқылы тамашалаған болса, кешке арнайы шақырылған қонақтар zoom қосымшасы арқылы Жолан Омаров жайлы естеліктерін айтып, өз ойларымен бөлісті. ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, марқұмның жақын араласқан ағаларының бірі Жанарбек Әшімжан байланысқа шығып, оның қызмет жолын, адами қасиеттерін есіне алды. Сонымен қатар, ақын, журналист «Жолан жұлдызы» кітабының құрастырушылары Бақыт Жағыппаров пен Дүйсен Мүсірәлі, марқұмның асыл жары Тоғжан Нұрболатқызы, ауданның құрметті азаматы Найля Үмбетова, аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұн, бұрынғы әріптесі Дәрменияр Қыдырбекұлы, облыстық мәслихат депутаты Сұлтан Нұрдәулетов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Дария Кеңесжанқызы сынды бірге қызметтес, аға-бауыр болып араласқан жандар байланысқа шығып, өз пікірлерін білдірді. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жұмахан Еңкебайұлы, аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Матан Бекбосынов, қоғам белсенділері Құндыз Хасанова, Галина Арзамасова, Жанна Липатовалар да сахна төрінде егіле еске алса, ақын Бексұлтан Көлбаев жүрекжарды өлеңін оқып, көрермен қауымның жүрек қылын қозғап өтті.
Жолан Омаровтың жақсылығын жарыса айтып, пікір білдіруге қолқа салғандардың да қарасы көп болды. Солардың ішінен суырылып шыққан көпбалалы ана Кеңдала ауылының тұрғыны Камшат Нұрданбекова байланысқа шығып, Жолан марқұмның ықпалымен баспанаға қол жеткізгенін айтып, марқұмның иманы жолдас болуына тілектестігін білдірді.
Айтулы кеште ақын Нұрлан Оразалиннің «Нар тұлға» өлеңіне Думан Абдрахманов ән жазып, нақышына келтіре орындаса, ақын Кәмнұр Тәлімұлының сөзіне жазылған «Арысымай» әнін Мұратбек Сарыбасов шырқады. Өзге де аудан өнерпаздары асыл азаматқа деген сағыныштарын әнмен, күймен жеткізіп, кештің көркін кіргізді.
Алыстаған таудың биіктейтіні секілді, сынаптай сырғыған уақыт өткен сайын өңмеңдегі өксіктің салмағын ауырлата түсуде. Жас кәріге қарамай аңқылдаған арда ұл, майталман басшы қысқа ғана жұмыс жолында қараша халықтың көңіл төрінен орын ала білді. Даңқты ұлдың еңбегі уақыт өткен сайын санамызда жарқырай түспек. Алып денелі, арлан мінезді арда азаматтың ажал құрығына ілінуіне індет себеп болды. Мезгілсіз келген келместің кемесі арыстай ұлды аңсатып кете барды. Бір кем дүние…!
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»